– Нұрхан Ақылбекұлы, кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын! Әңгімемізді мамандық таңдаудан бастасақ. Бала арманы кей адамды ұшқыш, ғарышкер болуға жетелейтіні анық. Сізге жолсерік мамандығын таңдауға не себеп болды?

– Балалық шақта әрқилы маман иесі болуды армандайтынымыз шындық. Менің де мамандық таңдауда таңдау-шешімім сан тарапқа кеткенін жасыра алмаймын. Бірде полицей болуды мақсат тұтсам, енді бірде дәрігер атануды қаладым. Алайда ер жетіп, сана-сезім қалыптасқан шақта таным-білігіңе сай мамандық таңдайтын кез келеді емес пе?! Осындай сындарлы сәтте жаңылыспай, техникалық салаға бет бұруды жөн деп таптым. Арман жетегімен Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің түлегі атандым.

Осылайша, 5 жыл бұрын теміржол саласының қыр-сырын жете зерттеп, жолсерік жұмысының мән-маңызын бағамдай бастадым. Көп өтпей, 2018 жылы теміржол саласындағы алғашқы еңбек жолым басталды. Қазіргі таңда «Марал-Нұр» ЖШС-де жолсерік болып қызмет істеймін.

– Теміржол саласының өзіндік қиындығы бары белгілі. Ал жолсерік болудың ауыртпашылығын атап өтсеңіз…

– Әрине, әр саланың өз кемшілігі мен артықшылығы бар. Жолсерік үшін ең басты жүк – жауапкершілік. Жолаушылардың қауіпсіздігін қадағалау, вагон ішіндегі техникалық базаның кідіріссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету басты міндетке айналған. Оның үстіне күн-түні станциядан жолаушыларды түсіріп-міңгізу үшін қырағылық қажет. Осының барлығы жолсеріктен жауапкершілік пен білікті талап ететіні айтпаса да түсінікті. Алайда, бұл саладан алшақтауға себеп емес. Аталған жұмыс түрлі адаммен байланыс орнату, қоғамдық өзгеріске куә болу, адамдардың қарым-қатынасы мен мінез-құлқын «ә» дегеннен аңдауға бейімдейді. Сондықтан, жолсерік жолаушының көмекшісі ғана емес, сан саланы тоғыстырған маман дегім келеді.

– Қызмет барысында түрлі қалада болып, қилы адам кезігеді. Әр аймақтың тұрғындарының мінез-құлқы, болмысындағы ерекшелікті байқай алдыңыз ба?

– Дұрыс айтасыз. Географиялық ерекшелік өзгерген сайын адамдардың мінезі, ойлау қабілеті, тіпті тілі де өзгеретініне куә боламыз. Қарапайым адамға білінбегенімен, апта сайын түрлі облысқа сапарлайтын жолсерік үшін мұндай ерекшелік бірден айқындала түседі. Айтып өткенімдей, біздің мамандық сан бағытты тоғыстырған. Соның ішінде адамдармен қарым-қатынас, психология саласы жақындау. Сол себепті өзгерісті тез байқауға жол ашылады. Мәселен, Қызылорда-Павлодар бағытында сапар шеккенде аймақтардағы адамдардың өзара тілдік, мінез өзгерістері байқалады. Қызылордалықтардың басым дені қазақ тілінде сөйлеп, мінезі ашық болса, Павлодар тұрғындары орысшаға жақындау әрі өмір сүру дағдылары бөлек.

– Халық арасында пойыздардың сапасына көңіл толмастық басым. Теміржол саласындағы жолаушылар тасымалы көрсеткішіне қандай баға берер едіңіз?

– Кемшіліксіз сала болмайтыны белгілі. Алайда, қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, өзгеріске ұмтылса, кез келген олқылықты түзетуге болады деп санаймын. Бұл ұстаным теміржол саласына да қатысты. Вагон, сервис көрсеткіші мүмкіндікке қарай жыл сайын жаңарып, үздіксіз даму үстінде. Сондықтан алдағы уақытта жолаушылардың талап-тілегін толық қанағаттандыратын дәрежеге жететініміз анық.

Осы орайда маңызды жайтты атап өткім келеді. Халықпен байланыс орнату, көпшілікпен жұмыс істеу қашанда қиын. Бәріне бірдей жағып, көңілден шығу да мүмкін емес. Басты мақсат – әлемдік стандарттарға қарай бой түзеп, сала жаңалықтарын уақытылы енгізу. Сонда ғана сыншылар да, халық та риза болмақ.

– Әріптестеріңізге мерекелік лебізіңізді білдірсеңіз.

– Теміржол саласындағы мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Ел өмірінде ерекше орын алатын бағытта абыройға кенеліп, саланы өркендету жолында білім-біліктеріңізді көрсете білуге тілекшімін.

– Әңгімеңізге рақмет! 

  Сұхбаттасқан: Ерсін Шамшадин

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!