Қазір кофе тек сусын емес, өмір сүру салтына айналды. Әлемде бұл индустрия қарқынды дамып, тұтынушылар қатары жыл сайын артып келеді. Қазақстан да осы үрдістен шет қалмады. Ал бұл нарықта сырбойылық кәсіпкерлердің де өз орнын тапқаны қуантады.

Мәселен, жастардың жылы мекеніне айналған «Well Coffee» идеядан бизнеске өрбіген сәтті кейстердің бірі. Екі жыл бұрынғы сұхбатта кофейняның негізін қалаушы Фархад Орынбасар Қытайда алған білімі мен тәжірибесін қолданып, Қызылордада идеясын іске асырғанын баяндаған еді. Жуырда жас кәсіпкермен тағы да байланысқа шығып, соңғы өзгерістер мен кәсібінің қазіргі
жағдайы туралы әңгімелестік. Осы уақыт аралығында бизнестің бірнеше нүктесі ашылғанын айтты.

– Иә, алғашқыда бір кофейнямен кәсіп бастадым. Қазір Қызылордада «Well Coffee»-нің төрт нүктесі бар. Жақында бесіншісі ашылады. Басқа қалалардан ашуға ұсыныс түсіп жатыр. Бірақ мұндай масштабқа әлі ерте секілді. Алдымен Қызылорданың нарығында мықты бекіп, дамысақ дейміз. Ал франшиза уақыттың еншісінде, – деді ол.

Фархад Орынбасар 2016 жылы студент атанып, Қытайдың Ухань қаласында IT маман ретінде білім алды. Сұхбат барысында сол кезеңді еске алып, жылы естелігімен бөлісті.

– Қытайда жүргенімде логистика саласында жұмыс істедім. Сол жақтағы тәжірибем, менеджерлік қызметім – бәрі бүгінгі кәсібімнің негізін қалады. Сондай- ақ, «bubble tea» сатумен айналыстым. Сол кезде кофейня сегменті маған қызық әрі оңай болып көрінді. Елге оралған соң бұл бизнесті бастауға бірден бел будым. Әрине, кәсіп бастау оңай оңай емес. Локация таңдауда қателіктер болды, қаржылық есептеулерде де қиындықтар кездесті. Бірақ уақыт өте келе бұл мәселелердің барлығынан өттік. Қателіктер бізді жігерлендіріп, дамуға итермеледі.

Бизнес ашу бала күнгі арманым емес еді. Кәсіпкерлікке деген қызығушылық кейінірек, Қытайда оқып, сол жақта жүргенімде пайда болды. Жан-жақты тәжірибе жинап, кәсіпкерлердің жұмысын көргеннен кейін ғана өзіме осы жолды таңдау керек екенін түсіндім, – дейді Фархад.

Бүгінде ол кофейнялар желісімен қатар бірнеше жобаларды қолға алған. «Ybyrai» ұлттық мектебі, «125 High school Kyzylorda» және жақында ашылған «STEM school»-мен бірге жұмыс істейді. Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану саласында жаңа жобалар жасауды жоспарлап отыр.

Сұхбаттардың бірінде ол «Кәсіп бастауда, жалпы қай істі болсын формула арқылы жасау керегін түсіндім» деген еді. Ал «Well Coffee» үшін ол қандай формула қолданды?

– Иә, бұрынғы сұхбаттарда осылай айтқаным бар. Кәсіптегі формуланың бірі – дұрыс орналасу, нақты миссияны анықтау, тәуекел өлшемін дұрыс есептеу. Мен де осы формуланы пайдаландым. Алдымен мақсатыңызды нақтылап алуыңыз керек. Сонымен қатар, жоспарыңыз ұзақ мерзімді болуы тиіс. Кем дегенде 10-20 жылға жоспар құрыңыз. Ең бастысы – тәуекелді дұрыс өлшеп, соған сәйкес қадам жасау. Егер тек ақшаны құндылық деп санасаңыз, бірнеше жылда-ақ бизнесіңізден айырылып қалуыңыз әбден мүмкін.

Кәсіп бастау барысында бастысы эмоцияға берілмеңіз. Ғалымдар да жұмыс барысында бірінші тәжірибе жасап көреді емес пе? Содан кейін ғана нәтижесін анықтайды. Бизнесте де дәл солай. Мен кәсіпті бастағанда алдымен локацияға, яғни орналасу орнын таңдауға ерекше мән бердім. Мысалы, алғашқы нүктелерді ашуға дейін біз барынша қаланы зерттеуге тырыстық. Біздің алдымызда «Ақмешіт» немесе «Сырдария» ауданынан ашу таңдауы тұрды. Нәтижесінде «Ақмешіттен» кофейня аштық, ол әлі күнге дейін сәтті жұмыс істеп тұр. Яғни, миссияңызды анықтау, тәуекел өлшемін дұрыс есептеу және бизнес жүргізетін орынды дұрыс таңдау қажет, – деп атап өтті ол.

Бүгінде адамдарды таңқалдыру қиын. Бұл орайда «Well Coffee» қандай жұмыс атқарып жатыр? Ал мәзірде ерекше сусындар бар ма? Бұл сауалымызға да жауап алдық.

– Иә, біз әрқашан тұтынушыларды қызықтыру үшін түрлі тәсілдер қолданамыз. Мысалы, Б.Өсербаев көшесінде орналасқан нүкте әуелден-ақ жастардың бас қосуына, уақытын тиімді өткізіп, кітап оқуға қолайлы жер ретінде ашылды. Қазір де сол бағытта жұмыс істейді. Кітаптардың барлығы құнды білім беретін еңбектер. Бірақ ол нүктені биыл қаңтарда франшиза есебінде тәжірибе жүргізу үшін саттық.

Біз кофейняны ыңғайлы жерден ашып, мәзірді жиі жаңартып, форматты өзгертіп отырамыз. Сол арқылы да клиенттердің қызығушылығын сақтаймыз. Авторлық рецептеріміз бар. Мысалы, «балды латте» біздің ерекше сусындарымыздың бірі. Смузи мен милкшейктерді де өзіміз ойлап таптық. Сондай-ақ, таргет жарнамасына емес, амбассадорлыққа мән береміз.

Кофе бағытын ұтымды бизнес деп санаймын. Халықтың тұтыну мәдениеті дамып келе жатыр. Сондықтан осындай орындарға сұраныс жоғары. Фрилансерлер үшін де кофейнялар жайлы жұмыс орнына айналып отыр. Бұл бизнес әлі де дамиды.

Кофе дәндеріне келсек, бұған дейін бірнеше компаниямен жұмыс істедік. Бірақ Қарағандыдағы компанияға тоқтадық. Олар жеткізетін кофе дәндері сапалы. Жемістегі дефект сияқты кофе дәндерінде де ақаулар болады. Оны қанша қуырсаң да, біз қалаған дәм шықпайды. Сондықтан сапаға басты назар аударамыз.

Жұмыс барысында ұжымның да орны ерекше. Қызметкерлерді таңдау процесіне мен тікелей қатыспаймын. Менің жанымда команда жасақтап, олардың жұмысын бақылайтын және сыртқы коммуникацияларға жауап беретін менеджерлер бар. Әркім өз міндетін жақсы білетіндіктен, команданың жұмысы да үйлесімді жүреді, – дейді Фархад.

Әңгіме барысында енді ашылатын жаңа нүкте туралы толық сұрадық. Ол «Global Coffee»-ның жанынан ашылады. Кейіпкердің айтуынша, бұл − психология.

– Мысал ретінде қарастырсақ, егер университетте «Сoca-cola»-ның ғана автоматы болса, тұтынушыларда тек екі таңдау болады. «Иә» немесе «жоқ». Олар сол сусынды сатып алады, не алмайды. Егер басқа да автомат орнатылса, таңдау көбейеді. Халық «аламын, алмаймын» деп емес, «қайсысын сатып аламын?» деп ойланады. Оларда «жоқ» деген үшінші жауап болмайды. Бізде де солай. Бәсекелестік болғанымен, дұрыс жерден ашылса, клиент табылады. Адамдарды таңғалдыру қиын. Сондықтан адам көп жиналатын, халыққа ыңғайлы жерде болу керек. Жаңа нүктенің қасында автотұрақ, басқа да қолайлы жағдайлар қарастырылған. Мысалы, қалада KFC ашылған уақытта барлығы басқа дүкендер жабылады деп ойлады. Бірақ керісінше, олардың сатылымы өсті. Сондықтан бұл мәселеге де басқа көзқараспен қараған жөн, – дейді Фархад Орынбасар.

Жас кәсіпкер шетелге көп саяхаттайды. Сол уақытта да нарықты зерттейтінін айтты.

– Әр елдің кофе мәдениеті әртүрлі. Мысалы, Тайландта салқын кофе ерекше танымал. Оны көп тұтынады, басты назар сол бағытқа қойылған. Кореяда кофеге сусын ретінде қарайды, Қытайда да солай. Ал Еуропада керісінше, қара кофе басым. Олар кофені жақсы түсінеді, оны жай ғана сусын емес, мәдениет ретінде қабылдайды. Еуропада адамдар кофейняда екі-үш сағат отырып, уақыт өткізеді. Бұл олар үшін қалыпты жағдай.

Дубайда жағдай өзгеше, онда Starbucks секілді мас-маркет форматтары кеңінен дамып келеді. Онда кофенің қасына тәттілер қоса сатылады. Азияда кофе сусын ретінде қарастырылады, ал Еуропада күн сайын таңертең кофе ішу – өмір салты. Бізде де кофе көбіне сусын ретінде қабылданады, сондықтан түнгі екіге дейін жұмыс істейміз. Ал Еуропада кофейнялар сегізде жабылады. Олардың көзқарасы басқаша, – деді ол.

Әр бейсенбіде корица қосылған кофе ішу байлық пен сәттілікке әкеледі деген наным бар. Әлеуметтік желілерде де жиі айтылады. Қызық, мұндай дәстүр кофені одан әрі ерекше ету үшін ойлап табылды ма, әлде расымен іске аса ма? Фархадтың пікірін білдік.

– Шынымды айтсам, мұндай наным туралы білмеймін. Бірақ бұл кофе сатылымын арттыру үшін ойлап табылған маркетингтік тәсіл секілді, – деп жауап берді.

Қорытындылай келе, кофе бизнесінің тұрақты дамуы үшін сапалы өнім, ерекше қызмет көрсету және тұтынушылармен тығыз байланыс орнату маңызды рөл атқарады. Оған қоса, нарықтың сұранысын ескере отырып, жаңа дәмдер мен ерекше рецепттерді ұсыну кәсіптің табысты болуына ықпал етеді.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!