Ел жастарын ынталандыру мақсатында 1992 жылдан бастап «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын беру дәстүрге айналды. Бүгінде 264-тен астам талантты жас сыйлықтың лауреаты атанды. Биыл да игі бастама жалғасын тауып, журналистика саласы бойынша «Hi-Tech» және «Сенат сөзі» бағдарламасының жүргізушісі Рауан Мыңбаев марапат биігінен көрінді.

Рауан Ерұзақұлы, «Хабар24» телеарнасының тілшісі:

Журналистика – өнер

– Марапатыңыз құтты болсын! Қандай әсерде болдыңыз?

– Рақмет. Бұл ең алдымен – өзім секілді жас журналистерді ынталандыра түсетін сый деп ойлаймын. Әрі зор жауапкершілік жүктейтін марапат. Осыған қол жеткізуге мүмкіндік берген «Хабар» агенттігіне, оның ішінде «Хабар 24» телеарнасы мен әріптестеріме алғысым шексіз. Мен үшін осы артылған жауапкершілікті көтеріп жүру, сенім мен үдеден шығу – үлкен міндет.

– Сізді Алматы облысының тумасы деп естиміз. Қызылорда облысына қалай келдіңіз?

– Рас, Алматы облысы Ұзынағаш ауылында туғанмын. Әке-шешем оқу және жұмыс бабымен Семейде, сосын Алматыда тұрды. Әпкем Семейде дүниеге келді. Ал мен Алматыда. 5 жасымда Қызылордаға көшіп келдік. Әке-шешем туған жерге қоныс аударды. Ата-бабам тамыр жайған өлкеде балабақша, мектеп, колледж, университет тәрбиесін көрдім. 

– Журналистика саласына қандай дайындықпен келдіңіз? Жалпы бұл сала несімен ұнайды?

– Мен телевизия әлеміне 2010 жылы қадам бастым. Бойда жасқа тән албырттық бар. Ақыл тоқтатпаған студент кез. Облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасына келдім. Қарашаңырақтың басшысы Жағыппар аға Қарабаланың жетекшілігімен арна дамудың түрлі кезеңінен өтіп, ақпарат айдынында ойып орын алды. Медиа майталманына айналған ағамыз әлі де ұжымды ұйытып отыр. Ол кісіге айтар алғысым шексіз. Осы берекелі ұжымның ортасына келгеніме шүкір етемін. Талай талант шыққан бұл жерден тележурналистиканың не екенін үйрендім. Тұтас университет беретіндей тәлім алдым. Студент Рауанға білдей арнаның жаңалықтарын тізгіндеу бұйырды. Жүргізушілікпен қатар, тілшілікті де қоса атқардым. Ақпарат алаңында жүріп, көргенім, көкейге түйгенім көп болды. Тәрбиелендім. Осы тұста, жол сілтеп, тәлім берген алдыңғы буын аға-әпкелерім ризашылығымды білдіремін.

– «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында қызметіңізді енді бастаған уақытта есте қалған оқиғаңызбен бөліссеңіз?

– «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасымен байланысты қызықты естеліктер көп. Бастапқыда телеарна әлеміндегі терминдерді жаттау қиынға соқты. «Шапка», «синхрон», «зкт», «подчитка», «титр», «отводка», «сюжет» тағысын тағы солай кете береді. Эфирге шығып немесе мәтін жазарда әлгі терминдер санамда сапырылысып жататын. Ерекше бір еске қалатын сәт – Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті көрген кезім. Шиелі ауданында ұлы тұлғаның келуін күтіп, қуана қарсы алып едік. Жүздесу өз алдына, сұхбат ешқашан естен кетпейді. Батыр тұлға Сағадат Нұрмағамбетовтің алдында микрофон ұстап тұрамын деп мүлде ойламаған едім. Қатты қуандым. Үйге оралған соң ата-анама айтып, әбден марқайдым. Сол сұхбат телеарна мұрағатында әлі де сақтаулы.

– Сіз жүргізетін «Сенат сөзі» бағдарламасының ауқымы қандай? Бұл бағдарламада халық көтерген мәселелер қаншалықты шешімін тапты. Осыған толығырақ тоқталсаңыз?

– Бағдарлама аптасына бір мәрте жұма күні шығады. Халықтың көкейіндегі сұрақтарды көтеріп, жаңадан қабылданған заңдарды түсіндіреміз. Әзірге 15-ке жуық қана шығарылым дайындалды. Соның барлығында да айтылған ұсыныстар жауапсыз қалған жоқ. Бағдарлама жарыққа шыққан күннен бастап Youtube әлеуметтік желідегі қараламы да артты. Демек, үлкен шығармашылық топтың еңбегінің нәтижесі деп білемін.

– «Hi Tech» бағдарламасындағы тың ақпараттарға қалай қол жеткізесіз? Бірнеше тіл меңгергенсіз бе?

– Бұл хабарға да үлкен ден қоямын. Жоғары технологиялар жайлы тың ақпар беруге тырысамыз. Қазақстандық көрерменді отандық және шетелдік компаниялардың үздік өнімдерімен таныстыру керек. Бір жағынан танымдық хабар дайындаған өзіме ұнайды. Ақпаратты жан-жақтан іздейміз. Ал өзге тілдерге қатысты білімімді әлі де жетілдіре түсуім керек.

– Екі бағдарламамен қатар жаңалықтар қызметінде де жұмыс істейсіз. Бәріне қалай үлгересіз?

– «Хабар 24» ақпараттық телеарна болған соң, оған сюжеттер әзірлеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жасаған дүниең жан-жақты болуы тиіс. Пандемия кезінде «Хабар 24» телеарнасының маңызы арта түсті. Тек біздің арна тәулік бойы жұмысын жалғастырды. Халық маңызды ақпараттарды бірінші болып бізден естіді. Қазір де сол биігінен түскен жоқ. Сондықтан мен үшін жаңалықтар бөлімінде жұмыс істеу – ең басты міндет. 

– Пандемия демекші, әлем 2022 жылға дейін бұл індетпен күреседі деген болжам бар. Осы кезеңде БАҚ саласында қандай өзгерістер болуы мүмкін?

– Білесіз, қазір өмірімізге цифрлық жүйе дендеп енді. Енді біз де замана талабына сай икемделе білуіміз керек. Бұл дегеніміз, журналистика да сандық форматта дамуы қажет деген сөз. Қашықтан жұмыс істеу қазір кең тарады. Әсіресе, мұны өзіңіз айтқан пандемия кезінде қатты сезіндік. Өзіміз де «Skype», «ZOOM» платформаларымен сұхбат жаздық. Осы жүйенің өрісі кеңеймесе, тарылмайды. Меніңше, БАҚ саласында осы бағытта ауқымды өзгерістер болмақ.

– Мемлекет Басшысының шетелге сапары барысынан сюжеттер дайындайсыз.  Қызықты есте қалған оқиғаңыз бар ма?

– Иә, Президент пулында жүрген кезімде Мемлекет Басшысының сапаларына жиі жіберетін. Бізге жүктелетін міндет – Мемлекет Басшысының қызметін, жүргізген келіссөзін ақпараттандырып, елге тигізер пайдасын жан-жақты қырынан көрсету. Әлемнің бірнеше жеріне бардық. Нью-Йорк, Бейжің, Мәскеу, Санкт-Петербург, Сочи, Қазан, Берлин, Хельсинки, Ташкент, Бішкек сынды ірі шаһарларға табаным тиді. Барлығы да қызықты әрі есте қалған сәттері көп. АҚШ-қа барған кез ерекше есте сақталады. Мұхиттың арғы жағына жеткен бойда қауырт жұмыс басталып кетті. Нью-Йорк төрінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 74-сессиясы және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет Басшысы ретіндегі алғашқы сапары аясында әлем көшбасшыларымен кездесуі өтіп жатты. Уақыт айырмашылығы қатты сезілді. АҚШ-та түн, Қазақстанда күн. Яғни күні бойы қазақстандық көрерменге ақпарат жеткізу үшін түні бойы жұмыс істеу керек. Келіссөз бітеді, жауапты тұлғалар сұхбатын береді, одан кейінгі жұмыс бізге жүктеледі. Сол сәтте бірнеше тікелей қосылымға шықтық. Сюжет әзірлеп, эфирге бердік. Қазақстандағы жауапты редакторларым да әркез байланыста болып, қадағалап отырды. Әлемдік деңгейдегі шара, яғни Біріккен Ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы өтіп жатқан алаңға еніп, жаһандық қауіпсіздік мәселесі шешілетін диалогтарға куә болдық. Әлемдік саясаттың күрмеуі қиын күрделі проблема екенін, өзіндік иірімдері мен бұралаң-түзу жолдары бар екенін түсіндік.

– Ақпарат беруде қай елдің тәжірибесі көңіліңізден шықты?

– Өзім еңбек ететін тележурналистика саласын айтайын. Тележурналистика мемлекетпен, қоғаммен бірге дамитын сала. Мемлекет қаншалықты қуатты болса, ол да соншалықты әлеуетті. Сосын бәсекелестік бұл салада маңызды рөл атқарады. Мәселен, АҚШ-та демократтар мен республикалықтар бір-біріне қарама-қайшы позицияны ұстанатын екі телеарнаға иелік етеді. Ашық түрде пікірталастар ұйымдастырады. Өзекті проблемаларды шешуге атсалысады. Бір-бірінің осал жерін іздейді. Телеарна арқылы жариялайды. Олар үшін бұл қалыпты жағдай. Америка халқының пікірі қақ жарылған сәттер тарихта көп болған. Бәсекелестік болса, қоғам дамиды деген ұғымды ұстанады. Ал егер тұтас елге, қауіпсіздікке қатысты мәселе туындаса, онда олар бірігудің жолын біледі.

– Билік қай тілде сөйлесе, халық сол тілде сөйлейтіні белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру қажетін айтты. Осы мәселеге қатысты пікіріңіз қандай?

– Сұрағыңыз орынды. Тіл мен ұлт егіз ұғым. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп Ахмет Байтұрсынов атамыздан асырып айта алмаспыз. Негізінде мемлекеттік тіл бұрыннан ұлтаралық қарым-қатынас тілі саналады. Мұны Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да Жолдауында тайға таңба басқандай айтты. Мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуді шегелеп тапсырды. Сондықтан бізде биліктің қай тілде сөйлейтіні шешіліп қойған. Оған өзіміз де куәміз. Мемлекет Басшысының қатысуымен өтетін жиындардың дені қазақ тілінде өтеді. Үкімет отырыстары да мемлекеттік тілде өрбиді. Осының бәрін бағамдай келе, ана тіліміздің келешегі кемел деп нық сеніммен айта аламын.

– Футболдың жанкүйері екеніңізді білеміз. Қай команданың ойыны ұнайды. Отандық футболдың дамуына көзқарасыңыз?

– Футболды тамашалаған ұнайды. Қазіргі әлем футболы қарқынды дамып кеткен. Бала кезімнен тарихта ең үздік футболшы санайтын португиялық жұлдыз Криштиану Роналдудың ойынына, әрқашан өз ісінің үздігі болуға ұмтылатын ерік-жігеріне тәнтімін. Қазақстан футболының да үлкен жанкүйерімін. Әрбір жеңісіне қуанып, сәтсіздігіне қапаланамын.

– Естуімізше, шетел әдебиетіне деген қызығушылығыңыз жоғары. Соңғы оқыған кітабыңыз қандай? Несімен есте қалды?

– Шетел әдебиетінде танымал қазақ қаламгерлерінің жазу стиліне әсер еткен атақты жазушылардың кітабын оқыған ұнайды. Тарихта классик аталып кеткен шығармаларды оқып шығуға тырысамын. Қазақ әдебиетінде Ілияс Есенберлин, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкей, Төлен Әбдіктің еңбектерін оқыдым. Әлі де парақтап жатқан кітаптарым бар.

– Жігітке жеті өнер де аз. Көпшілік біле бермейтін тағы қандай қырыңыз бар?

– Өзім сүйіп таңдаған журналистика саласында еңбектенудің өзі – нағыз өнер дер едім. Мұнда жан-жақты қырыңнан танылуға мүмкіндік көп. Ең бастысы, халықты толғандырған түйткілдердің шешілуіне үлес қосу керек. Тележурналистикада сан түрлі жанр бар. Мен әзірге ақпарат алаңында жүрмін. Басқа да бағыттарын үйренсем, жігіттік жеті өнерді меңгергенім болады (күліп).

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!