Фото: ашық дереккөзден алынды

8 наурыз десек, бүкіл әлем бойынша тойланатын, бүкіл әлем бойынша аталып өтілетін Халықаралық мейрам – «Әйелдер» мейрамы еске түседі. Әйелдер туралы өлеңдер жазылып, әйелдер туралы ән де шырқалып жатады.

Жалпы, әйелдер мерекеcі күні туралы алғашқы деректер Көне Рим дәуірінде-ақ болғандығы жайында нақты ақпараттар бар. Екі мыңнан астам жыл бұрын бұл мереке еркін дүниеге келген әйелдер күні ретінде көктемнің алғашқы күндерінде аталып өтілетін. Сондықтан да римдіктер отбасы ошағының желеп жебеушісі Веста құдайының шіркеуіне барып, мінәжат ететін еді. Ер азаматтар өздерінің аналарына, әйелі мен қыздарына, апайларына түрлі сыйлықтар тарту етеді.

Дәл осы кезеңге шамалас, біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырында қазіргі Вьетнам жерінде әйелдерге ізет көрсетуге бағытталған мейрам дүниеге келді. Мереке Хань империясына қарсы азаматтық күресіне басшылық жасаған апалы-сіңлілі Чынгтардың құрметіне орай аталып өтіле бастады. Апалы-сіңлілі қыздар жау қоршауында қалып, тірідей тұтқынға түспеу үшін өзенге батып кеткен еді. Сол кезеңнен бастап вьетнам әйелінің батырлығы аңыздар мен тарихи әңгімелерде кеңінен дәріптеліп келеді.

Италияда 8 наурыз мерекесін тек нәзік жандылар ғана мерекелейді. Бұл күні ресми демалыс күні емес. Бірақ кешкісін мейрамханалар мен дәмханаларда тек қана әйелдердің бас қосып, мерекелерін атап өтетіндігін байқауға болады. ТМД-ның бірқатар елдерінде бұл мереке ресми мәртебеге ие және демалыс күні болып есептеледі, 8 наурыз күні әйелдер қауымына ерекше көңіл-күй сыйлап, оларға гүл шоқтары, сыйлықтар беріледі, отбасында көбіне әйелдер шаруашылық әрекеттерінен босатылады. Бұл мереке атауында сәл де болса өзгерістер бар. Мәселен, Тәжікстанда 8 наурызда – Аналар күні кеңінен аталып өтіледі. Ал, Грузияда 8 наурызды 3 наурызда өтетін Аналар күніне ауыстыру көзделген еді. Дегенмен бұл екі мейрам да әлі күнге дейін бұл елде кеңінен аталып өтіледі.

Зерттеу нәтижелеріне қарағанда, біздің елімізде дәл осы күні нәзік жандарға гүл, әшекей бұйымдар, зергерлік бұйымдар, жұмсақ ойыншықтар, дизайнерлік киім-кешектер және иіссулар сыйға тарту кеңінен тараған.

Қорыта айтқанда, «xалық айтса, қалып айтпайды», «ел құлағы – елу» демекші, бірнеше ұлттар арасында таралып кеткен бұл аңыздар 8-наурыз күнін «Халықаралық әйелдер күні» деп атауға еш кедергісін тигізген жоқ. Ал оны тойлау, әлде тойламау әркімнің өз еркінде. «Әйел» атаулыға сыйлық сыйлап, көңілдерін қуанту үшін бір күннің болуы міндетті емес. Себебі, әйелдер әр күні бақытты болуға лайықты емес пе?

Ақерке КЕНЖЕБЕК,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!