«Абай жаққан бір шырақ сөнбес үшін…» тақырыбында Абай Құнанбайұлының шығармашылығын жастар арасында насихаттауға арналған кеші өткізілді

Жалағаш ауданында Халықаралық жастар күні мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай тағылымы терең «Абай жаққан бір шырақ сөнбес үшін…» тақырыбында насихаттау кеші ұйымдастырылды. Ел руханиятына серпін беріп, ұлы ақынның мол мұрасын жас буынның жадында жаңғыртуды мақсат еткен бұл басқосу – ұлттық сананың жаңғыруына қосылған сүбелі үлестің бірі болып саналады.

Аталған шараны Жалағаш аудандық Қоғамдық даму бөлімі, Жастар ресурстық орталығы, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, сондай-ақ аудандық кітапхана бірлесіп өткізді. Мұндай игі іс-шараның жастарды тәрбиелеуде маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Себебі Абай – тек ақын емес, ол – қазақ халқының ой-санасын оятқан, болмысын тереңнен таныған ұлы ағартушы, дара тұлға.

Кеш барысында ақынның тағылымды өлеңдері оқылып, сырлы әндері шырқалды. Қала тұрғындары шығармашылық өнерлерін ерекше ықыласпен тыңдап, Абай мұрасының терең мән-маңызын жүрекпен түйсінуге тырысты. Бұл – бүгінгі буынның рухани дүниесіне сәуле түсірген сәті болмақ.

Шара көрермендермен кері байланыс түрінде де жалғасын тапты. Жиналған қауымға Абай өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылып, белсенділік танытқан жастарға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – білім мен зерделеуге құрмет көрсетудің, танымға жол ашудың бір көрінісі.

Ақиқатында, Абай жаққан сәуле сөнбек емес. Ол – әр қазақтың жүрегіне жол тапқан мәңгілік шамшырақ. Осындай іс-шаралар арқылы сол сәулені сөндірмей, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – бәрімізге ортақ парыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!