Қылқаламның көмегімен ішкі сезімді бейнелеу, формула арқылы есеп жазудан да күрделі. Мәдени орта қалыптастыруда маңызда рөл атқаратын бейнелеу саласы өз ішінде түрлі жанрға бөлінеді. Өнер айдынындағы ерекше стильдердің бірі – абстракция.

Абстракция ̶ 1940 жылдың аяғында АҚШ елінде пайда болып, Нью-Йорк қаласына қоныс аударған еуропалық суретшілер арқылы дамыған. Бұл жанрдың өркендеуінде голландиялық суретші Пит Мондрианның да еңбегі зор. Ол геометриялық пішіндерді негізгі ала отырып, үйлесімділікке назар аударған. Модрианның өнері мен шеберлігі көптеген суретшілердің көзқарасына әсер еткен.

Бұл жанрда бейнелеу өнерінің бір неше стилі бірігеді. Абстракция – көңіл күй мен көзқарастың көрінісі. Бастысы, суретшінің ойы мен мақсатының айқын болуы. Осы бағыт арқылы қылқалам шеберлері табиғатта кездеспейтін дүниелерді мазмұндайды. Абстракцияда кескіндер ашық түстермен бейнеленеді. Айқын геметриялық сызбалар, жұмсақ контур, суық, қараңғы және жылы тондар қолданылады. Абстрактілі өнерде қылқалам ғана емес қосымша түрлі заттар пайдаланылады. Бейненің ереше әрі шынайы болуы үшін саусақ пен губка да көмекке келеді. Кесіндеме кеңістігінде скульптура, живопись, пейзаж, портрет пен графика жанрында сурет салатын шеберлер көп. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Дәулет Тойшыбаев мырзамен әңгімелесу барысында тақырыпқа негіз болған абстракция жанры туралы сұрадық.

– Қандай жанр болса да, кез келген салаға байланысты сурет салар кезде реалистік бағытта саламын. Ал реалистік бағыттағы сурет пен абстракция сәйкес келмейтін дүние. Шығармашылық жолымда бұл жанрмен де айналыстым, эксперименттер жасадым. Алайда маған ұнаған жоқ, – деді шебер Дәулет Тойшыбаев.

Жанр туралы зерттеу барысында 16 жастағы суретшімен тілдестік. Өнер әлеміне 5 жыл бұрын ат басын бұрған Дархан сурет салу арқылы ойы, ішкі әлемі мен эмоциясын білдіре алатынын жеткізді.

– Абстракция өнері мен үшін өзін-өзі көрсету, сонымен қатар пішін, түс пен текстура арқылы объективті жаңа көзқараспен қарау тәсіліне айналды. Нысан мен сюжет нақты кескінделетін дәстүрлі жанрларға қарағанда абстракция қиындық тудырады. Басты ерекшелігі – сөз, ой, қиял бостандығы, белгілі бейнелерді қолданбай эмоция мен идеяны жеткізе алу және композиция арқылы терең түсінік қалыптастыру, – деді Дархан Аширап.

Шығармашылық саладағы тәжірибесімен бөліскенде оқушы алғашқы композициясы туралы айтты.

– Алғашқы туындымды салуда өзге автордың суретін қайталап, қолымды шынықтырдым, бірақ туындыда жеке ойым бейнеленбеді. Уақыт өте келе икемделіп, жеке көзқарасымды бейнелей бастадым. Кейінгі суреттерде бес жыл уақыт арасындағы менің жолым көрсетіледі,– деді Дархан.

Туындыларына қарап, ерекше сезімді бастан кешірдік. Жұмыстарында жапон комикстерінің бейнесі бар. Жас талант иесі Такаши Муракамидің жанкүйері екен. Қылқалам жұмыстарында оның әдістерін қолданатынын айтты. Бала кезден сурет салу ісі хоббиіне айналған жас шебер болашағын IT cаласымен байланыстыруда. Ал өнерді тек сүйікті ісі ретінде қалдырғысы келетінін де жасырмады.

Журналист, жазушы Медет Қайырғали сурет өнері туралы «Қылқалам туындылары – бір қалыптан, бір өлшеммен шығып жатқан зат не бұйым емес. Суретшінің қиял кеңістігі шексіз тұңғиық әлем» деген еді. Шынымен де суретшінің қиялы басқа әлемге жетелейді. Бұл тура абстракция жанрына айтылғандай.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!