Фото: Аnatili.kazgazeta.kz

Әлемдік аренадағы дипломатиялық қарым-қатынастарда әйелдердің рөлі ерекше бағалануда. Мұны айшықтайтын арнайы мереке де бекітілген.

БҰҰ бас ассамблеясының бастамасымен 2022 жылдан бастап халықаралық дипломатиядағы әйелдер күні атап өтіледі. Бұл мереке 24 маусымда тойланады. Халықаралық дипломатиядағы әйелдер күні − мерекелік бір күн емес, бұл тарихта із қалдырған, болашақта жаңа парақ ашатын әйелдердің қажырлы еңбегін көрсету, құрметтеу.

Дипломатиядағы нәзік жандар – нақтылық, даналық пен табандылықтың керемет үйлесімі. Әлемнің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген әйел дипломаттар өздерінің кәсіби шеберліктері, шексіз қайраттылығы және өздеріне деген сенімімен жетістікке жетіп, биік белестерді бағындыруда.

Мереке қарсаңында еліміздегі БҰҰ өкілдігі және Қазақстандық қоғамдық даму институты бірлесіп Астанада «Кедергілерді еңсеру: дипломатиядағы әйелдер» тақырыбында панельдік талқылау ұйымдастырды.

− Ұзақ жылдар бойы әйел елшілердің саны айтарлықтай төмен болған еді. 1968 жылы олардың үлесі 20 пайызды ғана құраған. Бүгінде ірі дипломатиялық қызметтерде әйелдердің үлесі 50-70% аралығында. Қазақстан осы бағытты ұстанып келеді, өйткені БҰҰ-ға өкіл ретінде ең көп әйел дипломатты тағайындаған ел – Қазақстан, − деді БҰҰ ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг- Стори.

Қазақтан шыққан тұңғыш дипломат қыз

Саясаткерлер мен дипломаттардың алдын орап, қайсар мінезімен ел жадында қалған батыр қыздардың бірі − Балжан Бөлтірікова. 1921 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық аумағында дүниеге келген Балжан 1941 жылы Алматыдағы мұғалімдер институтын, ал 1943 жылы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдаған.

1949 жылы Қазақ КСР орта және бастауыш мектептері қызметкерлері кәсіподағының Орталық Комитетінің төрағасы болып сайланды. 34 жасында Қазақстанның әлеуметтік қамсыздандыру министрі лауазымына тағайындалған. Тарихқа үңілсек, ол кезеңдерде нәзік жандардың басқарушы лауазымына тағайындалуы сирек кездесетін жағдай екен. Ол 1955 жылдан бастап өмірінің 11 жылын республиканың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі жұмысқа арнаған.

Балжан Бөлтірікқызы − 1966-1971 жылдары Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Еңбегінің нәтижесінде Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды. Азия және Африка елдерінің халықтарымен ынтымақтастық комитеті, кеңес әйелдері комитеті жұмыстарына белсене қатысып, сыртқы саясат саласында биік белестерге қол жеткізді. Министрлік жұмысымен қатар ол БҰҰ Бас Ассамблеясының сессияларына үнемі қатысып, пленарлық отырыстарда ел атынан сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болған Қазақстанның алғашқы әйел дипломаты.

Ол туралы АҚШ-тың білікті саясаткері, бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджирдің өзі «Еркек дипломаттарды қалай да алдауға болады, бірақ әйел дипломаттардан қулығыңды асыру мүмкін емес. Дипломатия – білектіні бүгетін өнер», – деген.

Көрнекті мемлекет қайраткері, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған Балжан Бөлтірікқызы қай кезде де халықаралық форматтағы түрлі дипломатиялық алаңдарға қатысып, Жапония, АҚШ, Корея, Швейцария, Чехословакия, Сирия, Египет сынды елдерге Қазақстанды жоғары дәреже көрсете білген. Көп жылғы еңбегі үшін үш орден, жеті медаль, оның ішінде «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, республиканың және одақтас қоғамдық ұйымдардың Құрмет грамоталарымен марапатталған. Балжан Бөлтірікованың есімі мен өмірбаяны Кембриджде, Қазақ энциклопедиясында басылып шығарылатын халықаралық анықтамалықта жарияланған.

Осылайша Қордайдан шыққан Балжан апа Қазақстанды ғана емес, әлемді бағындырған әйел.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!