Былтыр Бәйтеректе мектеп құрылысы басталғанда тұрғындардың қуанышында шек болмады. Себебі мұндағы балалар қалаға қатынап оқиды. Бар қиындық осында. Бәйтеректен қалаға қатынайтын қоғамдық көлік жоқ. Тұрғындар Қызылорда – Жезқазған тас жолына дейін жаяу жүруге мәжбүр. Ол жаққа жету үшін таксиге қымбат төлейсіз. Былтыр 600 орынды мектеп құрылысы басталғанда облыс әкімі мектептің кірпішін қалау жұмысына қатысқан-ды. Десе де тұрғындар күткен мектеп құрылысы бүгінде тоқтап тұр. Мектеп құрылысының жүрмеуі, көпірдің жоқтығы, қоғамдық көліктің қатынамайтыны тұрғындарды әбігерге салуда. Ашынған олар тілшілердің көмегіне жүгінуді жөн көрген. Сонымен тұрғындар не дейді?
Жұлдыз Байдраманова, Бәйтерек мөлтек ауданының тұрғыны:
– Бәйтерек тұрғындары 2017 жылдан бері осында тұрып жатырмыз. Тұрғындарға арнап салынған мектептің құрылысы басталды да, ,жарты жолда тоқтап қалды. Мектеп пайдалануға берілмеген соң тұрғындар балаларын қалаға ақылы мектепке берді. Өйткені ақылы мектептің тасымал қызметі бар. Ол тасымал бала басына – 7 мың теңге. Бір үйде 4-5 бала бар. Біреудің қалтасы көтереді, біреудің қалтасы көтермейді. Сол себептен әкімдікке қайта-қайта барып, тұрғындар атынан арыз жазып жатырмыз. Әкіммен кездесе алмай жүрміз.
Бізді “Қарауылтөбе” ауылына баратын бұрылыстан Бәйтеректің тұрғындары күтіп алды. Әрі қарай ойдым-ойдым жерлермен арттарынан ілестік. Жолда келе жатып, қалаға бет алған тұрғындарды көрдік. Жаяулатып, баласын жетектеп, күннің ыстығында ұзақ жол жүруіне тура келеді. Бізге жол көрсету арқылы, өздерінің қалаға дейін қалай жететінін көрсеткісі келген болу керек. Расымен межелі жерге жету үшін ұзақ жол жүруге тура келеді. Бұл жолдың ғана мәселесі емес, көпірдің ең басты мәселесі екенін тұрғындар алға тартты. Себебі көпір арқылы жол қысқарады.
Әбдуәли Қожамжар, Бәйтерек мөлтек ауданының тұрғыны:
– Пәлендей жылжып жатқан дүние көргенім жоқ. Өйткені осы жерге кірпішті әкеліп жатады, бір қарасаң, тиеп алып алып бара жатады. Мен түсінбедім, көше бетке қарағанда бірінші қабаты біткен тәрізді, бірақ арғы жағында қабырға жоқ. Халықтың көпшілігі жер берген соң көшіп келгісі келеді. Әйтсе де бала шағасы бар, солардың жағдайын ойлайды. Сөйтіп келе алмайды.
Тұрғындардың айтуынша, бармаған есігі қалмаған. ЖКХ бастығы Біржан Далабаев «көпір, үш көше болады, мектеп құрылысы аяқталады» дегеннен басқа жауап бермейді. «Достық» көшесінен көпір түседі деген, бірақ әлі құрылысы басталмады. Оның маңыздылығы зор дейді. Алты-жеті километр жүріп таксиге жүгінеді. Олар 1500-3000-ның көлемінде қызмет көрсетеді. Қарауылтөбенің бұрылысына дейін жаяу барып, №27-інші маршрутқа мінуге мәжбүр. Көлігі барлар ай-сайын жөндейді. Мұнда көшіп келе алмай жатқан қанша тұрғын бар. Олар қарызданып, қауғаланып үйлерін салып жатыр. Бірақ транспорттың жоқтығынан келе алмайды. Қанша заттары ұрланып, шығындалуда.
Нұржан Ардақ жол мәселесінің шешімін таппай жатқанына наразы. «Қаладан такси жалдап келуге қалта көтермейді. Баласы барларға қиын. Қарт кісілер де жаяу жүреді», – дейді.
Арнұр Нұрмағанбетов, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
– Қызылорда – Жезқазған тас жолын бойындағы 600 орынды мектеп құрылысы “Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы” аясында 2020 жылы маусым айында басталды. Білім саласы нысандары бюджеттік бағдарламаларға өзгеріс енгізілуіне байланысты, аудандық-қалалық құрылыс бөлімдерінен алынып, облыстық басқарма деңгейіне беріліп жатыр. Биылдан бастап құрылысты біз жалғастырамыз. Қазіргі таңда нысанның барлық құжаттарын, орындалған жұмыстарын алыс-беріс актісі арқылы қалалық құрылыс бөлімінен қабылдап алу жұмыстары жүргізуде. Толық қабылдағаннан кейін құрылыс басқармасы арқылы мердігер мекемемен қосымша келісімшартқа отырады. Биылғы бөлініп тұрған қаржы – 386 млн теңге. Енді бұл нысанның нормативтік құрылыс ұзақтығы – 18 ай. Былтыр 6 ай құрылыс жұмыстары жүргізілген. Енді 2022 жылы аяқталады деп күтілуде. 270 млн теңгесі 2022 жылға қаралып отыр.
P.S. Балаларды ақылы мектепте оқытуды көп балалы отбасылардың қалтасы көтермейтінін жақсы білеміз. Сонда мәселеміз қашан шешіледі деген тұрғындардың уәжі орынды. Десе де мектептің құрылысы биыл бітпейтіні анық.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!