Былтыр Бәйтеректе мектеп құры­лы­сы басталғанда тұрғындардың қуа­ны­шында шек болмады. Себебі мұн­дағы балалар қалаға қатынап оқиды.  Бар қиындық осында. Бәйтеректен қа­лаға қатынайтын қоғамдық көлік жоқ. Тұрғындар Қызылорда – Жезқазған тас жолына дейін жаяу жүруге мәжбүр. Ол жаққа жету үшін таксиге қымбат төлейсіз. Былтыр 600 орынды мектеп құрылысы басталғанда облыс әкімі мектептің кірпішін қалау жұмысына қатысқан-ды. Десе де тұрғындар күт­кен мектеп құрылысы бүгінде тоқтап тұр. Мектеп құрылысының жүрмеуі, көпірдің жоқтығы, қоғамдық көліктің қатынамайтыны тұрғындарды әбігерге салуда. Ашынған олар тілшілердің кө­ме­гіне жүгінуді жөн көрген. Сонымен тұр­ғындар не дейді?

Жұлдыз Байдраманова,  Бәйтерек мөлтек ауданының тұрғыны:

– Бәйтерек тұрғындары 2017 жылдан бері осында тұрып жатырмыз. Тұрғындарға арнап салынған мектептің құрылысы басталды да, ,жарты жолда тоқтап қалды. Мектеп пайда­лануға берілмеген соң тұрғындар балаларын қалаға ақылы мектепке берді. Өйткені ақылы мектептің тасымал қызметі бар. Ол тасымал бала басына – 7 мың теңге. Бір үйде 4-5 бала бар. Біреудің қалтасы көтереді, біреудің қалтасы көтермейді. Сол себептен әкімдікке қайта-қайта барып, тұрғындар атынан арыз жазып жатырмыз. Әкіммен кездесе алмай жүрміз.

Бізді “Қарауылтөбе” ауылына баратын бұрылыстан Бәйтеректің тұрғындары күтіп алды. Әрі қарай ойдым-ойдым жерлермен арт­тарынан ілестік. Жолда келе жатып, қа­лаға бет алған тұрғындарды көрдік. Жаяу­латып, баласын жетектеп, күннің ысты­ғында ұзақ жол жүруіне тура келеді. Бізге жол көрсету арқылы, өздерінің қалаға дейін қалай жететінін көрсеткісі келген болу керек. Расымен межелі жерге жету үшін ұзақ жол жүруге тура келеді. Бұл жолдың ғана мәселесі емес, көпірдің ең басты мәселесі екенін тұрғындар алға тартты. Себебі көпір арқылы жол қысқарады.

Әбдуәли  Қожамжар, Бәйтерек мөлтек ауданының тұрғыны:

– Пәлендей жылжып жатқан дүние көрге­нім жоқ. Өйткені осы жерге кірпішті әкеліп жа­тады, бір қарасаң, тиеп алып алып бара жатады. Мен түсінбедім, көше бетке қара­ғанда бірінші қабаты біткен тәрізді, бірақ арғы жағында қабырға жоқ. Халықтың көпшілігі жер берген соң көшіп келгісі келеді. Әйтсе де бала шағасы бар, солардың жағ­дайын ойлайды. Сөйтіп келе алмайды.

Тұрғындардың айтуынша, бармаған есігі қалмаған. ЖКХ бастығы Біржан Далабаев «көпір, үш көше болады, мектеп құрылысы аяқ­талады» дегеннен басқа жауап бермейді. «Достық» көшесінен көпір түседі деген, бірақ әлі құрылысы басталмады. Оның маңыздылығы зор дейді. Алты-жеті километр жүріп таксиге жүгінеді. Олар 1500-3000-ның көлемінде қызмет көр­сетеді. Қарауылтөбенің бұрылысына дейін жаяу барып, №27-інші маршрутқа мінуге мәж­бүр. Көлігі барлар ай-сайын жөндейді. Мұнда көшіп келе алмай жатқан қанша тұр­ғын бар. Олар қарызданып, қауғаланып үй­ле­рін салып жатыр. Бірақ транспорттың жоқ­ты­ғынан келе алмайды. Қанша зат­тары ұрланып, шы­ғын­далуда.

Нұржан Ардақ жол мәселесінің шешімін тап­пай жатқанына наразы. «Қаладан такси жал­­дап келуге қалта көтермейді. Баласы бар­ларға қиын. Қарт кісілер де жаяу жүреді», – дейді.

Арнұр Нұрмағанбетов, Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:

– Қызылорда – Жезқазған тас жолын бо­йын­дағы 600 орынды мектеп құрылысы “Жұ­мыс­пен қамту жол картасы бағдарламасы” аясында  2020 жылы маусым айында бастал­ды. Білім саласы нысандары бюджеттік бағ­­дарламаларға өзгеріс енгізілуіне байла­нысты, аудандық-қалалық құрылыс бөлім­де­рі­нен алы­нып, облыстық басқарма дең­гейіне беріліп жа­тыр. Биылдан бастап құ­ры­лысты біз жалғас­тырамыз. Қазіргі таңда ны­сан­ның барлық құжаттарын, орындалған жұмыс­тарын алыс-беріс актісі арқылы қала­лық құрылыс бөлімінен қабылдап алу жұмыс­тары жүргізуде. Толық қабылдағаннан кейін құрылыс басқармасы арқылы мердігер меке­мемен қосымша келісім­шартқа отырады. Биылғы бөлініп тұрған қаржы – 386 млн теңге. Енді бұл нысанның нормативтік құры­лыс ұзақтығы – 18 ай. Былтыр 6 ай құрылыс жұмыстары жүргізілген. Енді 2022 жылы аяқ­талады деп күтілуде. 270 млн теңгесі 2022 жылға қаралып отыр.

P.S. Балаларды ақылы мектепте оқы­туды көп балалы отбасылардың қалтасы көтермейтінін жақсы білеміз. Сонда мәселеміз қашан шешіледі деген тұрғындардың уәжі орынды. Десе де мектептің құрылысы биыл бітпейтіні анық.

Мөлдір САБЫРЖАН