Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексіне іс өндірісін жүргізуде бұрын болмаған жаңа қағидаттар (принциптер)  енгізілген.  Ол қағидаттар жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, мүдделерін толық іске асыруға,   жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайтуға,  мемлекеттік орган мен жеке және заңды  тұлғалар арасындағы туындаған дауларда теңсіздікті жоюға бағытталған.

Бұл тұрғыда, соттың белсенді рөлі қағидаты шеңберінде соттарға берілген жаңа мүмкіндіктері даулардың әділетті, сапалы шешілуіне өз ықпалын тигізеді.

Мәселен соттар өз бастамасымен қосымша материалдар мен дәлелдемелерді жинай алады, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындай алады.  Әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемелерімен, арыздарымен, өтінішхаттарымен, дәлелдемелермен шектеліп қана қоймай, сот істі дұрыс шешу үшін маңызы бар барлық нақты мән-жайды жан-жақты, толық және объективті түрде зерттей алады.

 Істі қарайтын судья әкімшілік істің нақты және заңды тұстарына жататын құқықтық негіздемелер бойынша өзінің алдын ала құқықтық пікірін айтуға құқылы.

Сотқа құқықтық салдарды алдын ала түсіндіре отырып, тарапқа талап қою талаптарын тұжырымдауда және өзгертуде жәрдем көрсетуге құқық берілген. Сот процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетеді.

 Яғни, азаматтық іс жүргізудегі заң мен соттың алдындағы теңдігі қағидаты қолданылмай, әкімшілік істер бойынша мемлекеттік органның, лауазымды тұлғаның және талап қоюшының (жеке тұлға немсе заңды тұлға) арасындағы теңсіздікті осы соттың белсенді рөлінің негізінде жоюға мүмкіндік берілген.   

Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинай алады.

Кодексте бұрын болмаған жаңа тәртіптер енгізілген. Мәселен, егер тиісті жауапкерді тартуға талап қоюшы қарсы болса сот өз бастамасымен оны қосымша жауапкер ретінде іске тарта алады. Азаматтық іс жүргізуде тисті жауапкерді талап қоюшы ауыстырмаса сот талапты қанағаттандырудан бас тартады.

Әкімшілік сот ісін жүргізуде дәлелдеу ауыртпалығы да жаңаша бекітілген. Атап айтқанда:  дау айту жөніндегі талап қою бойынша — ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкерге жүктелген. Жауапкер дауланған шешімінің немесе әрекетінің заңдылығын сотта өзі дәлелдеуі тиіс.

Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша – сұратылып отырған әкімшілік актіні қабылдаудан бас тарту үшін негіз болған фактілер бөлігінде жауапкер және өзі үшін қолайлы әкімшілік актінің қабылдануы негізделетін фактілер бөлігінде талап қоюшы көтереді.

Кодекстің талабы бойынша жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады. Яғни жауапкер өз актісін қабылдаған кезде оған қажетті негіздемесін жазбаса, ұмытып кетсе кейін ол актісі дауланған кезде сотта оған сілтеме жасауға мүмкіндігі болмайды. Бұл жағдай мемлекеттік органдарының өз актілерін сапалы түзілуінің бір тетігі болып табылады.

 

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық

әкімшілік сотының төрағасы

Гүлжан Мырзатаева

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!