2020 жылғы 29 маусымда тұңғыш рет ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданып, жүзеге асыру үшін көптеген ауқымды іс-шараларды жасау қажеттілігінен қолданысқа ағымдағы жылдың 1 шілдесінде енгізіледі деп жоспарлануда.
Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары.
Аталған кодекс қолданысқа енгізілгеннен кейін «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап күші жойылмақ.
Әкімшілік сот ісін жүргізу талап қою негізінде қозғалады. Сотқа дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау, тану туралы талап қоюлармен жүгінеді. Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу қағидаттары, жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруға, жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізуге, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз етуге, жария-құқықтық саладағы заңдылықты нығайтуды көздейді.
Әкімшілік істі қарау кезінде әкімшілік орган нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және обьективті зерттеу үшін шаралар қабылдайды. Әкімшілік орган шешім қабылдаған азаматқа немесе ұйымға алдын ала шешім бойынша өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті. Егер қолайлы шешім қабылданса, сондай-ақ ӘРПК белгілеген өзге де жағдайларда тыңдау өткізілмейді (73-баптың 2-бөлігі). Тыңдау әртүрлі тәсілдермен жүргізілуі мүмкін (алдын ала шешім жазбаша түрде жіберу, азаматтық немес ұйымның ұстанымын ауызша білдіру, сондай-ақ осы процедураны тіркеуге мүмкіндік беретін басқа әдістер). Жеке тұлға ұстанымын ауызша білдірген жағдайда әкімшілік орган тыңдау хаттамасын жасайды. Тыңдау хаттамасында
әкімшілік іс қаралатын орын мен күн, оның басталатын және аяқталатын уақыты;
әкімшілік органның атауы, лауазымды адамның, хатшының тектері және аты-жөні;
әкімшілік рәсімге қатысушы және (немесе) әкімшілік іске қатысатын өзге де адам туралы мәліметтер;
қаралатын мәселенің мазмұны;
қатысатын тұлғалардың түсініктемелерінің, сұрақтары мен жауаптарының, сөйлеген сөздерінің мазмұны көрсетіледі;
Әкімшілік рәсімге қатысушы және (немесе) әкімшілік іске қатысатын өзге де адам әкімшілік істі қарау үшін өздері елеулі деп есептейтін нақты мән-жайлар туралы мәліметтерді тыңдау хаттамасына енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Тыңдау хаттамасын төрағалық етуші мен хатшы дайындауға және қол қоюға тиіс. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға және әкімшілік іске қатысатын өзге де тұлғаға тыңдау хаттамасымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Әкiмшiлiк рәсiмге қатысушы және әкімшілік іске қатысатын өзге де адам танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.
Әкiмшiлiк рәсімге қатысушыға әкімшілік іс қаралғаннан кейін өтінішхат мәлімделген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкiмшiлiк іс материалдарымен танысу мүмкіндігі берілуге тиіс. Іс материалдарымен танысу процесінде кез келген мәліметтерді және кез келген көлемде көшіріп алуға, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын мәліметтерді қоспағанда, құжаттардың көшірмелерін, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға құқылы.
Бүгінгі күні заңнаманың жаңашылдықтарын, оң өзгерістерін түсіндіру бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынып отыр. Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қызметін бастайды.
М.Жүсіпбекова,
Қызылорда қаласының №2 сотының
кеңсе меңгерушісі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!