«Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас». Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Бүгінде олар ел аузында сақталып, халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты. Ұйқасты, ырғақты болып келетін, тұрақты образдарға негізделетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық тұрғысындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Жақында тағылымға толы тақырыпқа терең бойлаған едім.
Бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөн-жоралғысы бар. Оны халық арасында үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен, жас болса да бас боларлық адам береді. Ер азамат отырғанда әйел бата бермейді. Әйелдер арасында сөз білетін ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиісті. Халқымызда батырларға, билерге ардақты аналардың да бата берген кезі көп.
Ол көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да жасалған және де қуаныш пен тойдың ретіне қарай соған лайықты берілген. Ұлы үйленгенде атасы, ол болмаса, сол әулеттің үлкені, әкесі бата беруге тиіс. Той иелерінің қалауымен екі жасқа бата беруді басқа да үлкен кісілерден сұрауға болады. Қазақ батасын алған адамға бата сыйын да жасаған, яғни бата берген адамға рахмет айтылып, арнайы сыйлық берілген. Бұдан бөлек, қазақтың салт-дәстүрін зерттеген Қайыржан қажы Макин «Салтыңды сақта, дәстүріңді дәріпте» кітабында «Бата – ізгі ниет, наным-сенімнің бірлігі.
Ата-тегін масқаралайтын ауыр қылмыс жасағанда теріс бата берген. Ол ұрпақтан-ұрпаққа қара таңба болып келген. Теріс бата алған адамды халық жек көріп, қонаққа шақырмаған, қыз алыспаған. Ал теріс батаны қайтару үшін жұртты жинап, Алладан сұрап, жалбарыну рәсімін жасаған. Тірі болса, теріс батамды қайтып алдым деп айтқан. Сондықтан қанша жерден ашу қысқанмен, теріс бата беруге асықпаған» деп жазған екен.
Сондай-ақ, батаның қасиетті ұғым болғанына лиро-эпостық жырлар мен көркем шығармаларға арқау болған жастардың өмірі дәлел. Онда ата-анасының ақ батасын алмай қосылған екі жас мақсат-мұратына жете алмайды. Мысалы, «Қыз Жібек» жырындағы Төлеген әкесінен теріс бата алып, ғашығына қосыла алмай өтеді. Ақын Жамбыл Сүйінбайдың батасын алу үшін біраз тер төккен. Ал Сүйінбай Қабан жыраудан әзер бата алған. Өйткені өнер жолындағы адамдар ізбасарлары көңілінен шыққан кезде ғана бата арнаған. Сондықтан болар, үлкендеріміз әр істі әсемдеп, ақ батамен бастауға шақырады. Бұрын солай болған, қазір де біздерге үлгі-өнеге болар салт-дәстүріміз әдемі жалғасын тауып келеді.
Арайлым ТӨЛЕГЕНОВА,
Жетекшісі:
Бақытжан АХУНОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!