Әр заманның заңғары бар. Заман өзгерсе де, әлгі еңбегімен ел есінде қалған биік тұлғалардың есімі өшпейді. Керісінше, уақыт өткен сайын, жаңа буын күш алған сайын, әлгі есімдер жаңғыра береді.

Биыл – қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, фольклортанушы, түрколог, шығыстанушы, жазушы, педагог-әдіскер, журналист, филология ғылымдарының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаевтың туғанына 120 жыл. Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан осы тұлғаны бүгінгі жастар біле жүрсе, өткеннің өнегесі қазіргі ұрпақтың санасына сәуле шашары сөзсіз. Әуелбек Қоңыратбаев – тек ғылыми еңбектерімен ғана емес, сонымен бірге ұрпақ тәрбиелеудегі қызметімен де ел жадында қалған тұғырлы тұлға. Оның сан қырлы өмір жолы мен табанды еңбегі қазіргі жас буынға үлгі-өнеге боларлық. Осы жазбада, замандастарымызға аңыз тұлғаны таныстыру үшін, Қоңыратбаев туралы ел айта бермейтін ақпараттарға аз-кем көз жүгірткен едік.

Ташкенттен басталған тағылым

Әуелбек Қоңыратбаев 1905 жылы 10 қыркүйекте Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты Кердері ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ХХ ғасырдың аласапыран уақытына тұспа-тұс келіп, бозбала күнінде тағдыр талайымен Ташкенттегі №5 балалар үйінде тәрбиеленді. Жас Әуелбек сол ортада ерте есейіп, білімге құштарлығын танытады. 1918 жылы Ташкенттегі педагогикалық училищеге оқуға түсіп, оны бітірген соң, бірер жыл мектеп мұғалімі болып қызмет етеді. Білімге құштар жас сол кездің өзінде Ташкентте жарық көретін «Ақ жол» газеті мен «Шолпан» журналын шығару ісіне белсене атсалысып, алғашқы мақалаларын жариялады. Әуелбек тіпті 16 жасында-ақ Сұлтанбек Қожанов басқарған «Ақ жол» газетінде тұңғыш өлеңдерін жариялап үлгергені туралы дерек бар. Бұл – оның әдебиетке өлең жазудан келіп, кейін зерттеу бағыттарына ауысқанын көрсететін қызық мәлімет.

Жас күнінен қоғамдық істерге араласқан Әуелбек Ташкентте ұйымдасқан қазақ жастарының алғашқы басылымы «Жас қайрат» газетінің редакция жұмысына қатысып, сол газеттің кейін «Жас Алаш» аталған нұсқасын шығарушылардың бірі болды. Ғани Мұратбаев сынды жалынды жастар жетекшісінің қасында жүріп, Әуелбек газетте корректорлық қызмет атқарды. Тоқсан жылдық тарихы бар «Жас Алаш» газетінің алғашқы сандарына «Ә.Қ.» деп қол қойылған хабар-мақалаларды кездестірсеңіз, оның авторы осы Әуелбек Қоңыратбаев екенін білгеніңіз жөн дейді зерттеушілер. Мұның өзі Қоңыратбаевтың жасынан-ақ баспасөзде қарымды қаламымен танылып, елге пайдалы іске ұйытқы болғанын аңғартады. Ташкенттегі қазақ зиялыларының ортасында жүрген ол талай тарихи оқиғалардың куәсі болды. Мәселен, Әуелбек Қоңыратбаев өз естеліктерінде жас Мұхтар Әуезовті Ғани Мұратбаевпен алғаш таныстырғанын және сол жылы Ғани ұстаздарының қатысуымен Әуезов пен Мағжан Жұмабаевтың әдеби айтысын ұйымдастырғанын жазады. Бұл дерек Әуелбек Қоңыратбаевтың жас кезінен-ақ Алаштың ардақты тұлғаларымен рухани байланыста болғанын көрсетеді. Осындай ортада шыңдалған қайраткер 1920 жылдардың басында-ақ халқымыздың болашағы үшін қызмет етуге бел буған еді.

1925 жылы Қазақстан астанасы Қызылордаға көшірілгенде, Әуелбек Қоңыратбаев өзінің туған өңірінде жаңа міндеттер атқарады. Ол Қызылордада шыққан негізгі басылым «Еңбекші қазақ» газетінде, белгілі жазушы Бейімбет Майлин басқарған бөлімде қызмет істеді. Сол кезеңде жиырманың жуан ортасындағы жігерлі жас өлкелік атқару комитетінде жауапты хатшы қызметіне дейін көтеріліп, қоғам жұмысына да белсене араласты. 1929 жылы өңірлік «Сыр бойы» газетінде партия бөлімінің меңгерушісі, Арал ауданындағы «Екпінді балықшы» газетінің редакторы қызметтерін атқарып, ел өміріндегі өзекті мәселелерді баспасөз арқылы көтерді. Бұдан бөлек, республикалық деңгейдегі «Колхоз» газетін басқару үшін 1930 жылы Алматыға шақырылды. Яғни, Әуелбек Қоңыратбаев 20-шы жылдардың аяғында-ақ журналистика мен әкімшілік қызметте шыңдалып, елге танылған азамат болды.

Алайда ел басына қиын-қыстау күндер туған 1930 жылдардың саяси бүлігі оның тағдырына да әсер етпей қоймады. Кеңестік қуғын-сүргіннің алғашқы толқынына қазақтың талай оқығандары ілінсе, Әуелбек Қоңыратбаев та сол зобалаңды бастан өткерді. 1934 жылы белгілі партия қайраткері С.Кировтің өлтірілуі сылтау болып, Сталиннің нұсқауымен басталған жазалау науқаны кезінде Қоңыратбаев Мәскеудегі БК(б)П Журналистика институтының студенті еді. Сол кезде оны «саяси сенімсіз» деп тауып, партия қатарынан шығарып жібереді. Жас ғалымға жабылған бұл негізсіз айып үлкен соққы болғанымен, ол мойымаған. Тіпті адам айтса нанғысыз ауыр 1937 жылы да оның отбасы азап шегеді. Әуелбек Қоңыратбаевтың ағасы Қалжан мен інісі Әлібек «халық жауы» атанып, атылып кетеді. Үкімет ағайынды қос азаматты бірдей мерт қылды. Өзі әрең аман қалған Әуелбекке осынау трагедия ауыр әсер қалдырып, жүрегіне жазылмас жара салды. Қуғын-сүргін жылдары ол жақын туыстары туралы көп ашылып сөйлемей, бұл тақырыптың өзін «сендерге зияны тиеді» деп жабық ұстап келген екен. Мұның бәрі сол замандағы нәубеттің қаншалықты ауыр болғанын көрсетеді. Қандай ауыртпалық көрсем де ғылым жолынан таймаймын деген Қоңыратбаев 1938 жылы қайтадан оқуға ден қойып, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, оны тамамдайды. Сөйтіп, зобалаң жылдардың өзінде мүмкіндігінше білім қуып, өз қарымын жоғалтпай, келесі кезеңдерге қадам басты.

Соғыстан кейінгі жылдары Әуелбек Қоңыратбаевтың ғалымдық қызметі басталады. 1941-1945 жылдары ол Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы Тіл және әдебиет институтының аспирантурасында оқып, әйгілі жазушы, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов пен академик В.М.Жирмунскийдің жетекшілігімен «Қазақтың лиро-эпостық жырлары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Жас зерттеушінің бұл еңбегі қазақ эпостарын жүйелі ғылыми негізде талдаған алғашқы жұмыстардың бірі болды. Мұхтар Әуезов сынды ұстаздың сенімін ақтаған Қоңыратбаев бұдан кейін бүкіл ғұмырын туған халқының бай фольклорлық мұрасын зерттеуге арнады. 1945-1949 жылдары ол жаңадан құрылған Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Сол кездің өзінде Әуелбек Қоңыратбаев қазақ фольклортану ғылымының болашағын айқындауға атсалысып, эпостанудың негізгі бағыттарын орнықтыра бастады.

Фольклордың білгірі, түркологияның тарланы

Қоңыратбаев – қазақ ауыз әдебиеті мен эпосын зерттеудің көшбасшы ғалымдарының бірі. Оның ғылымдағы ең өнімді, табысты еңбек еткен саласы – фольклортану, яғни қазақ әдебиеті тарихының бастауы саналатын ауыз әдебиетін зерттеу болды. Ғалым қазақ фольклорының жанрлық түрлерін, әсіресе эпостық жырларды терең талдап, оның түркі әлемімен тарихи және көркемдік байланысын ашып көрсетті. Ғалымның 1947 жылы жазған еңбектерінен бастап әлемге әйгілі «Қорқыт ата кітабын» қазақ ғылымына алғаш таныстырғаны ерекше аталады. Ол Қорқыт туралы аңыздар мен жырлардың түп-тамырын түркілік ортақ мұра ретінде зерделеп, «Қорқыт ата кітабын» қазақ тіліне аударып жарыққа шығарды. Қорқыт тұлғасының мән-маңызын зерттеп, оның оғыз дәуіріндегі эпос айтушы, жырау екенін тарихи деректермен дәйектеді. Ғалымның пайымдауынша, «Қорқыт» сөзінің түпкі мағынасы «құт әкелетін адам, құтты адам» деген ұғымды білдіреді екен. Бұл – Қоңыратбаевтың түркологиялық даярлығы мен батыл тұжырымдарының бір мысалы.

Қоңыратбаев қазақ эпосының өзге түркі халықтары әдебиетімен байланысын да жан-жақты салыстыра зерттеп, талай тың тұжырымдар ұсынды. Ол батыс пен шығыс әдебиеттерінің ұқсастықтарын, қазақтың ауызша жыр дәстүріне моңғол, араб, парсы әдебиеттерінің ықпал-әсерін де саралап көрсеткен. Әуелбек Қоңыратбаев 1971 жылы «Көне түркі поэзиясы және қазақ фольклоры» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. Осы іргелі зерттеуінде ол ежелгі түркі жазба мұралары мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы көркемдік және тарихи жалғастықты ашып көрсетті. Ғалым фольклортану ғылымында қазақ әдебиетінің дәуірлеу мәселесіне де ерекше ден қойып, өзіндік батыл пікірлер айтқан.

Ерлік пен елдік жыршысы

Әуелбек Қоңыратбаевтың ғылыми ұстанымының беріктігін дәлелдейтін бір оқиға – оның XIX ғасырдағы әдебиетті зерттеу еңбегіне байланысты 1950 жылдары қуғынға ұшырауы. Зерттеушілердің жазуынша, ғалым сол кезде қазақ әдебиеті тарихына «Наурызбай-Қаншайым» жырын (Кенесары-Наурызбай батырлардың ерлік жолын жырлаған эпос) енгізгені үшін саяси қысым көрген екен. Расында, Кенесары Қасымов бастаған қозғалысты мадақтайтын бұл эпосты әдеби мұраға қосу сол уақыттағы билікке ұнамсыз болып, Қоңыратбаевтың еңбегі «қателік» саналған. Алайда ғалым идеялық айыптауларға мойымай, кейіннен де қазақтың азаттық күресін жырлаған туындыларды тарихи шындық тұрғысынан қарастыру керектігін естен шығармаған. Бұл – оның ғылымдағы принципшілдігі мен еліне адалдығын танытатын факті. Сталиндік зұлмат қаншама алдыңғы буын ғалымдарды жалмағанмен, Әуелбек Қоңыратбаев сынды қайтпас қайраткерлердің арқасында қазақ фольклортануы мен әдебиеттануы өшпей, жалғасын тапты.

Әуелбек Қоңыратбаевтың фольклортану бағытындағы жемісті еңбектері халқымыздың бай мұрасын жүйелеуге, ғылыми айналымға енгізуге зор ықпалын тигізді. 1945 жылы қорғаған кандидаттық диссертациясынан бастап, «Қазақ эпосы және түркология» сияқты көлемді монографиясына дейінгі аралықта ол эпостанудың өзекті мәселелерін терең қаузап отырды. Ғалым көптеген эпикалық жырлар туралы жеке зерттеулер жазды. Атап айтқанда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының нұсқалары туралы еңбегі осы лиро- эпостың мазмұны мен тарихи негізін талдаған алғашқы кешенді жұмыс болды. Сонымен бірге Ә.Қоңыратбаев эпос айтушылары жөнінде құнды мәліметтер жинап, жыршылық дәстүр өкілдері туралы «Эпос және оның айтушылары» атты кітабын шығарды. Бұл еңбекте ол Сыр сүлейлері мен жыраулардың өнерін, шеберлік ерекшеліктерін талдап, қазақтың жыршылық мектебін ғылыми негізде саралады.

1950-60 жылдары қазақ фольклорының көп томдық жинақтарын құрастыру ісіне де Ә.Қоңыратбаев белсене араласып, мәтіндерді сұрыптау, ғылыми түсініктеме беру жұмысын атқарды. Әсіресе, орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған оқулық, хрестоматиялар жасауға атсалысты. Ғалым құрастырған фольклор хрестоматиясын Қазақстан мен шет елдердегі (Қытай, Моңғолия, Өзбекстандағы) қазақ мектептерінің бірнеше буын оқушылары қызыға оқыды деседі. Бұл – Қоңыратбаев еңбектерінің тек теориялық зерттеу ғана емес, оқу-ағарту саласына тікелей қызмет еткенінің айғағы. Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ фольклортану ғылымы қол жеткізген көптеген табыста Әуелбек Қоңыратбаевтың үлкен үлесі бар екені – мойындалған ақиқат.

Ұлағатты ұстаз, ұлт жанашыры

Әуелбек Қоңыратбаев тек ғалым-зерттеуші ғана емес, ұлағатты ұстаз ретінде де танылды. Ол ұзақ жылдар бойы Алматыдағы ҚазМУ (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ), ҚазПИ (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) сынды іргелі оқу орындарында және өзі туып-өскен өңірдегі Қызылорда педагогикалық институтында (қазіргі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті) доцент, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған. Ғалым қай жерде дәріс оқыса да, өз білімін шәкірт санасына сарқып құйып, қаншама жастың ғылымға келуіне жол ашты. Мәселен, қазақтың белгілі фольклортанушыларының бірі, академик Рахманқұл Бердібай, әдебиетшілер Темірхан Тебегенов, Дандай Ысқақов, Жолдасбек Әбілов сынды азаматтар Әукеңнен тәлім алып өскен шәкірттері еді. Кейіннен бұл ізбасарлары ұстазының ғылымдағы өшпес еңбегін жоғары бағалап, 2005 жылы Ә.Қоңыратбаевтың таңдамалы шығармаларын 10 томдық жинақ етіп жарыққа шығаруға атсалысты дейді деректер. Расында, ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірттер жетістігі. Бұл тұрғыдан алғанда, Әуелбек Қоңыратбаев өзін қоршаған жас буынға бағыт-бағдар беріп, ұлт руханиятының мектебін қалыптастырған ұстаз деуге болады.Ол – ғұлама ғалым ғана емес, ұлтжанды ұстаз ретінде де ел есінде. Ол қазақ әдебиетін оқытудың ғылыми әдістемесін жасап, ұзақ жылдар бойы ұстаздық етті.

Ә.Қоңыратбаевтың білім беру саласына сіңірген нақты еңбектері де зор. Ол қазақ әдебиетін мектепте оқытудың әдістемелік негіздерін қалаушы ғалымдардың бірі саналады. «Әдебиетті оқыту методикасының очерктері» және «Әдебиетті оқыту методикасы» атты еңбектері жарық көріп, олар жылдар бойы мектеп мұғалімдерінің басты құралы болды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері осы кітаптарды басшылыққа алып, оқыту тәсілдерін жетілдірді. Ғалым тек өз еңбектерін жазып қоймай, дүниежүзінің озық педагогика үлгілерін қазақ тіліне аударып әкелді. Мәселен, Ж.А.Коменскийдің атақты «Ұлы дидактикасын» және өзге де белгілі педагогтердің әдістемелік еңбектерін қазақшаға аударып, ұстаздар игілігіне ұсынды. Бұл – Қоңыратбаевтың жаңашыл ұстаз ретінде әлемдік білім қазынасын қазақ оқырманына жақындатқанын көрсетеді.

«Ер есімі – ел есінде» дейді халқымыз. Әуелбек Қоңыратбаев сынды ғылымның шамшырағы, ұлт руханиятының жанашыры болған тұлғаның есімі әрдайым ел жүрегінде сақталмақ. Ол өмір сүрген дәуір басқа болғанымен, оның жасампаз еңбекқорлығы мен халқына адал қызмет ету қасиеті – бүгінгі тәуелсіз ел жастарына өнеге. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің ізін басқан шәкірті Әуелбек Қоңыратбаев та өзінен кейінгі буынға таптырмас рухани қазына қалдырды. Сондықтан Қоңыратбаевтың ғибратты ғұмыры мен ғылыми мұрасын білу – әрбір саналы жас үшін пайдалы деп білеміз. 120 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан ғалымды еске алу арқылы біз ұлттық мәдениет пен білімге негіз қалаған тарланбоздарымызды ардақтай аламыз. Әуелбек Қоңыратбаев – жас буын тануы тиіс, ұлт мақтанышына айналған тұлға. Оның өмір жолы, қайраткерлігі һәм ғылымдағы табандылығы қазіргі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек.

Е.СӘРСЕНҰЛЫ,
журналист

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!