Қазақтағы ең мейірімді кейіпкер әже ғой. Сен бүлдіргіге тап келіп, әке-шешең сықпыртып сабағанда, олар қанша тентектік жасасаң да бір тәйт деді ме екен?! Әжеге бай едім мен. Ауылда кез келген кемпірдің етегіне оралып өсесің ғой. Бір жақсысы, өз әжең де, туыс әжең де бетіңді қақпайды. Бір көшеде қатар, аралары жақын орналасқан сол жаулықтылардың біразы бұл дүниеден көрінбегеніне көп болған. Өткенде ғана Қаныкүл ана қайтты деген хабар да жетті.

Бар ауыл білетін Қаныгүл әжем айқайлап сөйлейтін. Құлағы жақсы естісе де, онысы әдет қой деп өзім шамалаймын. 70-жылдардың басында Өтеміс атамнан жастай жесір қалды. 46 жасында дейді білетіндер. Он екі баланы өмірге әкелген еді, барлығын аяқтан тұрғызды. Өзі айтқыр болатын. Туыс пен әулет арасында келіндері былай тұрсын, анау-мынау кеудемсоқ Сойырғастың біраз шалдары одан ығысатын. 95 жасында ың-шыңсыз, қылтың-сылтыңсыз аттанды арғы ауылға.

Өз апама еріп, Қаныкүл әжемнің қасында жиі боламыз. Ол айтатын әңгімелер күлкілі һәм шындық.

– Қазіргілердің басына бір-бір үй керек. Қит етсе, байын жетектеп бөлек шығуға құмар. Ау, біз, киіз үйдің ішінде байымыз бар, қайным қатынымен, төртеуміз жатамыз. Жамылғанымыз сондағы төртеумізге қой жүнін қалыңдата салған бір үлкен көрпе. Сонда да түн жарымында «бүлк-бүлк» етіп, он екі баланы туыппыз. Қазіргілерді он екі бөлмелі үйге қамап тастасаң да тапқаны екі-үш мұрынбоқ, – деп көңіл толмастық білдіретін.

Сол әжем бір күні өзінен кейінгі қайнысының әйелдерін, яғни келіндерін ертіп, сонау ауыл шетіндегі қайынсіңлісі Дәмеш апаның үйіне қонаққа тартса керек. Ең алдында өзі, одан соң менің апам, Еркебайдың Ұрымханы, Далидың Аққияшы, бәрі өз статустары бойынша бірінен соң бірі арық жиегімен жағалап келе жатады. Жолдың жартысына жете бергенде алдына әлдекімнің жиырма шақты қой-ешкісі аралас жандығы шығады. Ішінде сүзеген қошқары да бар екен. Қаныкүл әжем қара жолды шаңдатқан қой-ешкіні шетке қайырып, «шәйт» деп айқайлап қалса керек. Ұрынарға қара таппай тұрған қошқар да көзі алайып, өзін жақтырмаған Қаныкүл әжемді үлкен мүйізімен бір нұқып, шаңды топыраққа бұрқ еткізіпті. Сөйтіп мүйізін шайқай-шайқай жөніне кеткен. Жоғарыда айтқандай, әжем ерінен жас күнінде қалғаны, оқырманға белгілі ғой. Құлаған кемпірді келіндері улап-шулап тұрғызып жатса, әжеміз айтады дейді.

– Қараң қалғыр, бұ албасты қошқар байы жоқ қатынды да таниды. Көп қатынның ішінен мені сүзгенін айтсайшы, – деп үсті-басын қаға беріпті ғой жарықтық. Ұрыс естиміз деп қорыққан келіндері жаулықтарының ұшымен аузын баса күле беріпті сол жерде.

Сол әжем көп сөйлеген кісіні де жақтырмайтын. Бір туыстың үйінде құдайы жолы жасап, ас соңында сәлделі молда аңыратып Құран оқиды. Ауылда Құран соңында пәлен жылғы қайтқан адамның өзін, көрші-көлемін, жалпы өмірден өткен арғы-бергі ата-бабаңның аты-жөнін, әкесімен қосы тізбектеп айтатыны бар. Молда үй иесі айтқан осындай есімдерді түгелдей, төпелеп айтып келе жатқан. Таусылар емес. «Пәленше баласы түгеншеге тие берсін» дегеннің бірнешеуі кетті. Шыдамаған әжем сонда «Әй, молдеке, өлгеннің қайсыбірін бөліп жарасың, қырылып қалғанның барлығына тие берсін десейші» деп өзі бет сипаған күйі тұрып жүре бергені. Әжемнің қылығына үйдегілердің тұншыға күліп жатқаны әлі есімде.

Айтқыр еді-ау. Карантиннен қапылып, елге жете алмадық. Иманың жолдас болсын, Қаныкүл әже!

Ержан ҚОЖАС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!