Жөкетай құрдасым жақсы жігіт. Жаман қасиеті ойын көтермейді. Аузы бұртиып, көзі айналып шыға келеді. Үндемей келіп абайсызда қауып алатын, ауладағы байлаулы ит сияқты.

Бірақ өте сенгіш. Бала күнімізде құлын-тайдай тебісіп өстік. Бірге жетілдік. Оның бір әдеті бар. Жаңа жыл мерекесі жақындаса, қолына ақ парақ пен қаламсап алып, Аяз атаға бұрқыратып хат жазады. Ауылда ер жеткенше бұл әдетін тастаған жоқ. Жыл сайын велосипед сұрайды. Ақыры атасынан мүлдем жауап келмеді.

Әйтеуір жазғыш. Қазір тек бас жазады. Ақыры ауылда қалды. Үйленді. Соғымның науқаны басталғанда көзі жайнап жүреді. Құрдастарын жағалап қуырдақ жейді. Бүгін жүз граммды біраз сілтеп жіберді. Баяғы Аяз атасы есіне түсіп еңкілдеп жылады. «Атам-ай» деп жасы елуге келген еркектің еңкілдеп өксігені жүрек ауыртады. Аянышты. Бөшкедей қатыны Мағрипамен сөзге келіп қалды.

– Аяз ата жоқ! – деді әйелі.

– Бар!

– Атаңның басы! Бар болса қайда? Осы сен шалға сенуіңді қашан қоясың? – деп Мағрипа құрдасымды қылғындыра бастады.

Көршілері әрең айырды. Жұдырығы бокстан әлем чемпионы Тайсоннан асып түседі. Ұрғанын құлатады. Бұдан бастық біткен қашып жүреді. Өткенде балаға берілетін әлеуметтік жәрдемақыны даулап көшеге шыққанда он полицияның күші жетпей күшенді.

Жә, содан Жөкетай масаңдық әсер етті ме, білмеймін, қолына қалам алып Жаңа жыл мейрамының қарсаңында Аяз атасына хат жазды.

«Аса құрметті, ақ сақалды, Аяз ата! Сізді құдамдай сыйлаймын. Қатты сенемін. Сізден басқа қазір сенетін шал қалмады. Бәрі алдайды. Алданып келеміз. Мен өзіңді бала күнімнен жақсы көремін. Маған 2021 жылы су жаңа, фигурасы «мощный» тоқал әкеліп берші. Біздің қатын тозды. Шаршадым. Әбден былшиып семіріп алды. Сәлеммен, Жөкетай».

Хатты таң атпай әйелі тауып алды. Оқып шықты. Соғыс ә дегенде басталып кетті.

– Ей, сүмелек! Саған тоқал керек екен ғой? – деді Мағрипа ерні кезеріп.

– Қандай тоқал?

Жөкетай араққа тойып алып, түнде Аяз атаға хат жазғанын ұмытып тұр.

– Мына хатты сен емей мен жаздым ба? Бейшара, бұған қазір бала да сенбейді.

– Қатын, қойшы, Жаңа жыл келе жатыр… – деді басын ұстап. Бірдеңе бүлдіргені енді есіне түсті. «Тоқал» деген сөзді естісе, Мағрипаның төбе шашы тік тұрады.

– Жазғыш болсаң Аяз атаңнан тоқал сұрағанша, неге ауданға жаңа әкім, халыққа жаны ашитын депутат сұрамайсың, а?! – деп құрдасымды үйден жалаң аяқ қуып шықты.

Жөкетай қазір суық сарайда дірілдеп, саусақтары бүрісіп, бірдеңені шимайлай бастады. Бұл жолы хатты Аяз атасына емес, қайны атасына жазып жатыр…

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!