Қазақтың жоғары білімді алғашқы заңгерінің бірі, Алашорданың Батыс бөлімшесінің төрағасы Жанша (Жаһанша) Досмұхамедовтың туғанына биыл – 135 жыл. Алайда Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері дүниеге келген жылға қатысты түрлі деректер бар.

Тарих ғылымдарының кандидаты Күлпаш Ілиясованың «Астана ақшамы» газетінде жарияланған мақаласына сүйенсек, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік мұрағаттың құпия қорларының ашылмауына байланысты бүгінге дейін әртүрлі дата жазылып келген. «… Айталық, 2001 жылы шыққан «Қазақстан» Ұлттық Энциклопедиясының 3-томында «Жанша (Жаһанша) 1886, қазіргі Батыс Қазақстан облысы – 1932 – Алаш қозғалысының қайраткері, заңгер» деп жазылған. Ал, кейінгі зерттеулердің нәтижесінде оның туған, қайтыс болған жылдары (1887-1938) және әртүрлі жазылатын есімі нақтыланды, тарих беттері толықты. Сонымен, Жаһанша Досмұхамедов 1887 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысында (Орал уезі, Жымпиты) дүниеге келген, туған күнін оралдық тарихшы Дәметкен Сүлейменова маусымның 28-інші жұлдызы деп шамалайды және Мәскеуде тұтқындалып, сол жақта атылған Жаһаншаның сүйегін туған жеріне әкелуді армандайды» деп жазылған мақалада.

Алаш қайраткерінің өмір жолына ден қойсақ, оның қоғамдағы маңызды тақырыптарға белсене араласқанын байқауға болады. Бүгін біз Жаһанша Досмұхамедовтың Алаш автономиясы құрылған тұстағы және мұсылмандық жолдағы келесідей еңбектеріне тоқталуды жөн көрдік.

Жаһанша алдымен Орал әскери реалдық училищесінде, кейін Мәскеу университетінде заңгер мамандығында білім алған. Осыдан соң Том округтік сотында прокурордың орынбасары қызметін атқарған. Оралдық тарихшы әрі заңгер Равиль Мәжитовтың зерттеуінде оның есімі 1915 жылғы «Памятная книга Томской губернии» атты кітапқа енгені айтылады.

Тарихи тұлғаның есімін 1917-1919 жылдардағы саяси оқиғалар жайлы деректерден жиі кездестіреміз. Осы жылдар аралығында ол Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасары, Уақытша үкіметтің Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы туралы заң жобасын дайындайтын Мемлекеттік кеңестің мүшесі болған. Большевиктердің көсемі В.И.Ленинмен және И.В.Сталинмен қазақ автономиясы туралы келіссөздер жүргізген. Сондай-ақ Ресейдің «Қылмыстық кодексін» 1000 данамен «Жауыздық низамнамасы» деп қазақшаға аударған.

1918 жылдың мамыр-қыркүйек айларында өмір сүрген «Уақытша Ойыл Уалаяты» үкіметінің орнына Әлихан Бөкейхановтың бастамасымен 1918 жылдың 11 қыркүйегінде Алаш автономиясының батыс бөлімшесі құрылып,  оны Жаһанша Досмұхамедов басқарған. Р.Мәжитовтың мәліметіне сүйенсек, бұл мемлекеттік құрылымның мөрі сақталған. Дөңгелек пішіндес мөрдің ортасында АЛАШОРДА, оны айнала қоршаған тұсында Алаш автономиясының батыс бөлігін басқару бөлімшесі (орыс тіліндегі түпнұсқада «отделение по управлению западной частью автономии Алаш») деп жазылған.

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты ұсынғанмәліметте Жаһаншаның Алаш әскерін ұйымдастырудағы рөлі туралы келесідей жазылған: «…Халел мен Жаhанша Досмұхамедовтер және олардың әскери мамандары соғыс жағдайында өзінің әскери юнкерлік школдарын ұйымдастырды. Юнкерлерді Кеңес өкіметіне қарсы бағытта тәрбиелеу ісін ахун Нұрпейісов жүргізсе, әскери өнер ісіне капитан Кренков басшылық жасады. Жиналыста Халел Досмұхамедов Жаhаншаны «Ойыл Уалаятының ханы» етіп сайлады. Еуропаша айтқанда, Премьер-министр және Әскери министр қызметіне сайланды. Осы жиналыста ол Діни басқарма құрып, оның басына Хаирша Ахметжановты қойды. Діни адамдардың ықпалымен оның мемлекеттік жалауындағы Мұхаммед пайғамбардың жасыл түсті, жарты аймен безендірілген белгісі – көп нәрседен хабар береді. Онда діни символ ретінде жазылған «Құдай біреу, Мұхаммед – оның өкілі» деген жазу бар. Бұл жалау Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің архивінде сақталған. Осылайша Ойылда діни, ұлттық әрі хандық идеологияны білдіретін ерекше мемлекеттік бірлестік пайда болған».

Сол тұста мұсылмандық жайын назардан тыс қалдырмаған Алаш қайраткерінің тағы бір еңбегі ‒ қасиетті Құран кітаптың алғашқы нұсқасын сақтап қалуы еді. «Ресей империясының территориясындағы Ислам», 1999 ж, әдебиетіндегі дерекке сүйенсек, Жанша Досмұхамедов тапсырған Құран Кәрім ‒ аяттар мен сүрелерді жинақтап, реттеу жолымен жасалған кітаптың бастапқы, толық нұсқасы. Оған бірінші халиф Әбу Бәкірдің тапсыруымен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хатшысы Зайт ибн Сабит пайғамбардың  (с.ғ.с) айтуынан сүйекке, тасқа, теріге, пальма жапырағына, т.б нәрселерге кезінде жазылып қалған аят, сүре нұсқаларын жиыстырып жасаған түпнұсқа негіз етіп алынған. Үшінші халиф Осман ибн әл-Аффан (644 ж) Алланың кітабын әр жерде әртүрлі оқудан туындаған толқынды басу және мұсылман қауымын біріктіру мақсатында Зайт ибн Сабит жиған түпнұсқасы негізінде толық нұсқа жасауды тапсырады. Осман жиғызған Құран төрт дана етіп көшіріліп, халифалықтың басты төрт шаһарына Меккеге, Шамға, Куфаға және Басраға жіберіледі, ал бастапқы нұсқа Мәдинада сақталған. Осман Халиф 656 жылы дінсіздер тобы шығарған бүліктің құрбаны болған: халифаның үйіне басып кірген бүлікшілер өзі жиғызған Құран нұсқасын оқып отырған Осман халифаға қанжар сұғып өлтіреді. Халифаның қаны Алла Тағаланың «Алла сені олардан құтқарады» деген сөзінің үстіне төгіледі. Халифа қаны төгілген осы нұсқа ұзақ уақыт Самарқандтағы Хожа Ахрар мешітінде сақталып келген. 1869 жылы Түркістан өлкесі күшпен аннексияланғанына бір жыл өткенде, өлкенің генерал-губернаторы фон Кауфман ғылымда «Осман жиғызған Құран» не «Самарқандтық куфа Құран» аталатын нұсқаны Санкт-Петербургтің көпшілік кітапханасына өткізеді.

1917 жылы қарашада Петроградта өткен ІІ Бүкілресей мұсылмандар сьезі өкімет орындарынан Осман жиғызған Құран Кәрімді қайтаруды сұрау жөнінде шешім қабылдайды. Смольныйға бұл топты Шура-и ислам Атқару комитетінің төрағасы А.Салиховтың орынбасары, В.Ленинмен жақсы таныс Жанша Досмұхамедов бастап барады. Халық комиссарлары Кеңесі өтінішті дереу қанағаттандырып, тиісті қаулы қабылдайды. 1917 жылы 9 желтоқсанда В.Ленин Ағарту халық комиссары А.Луначарскийге қаулыны орындау жөнінде өкім етуін сұрап хат жазады. Осы хаттың негізінде Құран Кәрім көпшілік кітапханадан алынып, Шура-и ислам өкілдеріне табыс етілген. 

Жаһанша Досмұхаммедов әйелі Ольга Константиновнамен Том қаласында танысып, мұсылмандық жолмен некелескен. Ольга қазақтың салт-дәстүріне мойынсұнып, Жаһаншаның елінде «Зайра» атаныпты, жұбайының ағайын-туысқандарымен байланысын үзбеген. Жаһаншаның бел немересі Бейсенғали Құлиясұлы Қуанышаевтың айтуынша, әжесі Ольга өмірінің ақырына дейін Мәскеу қаласында тұрған. Жаһаншаның арғы атасы Сұлтаннан Досмұхамед және Ізмұхамед, Досмұхамедтен Жаһанша, Ізмұхамедтен Хадис (1912 ж.т.) пен Құлияс (1914 ж.т.) тараған. Жаһанша мен Ольгадан ұрпақ болмаған, олар кішкентайынан ағасының баласы Хадисті бауырына басқан.

Дайындаған Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!