Алаш зиялылары – қазақтың тәуелсіздігі мен ұлттың болашағы үшін күрескен зиялы қауым. Олар ұлт тағдырына жастайынан алаңдап, қазақ халқын отарлық езгіден құтқару, ұлттық сананы ояту жолында аянбай қызмет етті. Олардың жастық шақтағы өмір жолына көз жүгіртсек, бірнеше маңызды кезеңдер мен істерді байқауға болады.

Алаш зиялыларының жастық шағы қазақ халқының рухани, әлеуметтік және саяси өмірінің ең күрделі кезеңдеріне тұспа-тұс келді. Олардың жүріп өткен жолдары ғылыми ізденуден бастап, ұлттық тәуелсіздікке ұмтылысқа дейінгі аралықты қамтыды.

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ: БІЛІМГЕ ЖОЛ АШУ

Алаш зиялылары «білім алуды» ұлтты дамытудың негізгі құралы деп түсінді. Олар өздерінің жеке мансабынан бұрын, ұлтқа қызмет ету үшін оқуды негізгі құрал ретінде қарастырды. Қазақ даласында мектеп ашып, оқу бағдарламаларын дайындады.

Мағжан Жұмабаев 17 жасында Уфа қаласындағы «Ғалия» медресесінде білім алған. Ол сол жерде өзінің алғашқы өлеңдерін жаза бастады, кейін бұл өлеңдері қазақ жастарының арасында кеңінен таралып, ұлттық рухты оятты.

Әлихан Бөкейханов 19 жасында Омбы техникалық училищесіне түсіп, кейін Санкт-Петербург орман институтында жоғары білім алуды жалғастырды. Ол студенттік шағынан бастап ауқымды жобаларды зерттеді. Студенттік қозғалыстарға қатысып, қазақ халқының отарлық езгіден құтылу мәселелерін талқылады.

Ахмет Байтұрсынұлы 20 жасында Орынбор мұғалімдер семинариясына оқуға түсті. Сол жерде ол оқумен қатар, ұлттық білім беру жүйесін дамыту мақсатында алғашқы идеяларын қалыптастырды.

Міржақып Дулатов 19 жасында Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін бітірген соң ауыл мұғалімі болып қызмет етті.

Жүсіпбек Аймауытов 19 жасында ауыл мектебінде мұғалім болып жұмыс істей бастады. Бұл тәжірибе оның педагогикалық және әдеби қызметінің негізін қалады.

Халел Досмұхамедов 18 жасында Орал реалдық әскери училищесін үздік бітіріп, 20 жасында Санкт-Петербург университетіне оқуға түсіп, медицина саласына бет бұрды. Оның бұл шешімі қазақ халқының денсаулық сақтау мәселелерін шешуге бағытталған маңызды қадам болды.

Сәкен Сейфуллин 19 жасында Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясында білім алды. Семинарияда жүріп, қазақ халқының саяси және әлеуметтік мәселелерін талқылайтын ортада болды. 21 жасында алғашқы өлеңдері жарық көріп, қазақ жастарының ортақ үніне айналды.

Мұхтар Әуезов 20 жасында Семей қаласында оқып жүрген шағында қазақтың мәдени және әдеби мұраларын зерттеп, Абайдың шығармашылығына ден қоя бастады. Оның алғашқы шығармалары да сол кезеңде жазылды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы жасынан араб, парсы, түрік тілдерін меңгеріп, өздігінен білім алды. 20 жасында қазақ тарихына, әдебиетіне қызығып, өз шығармаларында ұлттық рухты бейнеледі. Ә.Бөкейханов 1907 жылы II Мемлекеттік Думаға депутаттыққа кандидат етіп Ш.Құдайбердіұлын ұсынған. Бірақ ақын өз орнын Т.Нұрекенұлына берген.

ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ОЯТУ ЖОЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАР

Алаш зиялыларының жастық шағы патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы күреске арналды. Олар әдеби шығармалар арқылы ұлттық рухты оятуға тырысты. Поэзия мен прозаны халықты ағарту құралы ретінде қолданды.

Әлихан Бөкейханов 24 жасында «Сібір автономиясы» идеясын қолдай отырып, қазақ халқының құқығын қорғап, жер мәселесін көтерді.

Ахмет Байтұрсынұлы 25 жасында қазақ халқын отаршылдықтың ауыр салдарынан құтқару мақсатында әдебиет пен ағартушылық қызметті бастады. Дәл осы жасында алғашқы әдеби еңбектерін жазып, қазақ тілінің әліпбиін жасаудың негізін қалады. Бұл еңбектері кейінгі ағартушылық қызметіне жол ашты.

Міржақып Дулатов 20 жасында ел арасында ағартушылық жұмыспен айналысып, 25 жасында «Оян, қазақ!» атты алғашқы өлеңдер жинағын жазып, қазақ халқын отарлық езгіден арылуға шақырды. Бұл еңбек сол кезеңдегі ұлт-азаттық қозғалыстың ұранына айналып, ұлттық санаға серпіліс әкелді.

Мағжан Жұмабаев 16 жасында медреседе оқып жүргенде-ақ алғашқы өлеңдерін жазып, қазақ әдебиетіне жаңа леп сыйлады. Оның тың туындыларының бірі – «Түркістан» поэмасы, онда түркі халықтарының бірлігін дәріптеді.

Жүсіпбек Аймауытов 22 жасында пьесалар жазып, қазақ драматургиясының негізін қалады. Оның шығармалары ауыл өмірін, әлеуметтік мәселелерді терең ашып көрсетті. 1917 жылы, яки 28 жасында Алаш партиясына қабылданды.

Сәкен Сейфуллин 20 жасында Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқып, сол кезде- ақ өз заманының өзекті мәселелерін қозғайтын тақырыптарға қалам тербеді. 22 жасында Сәкен сырттай мүлікті заңдастыру комиссиясының Ақмола уезі бойынша 12 елді мекенде жұмыс істеді. Дәл осы кезеңде негізі қалануына өзі тікелей қатысқан, Бұғылы мектебінде оқытушы болып қызмет атқарды. 23 жасында «Жас қазақ» саяси және әлеуметтік-мәдени қоғамын құрып, «Тіршілік» газетін шығаруға атсалысты.

ҚОҒАМДЫҚ ЖӘНЕ САЯСИ БЕЛСЕНДІЛІК

Алаш зиялыларының жастық шағындағы ең маңызды қадамдарының бірі – қоғамдық қызметке араласу. Ұлттық тәуелсіздікүшін күреске белсене араласуы олардың ұлтшылдық рухының нағыз дәлелі.

Қайраткерлердің жастық шағында саяси белсенділік танытуы – олардың идеялық кемелденуінің көрінісі еді. Ерте жастан- ақ отаршылдықтың қазақ халқына тигізген зардаптарын терең ұғынып, қоғамдық және саяси істерге белсене араласуы олардың көшбасшылық қабілеттерін айқындады.

Әлихан Бөкейханов 20 жасында Омбы қаласындағы орыс революциялық қозғалысына жақын болған қазақ интеллигенциясының ортасында жүрді. Ол сол кезеңнен бастап-ақ ұлт тәуелсіздігі идеяларын насихаттай бастады. Әсіресе саяси-демократиялық күрес жолына түскен Әлихан бастаған қазақ зиялылары Қарқаралы петициясында жер мәселесін көтерді. Сол кезден- ақ Әлихан орыс зиялылары арасында танылып, саяси көзқарасы қалыптаса бастады.

Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер 30 жасқа жетпей-ақ Алашорда үкіметінің басшылары қатарынан көрініп, автономия құру жолында маңызды рөл атқарды.

Халел Досмұхамедов 25 жасында Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатысып, қазақ халқының мүддесін қорғауға ұмтылды. Сондай-ақ халық денсаулығын жақсартуға бағытталған медициналық мақалалар мен еңбектер жазды. Сонымен қатар қазақ жерінің шекарасын анықтау және оны сақтау мәселелері бойынша жұмыстар жүргізді.

Жаһанша Досмұхамедов 27 жасында Алаш автономиясының құрылуына белсене қатысып, ұлттық мүддені қорғау жолында күресті.

Мұстафа Шоқай 20 жасында патша үкіметінің Түркістан өлкесіндегі әділетсіз саясатына қарсы шыққан қозғалыстардың бел ортасында жүрді. Кейін ол Түркістан автономиясын құруға атсалысты.

Әлімхан Ермеков 27 жасында қазақ жерінің шекарасын белгілеу жұмысына қатысып, Алаш қозғалысының алғы шебіндегі мүшелерінің бірі болды.

ҰЛТТЫҚ БАСПАСӨЗ, АҒАРТУШЫЛЫҚ ҺӘМ ҚОҒАМҒА ҚЫЗМЕТ

Алаш зиялылары жастық шағында тек ағартушылықпен шектелмей, әдебиет пен журналистика арқылы да ұлттық сананы серпілтуге тырысты. Газет-журнал шығарумен айналысып, ұлттық баспасөзді дамытуға күш салды. Басылымдар арқылы олар қазақ халқының көкейкесті мәселелерін көтерді. Олар үшін әдебиет ұлттық сананы қалыптастыруда маңызды құрал болды. Поэзия, проза және драматургия арқылы халықтың көзін ашып, отаршылдықтың салдарын түсіндірді. Осы кезеңдерде баспасөз қазақ халқының оянуының негізгі құралдарының біріне айналды.

Әлихан Бөкейханов 27 жасында «Степной край» газетінде қазақ халқының құқықтары мен экономикалық мәселелері туралы мақалалар жаза бастады. 29 жасында Ресей Мемлекеттік І Мемлекеттік Думасына мүше болып сайланып, қазақ халқының мүддесін қорғауда белсенділік танытты. 30 жасында қазақ жерлерін Ресей империясының отарлау саясатына қарсы қорғау жолында зерттеулер жүргізіп, саяси қозғалыстарға жетекшілік етті.Ол қазақ жерлерінің бөлшектенуіне қарсы тұрып, қазақ автономиясын құруды басты мақсат етті.

Міржақып Дулатов 25 жасында «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағын жазып, бұл еңбегі үшін патша үкіметінің қуғын-сүргініне ұшырады. 27 жасында ауылдық мектептерде мұғалім болып жұмыс істеп, қазақ балаларына білім берудің жаңа тәсілдерін енгізді. 28 жасында Ахмет Байтұрсынұлымен бірге «Қазақ» газетін ұйымдастыруға атсалысып, әлеуметтік мәселелер туралы мақалалар жариялап, халықты білім мен мәдениетке шақырды. Ал 30 жасында қазақ зиялыларымен бірге ұлттық автономия құру идеясын алға тартты.

Мағжан Жұмабаев шығармалары қазақ әдебиетінде романтизм мен ұлттық идеяны ұштастырды. 20 жасында алғашқы өлеңдер жинағын шығарды. 22 жасында «Батыр Баян» поэмасын жазып, қазақ халқының батырлық тарихын жырлады. Бұл шығарма қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. 23 жасында «Бостандық туы» газетінде, «Шолпан», «Сана» журналдарына мақалалары жариялап, ұлттық сана мен мәдениетті насихаттады.

Жүсіпбек Аймауытов 20 жасында әдеби шығармалар тудырып, қазақ драматургиясының негізін қалады. Оның шығармалары халықтың тұрмыс-тіршілігін, ауыр тағдырын көрсете алды. 24 жасында «Қартқожа» романын жазып, қазақ халқының тауқыметке толы тағдырын суреттеді.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің грамматикасын жетілдірумен айналысып, қазақ мектептеріне арналған оқу құралдарын жазды. Ол «Тіл құрал» атты еңбегі арқылы қазақ тілін оқыту әдістемесін қалыптастырды. 30 жасында «Қазақ» газетінің негізін қалап, халықтың саяси және әлеуметтік мәселелерін ашық талқылады. Бұл басылым қазақ халқының мүддесін қорғап, отаршылдыққа қарсы рух беретін негізгі ақпарат көзі, сондай-ақ қазақ зиялыларының үнін халыққа жеткізіп, ұлттық сананы оятудың негізгі құралы болды.

Алаш зиялыларының жастық шағы – ұлт тағдыры үшін күрестің бастамасы еді. Олар білім алып, әдебиет пен өнер арқылы ұлттық сананы оятты, баспасөз арқылы халықтың көкейкесті мәселелерін көтерді, саяси күрестің алғы шебінде жүрді. Алаш зиялыларының жастық шағында атқарған ұлы істері – ұлт үшін қызмет етудің жарқын үлгісі.

Жоғарыда аталған қайраткерлердің әрбір ісі бізге тәуелсіздік пен ұлттық сана-сезімнің бағасын терең түсінуге мүмкіндік береді. Алаштың асыл мұраты мен ерлік жолы жас ұрпаққа аманат.

А.Маратқызы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!