«Профессор, филология ғылымдарының докторы Алма Мүтәліпқызы Қыраубаева – қазақ топырағында туып, ұлттық болмыстың нұрлы шуағынан нәр алған, табиғаты бөлек, оқу мен білімді өнер деп танып, ұлтты тәрбиелеудің ұлы құралы санаған жан».
Фаузия Оразбаева

Қазақ әдебиетінің тарихы, бүгінге дейін зерттеліп келе жатқан тың дүниелердің бірі. Сөз өнерінің сан ғасырлық тарихын зерттеп, оның қазіргі маңызы жөнінде ізденіп жүрген ғалымдар аз емес. Соның ішінде алты Алаштың анасы болған Сыр елінің перзенті, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы әрі профессоры Алма Қыраубаеваның ғылымдағы орны һәм төлтума еңбектерінің маңызы бүгінгі ұрпақ үшін аса зор.
“Сыр елі, жыр елі – Түркінің жүрегі” демекші, киелі жерде дүние есігін ашқан соң, жерлестеріміздің қаламынан туған құнды еңбектерін зерттеу мен үшін жай ғана міндет емес, нағыз парыз. Сыр елінің борыштар перзенті ретіндегі міндетім бала шақтан бастау алып, бүгінде ғұмырлық мақсатыма айналды. Сол қалауыма жету үшін әрі сөз өнерінің асыл қазынасын айшықтай түсетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды өмірлік жол ретінде таңдаған соң Алма апамның салған сара жолымен жүріп, баға жетпес еңбектерін зерттеу үшін айқын міндет. Көрнекті ғалым қазақ халқының ежелгі дәуір әдебиетін зерттеп, сол ғасырдың бай мұраларын бүгінге жеткізіп, әдебиетіміздің дамуына сүбелі үлес қосты. Осындай маңызды зерттеулерінен ғалымның қаламынан «Махаббатнама», «Түркі әдебиеті», «Ғасырлар мұрасы», «Жаным садаға», «Шығыстық қисса дастандар» атты монографиялар мен оқу құралдары, жүзден астам ғылыми-әдістемелік, публицистикалық мақалалар жарыққа шықты. «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» демекші, әдебиеттану ғылымдарының көрнекті қайраткері Бейсембай Кенжебаев – дарынды ғалымның жұлдызын жаққан ұстазы. Алма Қыраубаеваның әдебиетке деген кіршіксіз махаббатын оятқан ең алдымен өзінің жанжақтылығы мен дарындылығы десек, екінші жағынан оның рухы биік һәм ізгі мұратты қыз екендігін, биязы әрі ибалы, сонымен қатар топбасшылығын, өнер десе ішкен асын жерге қоятындығын, көзіндегі лаулаған шоқты көре алған ұстаздарының арқасы деп білемін. Оның ғылыми ізденістері негізінен көне түркілік әдеби мұраларды зерттеуге арналған. Ғалым ретінде оның алдына қойған екі мақсаты: бірі – әлі зерттелмеген құпияға толы әдеби құндылықтарды ғылыми тұрғыдан игеру болса, екіншісі – сол игерілген жауһарды қазақ халқының кәдесіне жарату болған. Оның ғылыми-зерттеу еңбектерін 4 салаға бөліп қарастыра аламыз. Олардың бірінші бағыты ретінде ғалымның орта ғасырлардағы шығыс қиссa-дастaндары мен орта ғасыр әдебиетін зерттеуін айтамыз. Бұл бағыт оның докторлық диссeртaциясы негізінде жазылған. Алма Қыраубаеваның 1997 жылы «Шығыстық қисса-дacтандар» монографиясы жарық көрді. Ал екінші бағыты – түркoлoгиялық зерттеулері. Бұл салаға ғалымның «Мaxаббатнама», «Түркі әдебиеті» сынды 1985-1988 жылдары жарық көрген еңбектерін жатқызуға болады. Үшінші бағытына келетін болсақ, бұл – пeдагoгикалық зерттеу еңбектері. Ғалымның осы педагогикалық зерттеу еңбектері мен ұстанымдары да жаңа буынды тәрбиелеуде, оқушыны жеке тұлға ретінде дамытуда тың тұжырымдарымен ерекшеленді. Алма Қыраубаеваның зерттеу еңбектерінің төртінші бағыты жыр алыбы– Жaмбыл Жaбаевқа арналды. Осы орайда ғалымның қазақ әдебиетінің өкілі Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына қосқан үлесі зор екенін айта кеткеніміз жөн. Ол ақынның ескі әрі еш жерде жарық көрмеген термелерін жинақтап, «Жамбыл әуендері» жинағын құрастырған. Назар аударып қарайтын болсақ, ғалым өзінің ғұмырын қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуден бастап, қазақ оқушылары мен студенттерінің білім алу жолына толық арнаған. Бұлай дейтін себебіміз біріншіден, Алма Қыраубаева жоғары оқу орындарында оқытылатын «Ежелгі әдебиет» оқулығының, «Ежелгі дәуір әдебиеті» хрестоматиясының тұңғыш авторы. Сонымен қатар ғалым қазақ мектептерінде басшылыққа алынуы тиіс «Тілaшap», «Eлтaнy», «Әлeмтaну», «Әдeп» бағдарламаларын жасады. Тәрбиенің алдында тұрған басты міндет қазіргі қазақ жастарының мінезін дұрыс қалыптастыру екендігін өз зерттеулерінде айшықтап көрсеткен. Осы орайда Алма Қыраубаеваның «Мұғaлiм – тeргeушi eмес, үйретyші, тәртіпкe сaлып қoюшы емес, рyxани өсіруші. Баланы қызықтыру арқылы ерте білетін адам балаға нені үйреткісі келсе, соны өзі көрсетеді. Баланың қазақ деген ұлы халықтың ұрпағы екеніне, қазақ жерінде тұратындығына мақтаныш сезімін қалыптастыру – мұғалімнің абыройлы ісі» деген сөз оралымдарынан қазақ балаларына жанашыр ұстаз әрі елінің ертеңіне алаңдайтын абыройлы ғалым екеніне толық көзіміз жетеді. Ғалымның шәкірті филология ғылымдарының докторы әрі профессор Қанипаш Мәдібаева да өзінің «Алма апайдың мектебі» атты мақаласында осы сөзімізді дәлелдей түскендей: «Алма Мүтәліпқызы сол бір жылдарда ұлт болашағы үшін үлкен жобамен жұмыс бастады. Қазіргідей тендер ұтып, қаржы алатын жоба емес. Көк тиын көмексіз, қазақ баласын өркениет төріне шығаруды көксеген көптің тілегіне орай аспаннан түскендей ғажайып бастама еді. Ғылыми негізді, сауатты, білікті маманның теориялық тұғырлы білім тұжырымдамасының тәжірибеде жүзеге аса бастағанын көзбен көрдік» деп жазған болатын. Демек Алма Қыраубаева ғылымның қай саласында да, әдебиеттің қай дәуірі болсын қазақ балаларының сауатты да саналы болуын ғұмырлық мақсатына айналдырған зиялылардың бірі. Оның бірден-бір дәлелі ретінде жоғары оқу орындарында «Ежелгі дәуір әдебиеті» Алма Қыраубаеваның авторлығымен оқытатындығын ауыз толтырып айта аламыз.
Қорытындылай келе, Алма Қыраубаева өзінің бар ғұмырын білім мен ғылым жолына арнап, ел ертеңіне өшпес мол мұра қалдырды. Ұстаздың ұлы жолын құрметтейтін ұрпақ ретінде біздің міндетіміз ғалымның әр еңбегіне дұрыс баға бере алу және өз дәрежесіне көтеру деп есептеймін. Осы тұрғыда ұлы ғалым Алма Қыраубаеваның барлық зерттеу еңбектерін, мақалалары мен ұстанымдарын қамтитын үлкен монографиялық еңбек жарық көруі тиіс деген ұсыныс білдіремін. Әрине, ұстазымыздың еңбектерінің бағасы бұдан да биік, алайда қараңғы жолда жеті қарақшыдай жанып, жол көрсететін келешек ұстаздар үшін, көкірек көзін ашамын деген біз секілді жастарға және жас ізденушілерге таптырмас құрал ретінде ғалымның құнды еңбектерінің жинағы жарық көрсе, нұр үстіне нұр болар еді!


Нұрайым ЖАСҰЛАНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің 3-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!