Фото: ашық дереккөзден алынды
Бұл сұрақ ғасырлар бойы философтар мен ғалымдарды толғандырып келеді. Бала күнімізден білім алуға, ақылды болуға талпынамыз, себебі бұл жетістік пен бақыттың кілті деп есептейміз. Алайда америкалық жазушы Дэниел Киз өзінің әлемге әйгілі «Алжернонға арналған гүл» романында бұл ұғымға мүлдем басқа қырынан қарайды. Кітаптың жанры ғылыми фантастика деп айтылғанымен, ол шын мәнінде адам жанындағы ең нәзік мәселені қозғайды.
Шығарманың басты кейіпкері – 32 жастағы Чарли Гордон. Оның интеллектуалдық деңгейі небәрі 68-ді құрайды. Бірақ Чарлидің бойында көп адамда кездесе бермейтін ерекше қасиет бар. Ол өте еңбекқор, ақкөңіл және «ақылды болуды» армандайды. Ол бәрін білсе, айналасындағы адамдар Чарлиді жақсы көріп, онымен дос болатынына кәміл сенді. Алайда бұл сенім оқырманның жүрегіне жара салатыны бірден байқалмады.
Көп ұзамай Чарлидің өмірінде үлкен мүмкіндік пайда болады. Ғалымдар оның миына интеллектіні жасанды түрде арттыратын ота жасауды ұсынады. Бұған дейін мұндай тәжірибе Элджернон есімді тышқанға жасалды. Чарли бұл тәуекелге қуана келіседі. Осы сәттен бастап екі тағдыр бір арнада тоғысады.
Оқиға Чарлидің күнделік түрінде жазған әңгімесі арқылы оқырманды тартады. Біз осы жерде автордың шеберлігіне куә боламыз. Алғашқы беттерде біз сауатсыз, тыныс белгілері жоқ, баланың тілімен жазылған жазбаларды көрсек, кейін біртіндеп сөйлемдердің күрделеніп, ойдың кемелденуін байқаймыз. Ол өзін жарыққа шыққандай сезінеді, бірақ бұл жарық оған бақыт сыйлады ма?
Ақыл-ойдың шарықтау шегіне жеткенде Чарлиді үлкен қасірет күтіп тұрды. Ол ақылды болған сайын, айналасындағы әлемнің сұрықсыздығын көре бастайды. Ол бұрын «дос» деп санаған наубайханадағы әріптестерінің шын мәнінде мазақ етіп, кемсіткенін түсінеді. Ол өзіне ота жасаған ғалымдардың оған адам ретінде емес, жай ғана «лабораториялық нысан» ретінде қарағанына көзі жетеді. Білім оған әлемнің шындығын ашты, бірақ өмір қызығынан айырды. Оның интеллектісі жоғарылағаны сонша, ол тіпті ең ақылды деген адамдармен тіл табыса алмай қалады. Оқиға әрі қарай мүлдем басқа орайға ауысады. Себебі Алжернонның өмірі аяқ асты үзіліп кетеді. Ал кейін не болғанын білгіңіз келсе, кітапты оқуға кеңес береміз.
Бұл шығарма туралы Ақгүлім Ерболқызы «Жас Алаш» газетінде «Бәлкім, ақыл-ой адам үшiн сәттiлiк пен билiкке қол жеткiзуде таптырмас қару шығар. Алайда кейде сол адам ақыл-ойының өмiрдiң күнгей тұсына назар аударту арқылы адамды қоғамдық өмiрдiң сүреңінен жерітіп, азап шектiретіні де әбден рас жайт. Бұл жайтты Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп түйіндеген-ді» деп жазған еді.
Ал Халявина Анастасия кітапқа жазған рецензиясында «бұл оқиға маған басқа адамдарға төзімді болуды үйретті. Кейінгі кездері барлығы толеранттылық туралы айтады, бірақ оның не екенін түсінетіндер аз. Өкінішке қарай, көптің аузынан шыққан сөздер жай ғана сөз болып қала береді… Бірақ Дэниел Киз оқырманды күрделі тұлғаның күрделі әлеміне апарып, мұның шын мәнінде не екенін көрсетеді» деп жазған еді.
Кітаптың берері мол. Бірақ түйін оқырманның өзіне байланысты. Бірі шығарманы өмір мәні туралы толғатады десе, енді бірі адамгершілік пен құндылықты дәріптейді деген ұстанымды алға шығарады. Ал сіз қалай ойлайсыз?
М.МАЙБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!