Қаланың ажары оның қарапайым тұрғынынан бастап, келген мейманға да маңызды. Заманға сай болуы шарт. Бұл туралы бір ғана «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында толыққанды қамтылған. Оның аясында әрбір қаланы цифрландыру жұмыстары қолға алынды, дәлірек айтқанда «Smart city» бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Бағдарлама  Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент секілді ірі мегаполистерді ғана емес, әлемдік деңгейдегі «ақылды басқаруға арналған» жобаларды жүйелеуге негізделген.

Алдымен осы әлемдік деңгейдегі «смарт-қалалардың» тізімін таразыласақ. Алдыңғы қатарға Сингапур мемлекеті – көлік «кептелісі жоқ қала» деген ұғыммен орналасқан. Копенгаген – «интеллектуалды қала» концепциясы бойынша шоғырланған. Қоғамдық көлік қатынасының дамуы жөнінен Швеция алда тұрғаны белгілі. Елімізде де даму бар. Біздің қалада да «ақылды басқару» жүйесі бойынша жобалар жеткілікті. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ-нің директоры Сәбит Ибадуллаевтың пікірінде толығырақ.

– Облыста «Ақылды» қалалардың эталондық стандарты аясында 11 бағыт бойынша (білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, “қалаларды басқару”, қоршаған ортаны қорғау, бизнесті дамыту және туризм, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық) жұмыс жүргізілді. Бүгінгі таңда облыстағы білім беру саласында 295 мектеп «Қазақтелеком» және «Транстелеком» байланыс операторларының арналары арқылы интернет желісіне қосылған. 276 мектеп Wi-Fi нүктелерімен және маршрутизаторлармен қамтамасыз етілген. Қазір мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін арттыру және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ өткен жылы облыстық бюджет­тен 35 мектепті бейне­бақылау камерала­рымен жабдық­тау­ға қаражат бөлінді. Денсаулық сақтау саласында аудан деңгейіне дейінгі және аудан деңгейінен төмен барлық медициналық ұйымдар компьютерлік техникамен 100% және интернетпен 4 Мб/с кем емес қамтамасыз етілген. «Даму-мед» жүйесі арқылы электронды түрде жазылу 74%-ға орындалды, – дейді С.Ибадуллаев.

«Ақпараттық технологиялар орталығының» ұйымдастыруымен жыл сайын IT жобаларды қолдау, дамыту, нарыққа шығару бағытында түрлі шаралар ұйымдастырылатынын да айту керек. Өткен жылы «Smart city Kyzylorda»,«Hackathon» байқауы және “Inno.Fest Qyzylorda” инновациялық жобалар фестивалі өткізілген. Қараша айында ұйымдастырылған «Hackathon» байқауы Start-Up жобаларды, цифрлы шешім­дер мен талантты мамандарды іздеуді мақсат қылды. Осымен үшінші рет өткізілген  байқауға Қызылордамен қатар басқа да облыстардан келген жастардың 100-ден аса жобасы тіркелді. Қатысушылар қатарында ІТ-мамандар, студенттер мен оқушылар, өзге де мамандық  иелері бар . Олардың жобалары түрлі тақырыптарды қамтыған. Ал “Inno.Fest Qyzylorda” инновациялық идеялар фестивалі «Ақпараттық технологиялар», «Контент және Медиа», «Кино және видео», «Smart Qyzylorda» секциялары бойынша 24 сағат ішінде идеядан прототипке дейін жобаны әзірлеуді ұсынған. Фестиваль жайында және тақырып төңірегінде креативті жас, «Aslan Films» студиясының директоры Жасұлан Алдабергенов «Басқа елді мекендермен салыстырғанда біздің өңірдің «ақылды дамуында» айырмашылық бар. «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы және «Ақылды қалалардың» эталондық стандарты аясында бірқатар жоба жүзеге асырылуда және биыл аталған жұмыстар жалғасын табады деген сенімдеміз» деген пікір айтады.

 «Ақылды басқару», яғни смарт-емхана, смарт-мектеп, смарт-билеттер, смарт-төлемдер, смарт-көшені жарықтандыру, тұрғынның бірыңғай картасы, қауіпсіз қала секілді заманауи ұғымдар қазіргі таңда өз тиімділігін көрсетіп отырғаны рас. Оны күнделікті өмірде байқап жүрміз және алдағы уақытта да осы бағыттағы бастамалар қала тынысына жаңа дем береді деген сенім бар.

Гүлжанат ҚАДЫРБЕКОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!