Батырлық ер азаматқа ғана тән деп есептеу қателік. Қазақтың қайсар қыздары қолына қару алып, алыптармен айқасқанда ешкімге есе жібермегенін тарих парақтарынан анық көреміз. Томиристен кейінгі тектілік қазақ аналарының бойына бітіп, қан майданда қазақ қыздарының талай атой салғанын, өр рухтары ерлерден кем болмағанын оқып отырғанда тұла бойыңда қазақы намыс оты тұтана кетеді.

Сұлу Сырдың бойы бұрымды арулары және нәзік бойжеткендерімен де көпке мәлім. Десе де ел басына күн туған шақта, өмірдің өзі өрекпіп, тағдыр таласқа түскен кезде арулар да атқа қонғанын, ұлтарақтай жер үшін күресіп, елдің жеңісін жақындатқанын жақсы білеміз.

Бірде музейге барғанымда көненің көзіндей болған дүниелер өткеннен еріксіз сыр тартып тұрды. Сарғайған парақтар, шеті мүжілген газет беттерін ақтарып отырып, Тұрғанбике (Тұрғаш) Жұмабаева туралы пікірді көріп қалдым. Жазба қиылып алғандықтан қай газет екені белгісіз. Мақала мазмұнында Тұрғанбике Сыр елінен шық­қан тұңғыш партизан қыз екенін айтқан. Ал бұған дейін қызылордалық қыздар арасынан партизан ару шыққан деген сөзді ешбір жерден оқымаған болатынмын. Қызығушылықты оятқан тақырыпты қойын дәп теріме түртіп алдым.

Тұрғанбике Жұмабаева 1922 жылы қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш станциясында дүниеге келген. Аудан орталығында орна ласқан Сталин атындағы мек тептің 1939 жылғы түлегі. Мектепті бітірісімен Қызыл Армия қатарында взвод коман­дирі, шені лейтенант Батырхан Қаражігітов деген жалағаштық жігітпен бас қосып, күйеуі қызмет атқарып жатқан Белоруссияның Борисов ауданына жол жүреді. Жас жұбайлар сол жақта 1940 жылдың шілде айында ұлды болған деседі. Сол тұста естіген ақпаратым осы болды.

Соғыс басталар алдында балалы болса, партизандар қатарына қалай қо­сылды? Тарихта есімі көп аталмаса да, мұрағаттарда есімі менмұндалап тұрған Тұрғанбике жайлы қызығушылық одан әрі арта түсті. Сөйтіп құжаттар мен архивтерді ақтара бастадым. Біле­тіндерден сұрай жүрдім.

Студент кезім. Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университеті. Оқытушылардан кезекті дәріс алу үстіндеміз. Оқытушы Алдажар Әбілов: «Тұрғаш апам здың әкесі Жұмабай Піржанұлы теміржолшы болған. Анасы Алуа Жүсіпқызы туралы көп айтылмайды. Қолда бар деректерде тек ол 1898 жылы Қараөзек бойындағы «Қызыл үй – Мортық» деген жерде дүниеге келіп, 1959 жылы 61 жасында Жалағаш қыс тағында қайтыс болған. Осы тақырыпты тіл шілер зерттеу керек» – деп, ойымда жүрген мәліметтерді тізе бастағаны есім де. Оның айтуынша, майдан даласында баласын арқалап жүріп соғысқан қазақ әйелі жайында тың деректер жетерлік. Оны «толық зерттеу керек» деп есептейді.

Шынымен де қызық. Жұбайымен енді қосылғанда одан қол үзіп қалып, тіпті баласын екі жыл өзімен бірге алып жүріп, жағаға жармасқан жауға да той­тарыс берген қандай құдіретті күш. Содан бұл тақырыптың түбін қазбалай бердім. Тағдыры таласқа түскен Тұрғаш қиындық көрсе де тайталаста тынбай, тыраштанып күресе білген. Бұл жөнінде зерттемек болып, газет тігінділерін ақтара бастадым. «Сырдан шыққан тұңғыш партизан қыз» атты мақаланы көзім шалып қалды. Мақаланы егжей­ тегжейлі оқып шықтым. Жазбадан Тұрғанбике апамыздың жарынан қалай айырылып қалғанын, бұл қасіретке қалай тап болғанын және «партизандар қатарына қалай қосылған?» деген сауал­дарыма жауап ала алдым.

Газеттің бір бөлігінде мынадай сөздер бар. «Ол 1939 жылы Батырхан Қаражігітов деген жас офицерге тұр­мысқа шығады. Үйлену тойы өткеннен кейін екеуі Белоруссияға, яғни, күйеуі қызмет атқаратын Батыс әскери округіне барады. Міне, осы кезден Тұрғаштың Белоруссия жеріндегі өмірі басталады. Күйеуі лейтенант шенінде взвод ко­мандирі болып қызмет атқарады. Ерлі­-зайыпты екеуі 1940 жылы ұлды болады. Әйтсе де, бұлардың қуанышы ұзаққа созылмады. Өйткені 1941 жылы соғыс басталған еді. Сол жылдың 22 маусымында таңғы сағат төртте әс­кери дабылмен кеткен Батырхан көп ұзамай телефон арқылы Тұрғашқа «Тез арада елге қайт» дейді. Бірақ бәрі кеш еді. Жау қоршауында қалған әскери қа­лашықтағы тұрғындар жақын жердегі Лугайск орманын паналайды. Күйеуінен хабар болмаған соң Тұрғанбике жаудан кек алмақ болған партизандарға қо­сылады. Олардың басшысы Николай Дорбин екен. Топтары бірте­бірте үлкейіп, «Николай Щорс» атындағы партизандар бригадасы атанады» деп жазылған.

Мақала авторы Азиз Батырбековтің айтуынша, 1942 жылы оларға Мәскеуден арнаулы радиотехника мектебін бітірген Нұрғаным Байсейітқызы келеді. Көп ұзамай ол Тұрғашқа радио техниканың тілін үйретіп, шұғыл жағдайда қалай байланыс жасау қажеттігін үйретеді. Сонымен қатар Тұрғанбике апамыз неміс тілін де жетік меңгеріп алады. Бұған дейін орыс, белорус тілдерінде еркін сөйлейтін Тұрғашты партизандар Тамара деп атайды. Ол радист қыз­метін атқарып, өте маңызды әрі қажетті ақпарларды өз коман­дирлеріне жеткізіп отырады. Сонымен қоса, наубайхана мен асхана жұмыстарына жәрдемдескен. Барлау шылар тұтқын әкелсе, әкелген сарбаздан жауап алуға да қатысыпты. Тіпті жан беріп, жан алысқан ұрыстардың да бел ор тасында жүрген. Сондай сұрапылдың бірінде ар­ қасындағы баласына оқ тиіп, ажал құшады. Онсыз да сүйген жарынан хабар ала алмай жүрген Тұрғаш апа­мызға баласының өлімі ауыр соққы болады.

Бұдан бөлек, Тұрғанбике Жұмабаева жөнінде Жалағаш жеріндегі аудандық тарихи­ өлкетану музейінде тың деректер бар дегенді құлағымыз шалды. Сол музейдің ғылыми қызметкері, та­рихшы Марат Шөмекеймен тілдесіп, Тұрғаштың өз естеліктеріне де қол жет­кіздік. Естелікте «Соғыстың алғашқы күндерінде әскери қалашықтағы тұр­ғындар мен көптеген әскерилер жақын маңдағы Логайск орманына барып паналадық. Аға политрук Оразбаев барлық азаматтар мен әскерилердің ба­сын біріктіріп, жасырын қаруланған үлкен топқа әкеліп қосты. Біртіндеп то­бымыз көбейіп «Большевик» деген пар­тизан отряды құрылды. Аз уақыттың ішінде «Щорс» атындағы партизандар бри гадасы атанды. Осы бригадамыздың әскери комиссары Уәли Оразбаев, ал командирі Николай Дорбин болып та­ ғайындалды» деп айқын жазылған.

Марат Шөмекей ұсынған мәліметтер тарихтың жаңа парақтарын ашып берді. Соғыс жылдарында Тұрғанбике жеті рет ірі шайқасқа қатысып, олардың барлығында да табандылық пен ерлік көрсетіп бірнеше фашистің көзін жояды. Ол «Ерлігі үшін», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы партизаны» медальдарымен марапатталған.

Батыр қыздың басынан кешкен оқиғасы көп адамға ой салады. Оның естеліктерін оқи отырып, соғыстың қаншалықты ызғарлы әрі зұлым өткенін ұғынуға болады. «Менің есімде қалғаны, бір күні партизандар үлкен шайқаста жаумен бетпе­-бет келеді. Апайдың арқасында простынямен таңып алған баласы бар. Қалайда жау қолына түс пей құтылу керек. Қапысын тауып, жаудың тырнағынан сытылып шығады. Артынан автоматтың оғы жаңбырша жауып тұрғанда, азар­алдамен құтылып, өз отрядына қосылғанда, «бала ауырлап кетті, әрі қимылдамайды, шешіп алып көріңіздерші?» – дейді қасындағыларға. Шешіп көрсе балаға оқ тиген екен. Баласын сол майдан даласында жерлеген» дейді.

Ол тағы бір әңгімесінде, партизан отряды әр уақытта іздерін жасыру мақ сатында орманның ішінде кезіп жүреді екен. Сондай сәтте апай қасындағы серіктерімен бірге немістердің жазалаушы отрядының қолына түседі.

Оларды комендатураға әкеліп, неше түрлі сұрақтар қояды. Көп­шілігі әйелдер болса керек, немістер оларды қорқыту үшін ішіндегі бір-екі ер кісілерді табанда атып тастайды. Бірақ еш­қайсысы жөндерін айтпайды. Со­дан соң оларды өлім лагеріне айдап кетеді.

Концлагерьде бұларды қара жұмысқа салады. Тұрғанбикені неміс офицерлері тамақ ішетін асханасына ыдыс­-аяқ жуатын әрі столдарын тазартатын жұмысына орналастырады. Кешке қайтарда ол кісілерден қалған қою тамақ, нан қалдықтарын орамалына орап, жасырып ала қайтады екен.

Бірде келе жатса, бір шарбақ қораның ішінде біздің өз адамдарымыз тұр екен. Солар аштықтан ағаштардың жерге түскен жапырақтарын жеп, қорек етіп тұрғанын көріп, аяп кетіп, қолындағы оралған тамағын қорадан асырып тастайды. Әлгі аш кеңес тұтқындары, тастаған тамаққа үймелеп қалғанда, мұнарада тұрған күзетшілер көріп қояды. Екі неміс солдаты Тұрғашты ұстап алып, оң қолын бұрап сындырады да карцерге қамайды. Қамақтан шыққан соң қасында бірге жатқан тұтқын әйелдердің ішінен сынықшы шығып, қолын қалпына келтіріп, ағашпен танып береді.

Арада екі­-үш айдай уақыт өткеннен кейін кеңестік әскерилер лагерьді ат­қылаған сәтті пайдаланып, партизан отрядында бірге болған екі­-үш әйелмен қашып шығады. Түнімен жүріп, таң ата өз отрядына келіп қосылыпты.

1945 жылдың тамызында Тұрғанбике елге оралады. Тұрғаш апайдың күйеуі Батырхан да бес-­алты айдан соң әскер қатарынан аман­-сау келеді. Сонда Тұрғаш апай «Мен Батырханды соғыста кездестірсем атып тастар едім. Баламен екі жыл азап шегіп қанша қиыншылық көрдім. Соғыс басталмай тұрып «елге апарып тасташы?» дегенімді тың­дамады. Ақыры баладан айрылдық», – деп жылап жіберген екен. Сонымен ерлі­-зайыпты екеуі қайта қосылады.

– Ұлы Отан соғысының партизандары туралы кітаптарда Тұрғанбике жөнінде аз ғана мағлұматтар кездеседі. Қазақ Совет Энциклопедиясының 233­бетінде аты аталып өткен. 1965 жылдың мамыр айындағы «Қазақстан әйелдері» журналы да оның партизандарда радио­ хабаршы болғанын баяндайды. Аудан тарихы туралы «Жалағашым жасыл бағым» атты кітапта оның суреті мен өмір жолы жарты парақ бетке жазылған. Әр жылдары облыстық, аудандық басылымдарда ол кісі туралы жарық көрген мақалалар Шайқы Жүсіпұлының естелігі негізінде айтылған дерек көзі арқылы, көбінесе бірін­-бірі қайталап жазылған дүниелер. Себебі ол кісі ау­данымыздан 1939 жылы мектеп бітіре сала кеткен. Соғыс аяқталған жылдың тамыз айында елге оралғанымен көп өмір сүрмегені белгілі. Немістердің адам төзгісіз концлагерінде тұтқында болған кездері денсаулығы бұзылып, соның кесірінен 1947 жылы 25 жасқа қараған шағында дүниеден озды, – деп Марат Шөмекей Тұраш жайындағы ақпараттар аз екеніне, мардымсыздығына қапалы екенін жеткізді.

Ал Тұрғанбикенің жары Батырхан Қаражігітов 1913 жылы қазіргі Жалағаш ауданы Ақсу ауылында дүниеге келген. Соғысқа дейін ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет атқарады. Соғыс басталған жылы Белоруссияның Борисов ауданында ВНОС (воздушное наблюдение, оповещения и связи) полкінде взвод командирі болған. Соғыс жылдары ІІ Прибалт майданы, 22­-Армиясының, 8-дербес әскери ВНОС взводының, одан соң ротасының командирі, 1945­-1946 жылдар ара­ лығында Самарқанд қаласында орналасқан Түркістан әскери округіне қарасты автобатальонының байланыс бастығы, 1946-­1947 жылдары Термез қаласындағы 1103-атқыштар полкінің байланыс бастығы, одан кейін Алматы­дағы Қазрадиокомитетінде диктор, аға диктор, инструктор, корректор болып қызметтер атқарады. Бірнеше орден-­медальдармен марапатталған майдангер 1989 жылы қайтыс болады.

Осындай тағдырлы адамдар қазақ тарихында толып жатыр. Олар өмір өзе­нінің асау тұсында тіршілік кешсе де, болашақ ұрпағы үшін тынық айдынды ғұмыр ұсынып кетті. Бейбіт күннің, тыныш заманның адамдары осындай ұлы батырларын ұлықтаудан әсте шар­шамаған абзал.

Айдар САЙЛАУОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!