Бүгінде психологтар арасында да, қарапайым тұрғындар пікірінде де өзіне керекті нәрсені қағазға түсірсе «армандар орындалады» деген ұғым қалыптасқан. Заман ағымына сай жоғары сұранысқа ие болған бұл амал дінімізде құптала ма? «Армандар картасын» жасау шариғатқа сай келе ме? Жастар арасында жиі қойылатын осы және өзге де маңызды сауалдарға ҚМДБ-ның «Шариғат және пәтуа» бөлімінің Қызылорда облысы бойынша өкілі Жеңіс Әбибуллаұлы жауап берді.
‒ Жоқ, бұл амал дінімізде құпталмайды, шариғатқа да сай келмейді. Бірден кесіп айтуымның себебі, бүгінде осындай сеніммен жүрген адамды көп кезіктірдім. Ойларын білдім, ниеттерін байқадым. Даоизм діни бағытында «Феншуи» дүниетанымына саятынын айтпағанның өзінде, мүлдем шариғат сеніміне сай келмейді. Бір ұққаным, егер «армандар картасын» жасап, арманыңның суретін ақ қағаз бетіне түсірсе, ол міндетті түрде орындалады-мыс. Армандар осындай карта арқылы орындалса, осы уақытқа дейін адамзат өмірінде бұл тәсіл танымал болып, бүгінде бәрі армансыз бақытқа кенелмес пе еді?! Адамзатқа дін үйреткен пайғамбарлар бұл тәсілді де сөзсіз үйретпес пе еді?!
Әз-пайғамбарымыз (с.а.с) бір хадисінде: «Бақытты адам анасының құрсағында бақытты, бақытсыз адам анасының құрсағында бақытсыз» десе, Әбу Дауд риуаят еткен басқа бір хадисінде: «Алла Тағала нені қаласа сол болады. Ал Оның қаламағаны ешқашан жүзеге аспайды» дейді. Сондықтан болар дана бабаларымыз «Құдайсыз қурай да сынбайды» деп, барлығын тек Құдайдың қалауындағы нәрсе, қанша армандасаң да Құдайдың дегені ғана болатынын меңзеген. Қазақ «жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деп көгерудің негізі батада, яғни, Құдайдан тілеуде екенін үйреткен. Олай болса, бізге армандар картасы емес, тілек пен бата қажет. Нақтылап айтқанда, егер сол картамен ғана армандар орындалады, картасыз орындалмайды десе шариғатымызда Аллаға серік қосу саналып, үлкен күнәға батады. Мысалы, перзент аңсаған адам картаға баланың суретін жабыстырғаннан кейін қандайда бір уақыт шамасында дүниеге бала келіп, ол бала сол «армандар картасының» нәтижесінде келді деп сенсе, үлкен күнә болады. Міне, осы тұрғыдан алғанда бұл амалдың шариғатымызға еш сай келмейтіні анық.
«Бұл жерде армандар картасын суретпен толтырғанымыз болмаса, орындалуын картадан емес, Құдайдан сұраймыз» деп, кейбіреулер өзін алдағандай болады. Олай болса, неге қажетіңді тікелей Алладан сұрай бермеске?! Алланың пенде тілегін қабыл етуге карта емес, Абай атамыз айтқан «ынталы жүрек, шын көңіл» ғана керек. Құдси хадисте: «Пендем менен бір нәрсе сұраса, қалайша оған бермеймін?!» делінген. Кез келген адам бір нәрсені армандаса, сол нәрсеге жетуге мақсат етеді. Мақсат еткен бағытында әрекет жасайды. Соның нәтижесінде «қарекетке ‒ берекет» дегендей, арман-мақсатына жетеді. Ал армандар картасы ‒ суретті желеу етіп, өзін алдау ғана. Жетістіктің негізі – картада емес, әрекетте, ‒ дейді дін өкілі.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!