Он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында француз баспа саласында «40 франктік революция» деп аталатын оқиға болды. 1836 жылы журналист Эмиль де Жирардин коммерциялық мақсаттағы «Ла Пресс» газетінің негізін қалады. Газет тарихи-шытырман оқиғалы роман-фельетондар шығып тұратын тұңғыш басылым еді. Оған жазылу бағасы 40 франк – басқа басылымдардың жарты бағасына тең.
Газет бірден мол пайдаға кенелді. Көп ұзамай-ақ, барлық бұқаралық ақпарат құралдары бір-бірінен танымал авторлардан қымбатқа сатып алып, шытырман оқиғалы романдарды жариялауға көшті.
Бұл – жалпы жұртшылықтың романдарға алғаш қол жеткізуі еді. Себебі бір кітаптың құны жылқыға тең болатын. Бедерлі шошқа терісімен қапталған фолианттарды сатып алуды кез келген адамның қалтасы көтермейді. Ал газеттер тиын-тебен тұратын. Әрбір сауатты француз танымал автордың жазылып жатқан романының жаңа тарауларын газеттен оқи алатын болды.
Сол кездегі француздың атақты сыншысы Сент-Бев «өндірістік әдебиет» деп атаған құбылыс осылай пайда болды. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл – әдебиет бизнеске айналған уақыт еді.
Сыншылар ол «өндірістік әдебиетті» қалай қабылдады? Осы терминнің авторы Шарль Огюстен де Сент-Бев «Әдебиеттегі меркантилизм» атты мақаласын жариялаған. Сол уақыттың басқа сыни шығармалардан айырмашылығы – мақаладағы ой қазіргі уақыт үшін де өзекті. Сондықтан автордың кейбір үзік ойларын ойша қазақшалап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік:

Ашкөз жазушылар
Жазушыларымыздың көбі моральдық-саяси идеалдар­мен сусындауды қойды. Қазіргі әдебиет адамдарын шы­ғар­машылыққа шын талпындыратын мотивтер – бос мақтан, бәсеке мен күнкөріс қамы ғана. Өндірістік әдебиет бетпердесін шешіп, өз болмысын осылай көрсетіп отыр. Қазіргі әдебиеттің айрықша белгісі, жалпы біздің дәуі­рімізге тән қасиет – тым ашық түрдегі дөрекілік пен са­раңдық.

Баспагерлер
Соңғы жылдары кітапқа деген сұраныс қатты төмендеді – кітап саудасы өліп барады. Оқырманға қаншама қиянат жасалды: өрнегі ғана әдемі қымбат томдарда ескі жаңа деп, шатты-бұтты сандырақ пен арсыздық талай мақталды. Сондықтан оқырман қауым тура мағынасында мәйітке ұқсап кетті.

Кәсіби біліксіздік
Кітап жазу мен басып шығару барған сайын жазушылықтың белгісі болудан қалды. Кім көрінген «Неге маған да жазбасқа?» деп тыраштанатын болды. Ерлер әулеті сүйіп қосылған әйеліне махаббаты туралы жазады, әйелдер де қалыс қалмай, бүркеншік атпен болса да бопытып жазып жүр. Дүниеде өз бетімен, қаламына ғана сүйеніп өмір сүріп, айналасына тірек болған бейшара жазушының табанды еңбегінен асқан құрметті, жанашырлыққа лайықты нәрсе бар ма?

Жарнама
Жағымсыз жарнамалар кітап ісіне апат әкелді: оны өлтірудің түрлі амалын жасап бақты. Қалай? Өте оңай. Хабарландырулар, кітап туралы анонсоның құнын екі есе арттырады. Бірақ, кітап таралымға шыққан бойда жарнаманың ақысы төленуі керек. Жаңа туындыны жарнамалау мыңдаған франк шығынға әкеп соғады. Осыны ескере отырып, баспагерлер авторлардан бір томның орнына екі том жазуды талап ете бастады. Өйткені кітап жарнама үшін қосымша шығындарды ақтауы қажет. Басқаша айтқанда, кітап қаншалықты қалың болса, соншалық пайда әкеледі.
(Қазіргі таңда коммерциялық самиздатта жарнамаға салынған инвестиция әдетте кемінде сериядағы үш кітаптан кейін шығынын ақтай бастайды. Сол сияқты, ол уақытта бір томдық кітапты жарнамалау тиімсіз болды.)

Коммерциялық авторлар мен олардың кітаптары
Бет толтыруды, айтылмақ ойды мейлінге соза түсуді ғана мақсат еткен кітаптан не күтуге болады? Газет форматының ұлғаюы, романдарды бөліп басу бос сөздің, керексіз суреттеулер, мағынасыз эпитеттердің көбейуіне әкелді.
Романдарын тек диалог арқылы жалғастырып жазатын жазушылар пайда болды. Өйткені әрбір кейіпкер сөзінен кейін сөйлеп азат жолдан басталады. Сөйтіп, жол саны көбейеді. Кітаптың әр жолы деген не? Бүгінгі романдарда қайталанатын ой өріп жүр. Ойлап қарасақ, бір жолды болсын қысқарту оқырманның күш-жігерін айтарлықтай үнемдейді. Бірақ әрбір қысқартудан автордың қаламақысы азаяды.

Сонда жүрек қалай тынышталады?
Қаншалықты батыл болса да, қазіргі дағдарыс тудырған меркантилизм әдебиетте жеңіске жете алмайды. Керемет ештеңе де әкелмейді. Өйткені ол шабытқа жат. Соңғы жылдары ол бірнеше рет жеңіліске ұшырап та үлгерді.Дегенмен, әдебиетте меркантилизмді орнату әрекеттері тоқтамайды. Бұл үрдіс ойлы оқырманды сергек болуға міндеттейді. Қазір әдебиет айдынына қосылған әрбір нашар туынды қалқып шығып, жалпының деңгейін көрсетеді. Ал, нағыз әдеби шығарма тұңғиыққа түседі немесе заманның ағысына ілеседі. Жамандық, әрине, кеше туған жоқ. Бірақ барлық мәселе өлшемде. Біз рұқсат етілген шектеулерден баяғыда асып кеткен сияқтымыз.
Бұл – француз жұртының зиялы қауым өкілдері «Әдебиет өлді» деп дабыл қаққан 1839 жыл болатын. Радионың пайда болуына әлі 60 жылдай уақыт бар еді…

Биболат СӘТЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!