Ата заң – мемлекеттің біртұтастығын көрсететін, әр азаматтың құқығы мен бостандығына кепілдік беретін, қоғамдық қатынастардың реттеудің басты тетігі,биліктің қағидаларын бекіткен құқықтық құжат.

1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданды. Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Конституцияның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.

Қазақстан Республикасы Конституциясының идеяларын, принциптерін және нормаларын саяси, құқықтық жағынан талдау еліміздің экономикалық-әлеуметтік, рухани тұрғыда өсуіне серпіліс пен қуат беретінін көрсетеді. Ол адамның құқығы мен бостандығын іске асыру, материалдық әл-ауқатты жақсарту, саяси тұрақтылық  пен қоғамдық келісімді бекітудің, құқық тәртібі мен заңдылықты орнықтырудың  сөзсіз шарты болып табылады.

Ата Заңда республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленген.

         Еліміздің Конституциясы азаматтардың өзінің құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауына кепілдік береді.

26 жыл ішінде Конституцияға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заман талабына сай дамуға бет алған Қазақстан үшін уақыт ағымына қарай икемделіп отыру аса маңызды. Сондықтан да, Ата Заңымызға енгізілген түзетулер өзінің негізділігін, әрі уақытылы қабылданғанын дәлелдеп келеді. Қазақстан өз алдына әлемдегі өркениетті елдердің қатарына қосылу міндетін қойып отыр. Қазіргі уақытта біздің барлық ресурстарымыз осы мақсатты жүзеге асыруға жұмылдыруда. Ата Заңымыз құқықтық жүйенің өзегіне айналып, тәуелсіз мемлекеттің қарқынды дамуын қамтамасыз етті, отанымыздың бірлігін бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды.

Конституцияны бұлжытпай орындау, оның қағидаларының жүзеге асырылуын қамтамасыз ету ортақ міндетіміз болып табылады.

Мемлекетіміз бен қоғам тұрақтылығының, болашаққа деген сенім мен халқымыздың ауқатты тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі – Ата Заңымыздың мерейі әрдайым үстем болсын!

Ата заңымыздың ғұмыры ұзақ, егемендігіміз баянды болғай!

Аружан Абдраимова,

Жаңақорған аудандық сотының аға сот приставы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!