Әлемде автомобиль үшін түрлі микросхемалар мен электроникалық құрылғылардың тапшылы­ғынан көлік өндірістері тоқтап жатыр. Автонарық өндірісіндегі негізгі ойыншылар үшін қажетті электроникалық жүйені құрастырушылар 2021 жылдың басында дағдарысқа тап болды. Volkswagen, Hyundai, BMW, Suzuki, Toyota, Honda сияқты автомобиль нарығындағы көшбасшылар өндірісті қыс­қартуға мәжбүр болды.

Бұл жағдайдың салқыны Қазақстанға да тиді. Әлемдік сарапшылар мұны коронадағдарыс ала келген қиыншылықпен байланыстырады. Оған қоса, биыл қыста АҚШ-тың Техас штатындағы ең ірі микросхема өндіретін зауытты дауылды бұрқасын қиратып кеткен. Ал Жапониядағы Renesas Electronics электроника зауыты өртенді. Соңғысы бүкіл әлемдегі электронды жартылай өткізгіштердің 17%-ын өндіреді.

Автомобиль сарапшылары бұл қиындықтар ғаламдық дағдарысқа айналғанын және ол 2021 жылдың соңына дейін созылатынын болжап отыр. Мұның салдары автомобиль нарығындағы ойыншылардың табысына әсер етіп отыр. Сондай-ақ тұтынушылардың да мазасын қашырған. Қазақстандағы авто-дилерлер мен көлік саудалаушы компаниялар үшін де дағдарыс кезеңі келді. Қазір ірі қалалардағы көлік сату орындарында халық тарапынан сұраныс көп автомобиль маркаларының тапшылығы байқалады.

Сатушылар Toyota, Hyundai, Kia сияқты қазақстандықтар арасында сұранысқа ие көлік түрлерін тапсырыспен кем дегенде 2-3 ай күтуге тура келетінін айтып отыр. Сатылымға жақында ғана шыққан Toyota Camry 75 пен Toyota Land Cruiser 300 автокөліктерін алуға деген сұраныстың жоғары екені белгілі. Бірақ қазақстандық бірнеше дилер бұл моделдердің саны өте шектеулі екенін әлден ескертіп отыр.

Еліміздегі алғашқы суперкар құрастырушы Таир Балбаев бұл автонарықта бұрын-соңды болмаған дағдарыс деген пікірде. Оның айтуынша, бұл қолдан жасалған дағдарыс.

– Пандемиямен бірге нарықты бөліске салатын дәуір басталды деп жатыр. Соның ішінде электрондық өнімдерді шығарушылар арасында тартыс жүруде. Кейбір компаниялар электрлі чиптерді, микросхемаларды автомобиль зауыттарына жеткізіп бермей отыр. Бұл қиындықтарға әкелді. Бұл біз сияқты көлік өндірмейтін дамушы елдерге де салқынын тигізді. Компоненттер сатылымда жоқ. Болжам көңіл қуантарлықтай емес. Бұл өзара нарықты бөліске салу ма, әлде пандемиямен бірге келген дағдарыс па? Осы екі болжамның арасында қазір әлемдік автонарық сарапшылары да бас қатырып отыр, – дейді Т. Балбаев.

Өндірушілер үшін микросхема тапшылығы көлік шығаруды шектеуге жеткізген. Бұл электроникамен байланысты барлық зауыттар үшін проблемаға айналды.

– Микропроцессорлар, транзистрлар жоқ, электрокар жасаушы ретінде біздің өзіміз қазір жұмысты тоқтаттық. Себебі осы құрылғыларға 2-3 ай бұрын тапсырыс бергенбіз. Әлі келген жоқ. Біріншіден, бұл қазақстандық тұтынушы үшін қымбатшылыққа соқтырады. Мұның автомобиль бағасына ғана емес, қосалқы бөлшектер үшін де жанама әсері бар. Сондай-ақ бұл тапшылық жасанды электрондық бұйымдарға, жаңағы айтып отырған микросхемалардың қолдан жасалып сатылуына жол ашты, – деп есептейді Таир Балбаев.

Микросхема шығарудың отаны – Жапония мен Қытай. Коронавирус бұл салаға да дағдарыс әкелген. Пандемияға байланысты осы өндіріс циклі бұзылып, оны бұрынғы қалпына келтіру қиынға соғып жатыр. Отандық көлік сарапшысы Әрсен Шакуовтың айтуынша, автомобиль өндірушілер оларға тәуелді болғандықтан, бұл жалпы бір-бірімен қабысқан мәселеге айналған.

– Тіпті, көлік шығарушылар жекелеген модельдер өндірісін мүлдем тоқтатуға мәжбүр болды. Мұны әлем сарапшылары «автомобиль катастрофасы» деп айтып жүр. Ал Қазақстанға мұның қандай әсері болады десек, екінші қолданыстағы көліктер, яғни ескі көліктер үшін баға өседі. Егер жағдай осылай кетсе, сұранысқа ие Тойота Камри 40 маркасының бағасы 5-8 млн теңге емес, 10-13 млн теңге болуы мүмкін. Біздің нарықта жыл басынан бері көлік бағасы онсыз да қымбаттады, – дейді Әрсен Шакуов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!