Фото: Ашық дереккөзден алынды

Ауыл десе ішкен асымды жерге қоямын. Өйткені балалық шағымның сәулелі сәттері сонда өтті. Ата-әжемнің қасында жүріп, ақылын тыңдап, аулада көрші балалармен кеш батқанша ойнайтынмын.

Жаз мезгілі. Қарама-қарсы үйдегі әтештің даусынан оянып кеттім. Есікті аша қалғаным сол еді, күннің нұры бетіме түсті. Аулада атам мен әжем, әпкем бұрқыратып шай ішіп отыр екен. Атам мені қасына отырғызып, жаңа піскен нанға май жағып берді. Өзім тойсам да, көзім тоймай жей бердім. Атам ас қайырған соң, әркім өз жұмысына кірісті. Әжем бауырсақ пісірсе, тәтемнің есік алдын сыпырудан қолы босамай жүр. Қолыма бауырсақтарды толтырып,  далаға жүгіріп шыққаным сол еді, тәтем:

– Тоқта, қазір су таситын уақыт болды. Шелектерді бөліп аламыз, ешқайда кетпе, – деді.

Сөйтіп бірге су алуға бардық. Ол маңда лас көл болатын. Үлкендер «жыландар бар, жоламау керек» деп жиі ескертетін. Сондықтан құрбыларыммен ойнасақ та, ол жерден алшақ жүруге тырыстық. Тәтем шелектерді толтырып су алып жатыр. Ал мен ұшып жүрген инелік пен көбелекті қызықтап көлге жақын қалдым. Екеумізден басқа адам келе қоймаған кез. Ерекше әрі қанаты жарқыраған көбелекті ұстауға ұмтылғанымда көлге құладым. Жылан бары ойыма оралғанда жылап жібердім.

– Тәте, көмектесші, – деп, қайта-қайта судан басымды бір-екі шығарып айқайладым.

Мені көрмей шелектерді толтырып жатқан еді. Шығайын десем жүзе алмайтыным тағы бар. Қорыққанымнан бар дауысыммен айқайлағанымда әпкем байқады. Жүгіріп келіп, қолымнан тартып шығарды. Лас судан шыққан мен аң-таң болып тұрмын. Үстімнен жағымсыз иіс шығып тұр. Сау жерім қалмаған, құлағымның іші суға толы. Жартылай естіп, көзімді әрең ашып тұрдым. Тәтем ұрысарын, не күлерін білмей үнсіз қалды. Үйге жеткен соң, болған оқиғаны әжеге айтып бердім. Сәл ашуланып, сабақ болсын деп:

– Мынауын не? Киімдеріңді отырып жуып ал! – деді.

Жуынып, өз-өзіме келіп, реттеліп алдым. Дастарқан басына келіп жайғастым. Үшеуі мен жайлы әңгіме айтып, күліп отыр екен. Әжем маған жымиып қарап:

– Үлкендердің сөзін енді тыңдайсың ба? деді.

Ұялып, төмен жерге қарап қалдым. Кеш болса да, қатемді түсіндім. Осы оқиғадан кейін,үлкендердің ақылын тыңдайтын болдым.

Нұрай АРЫСБЕКОВА,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық

қазақ-түрік университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!