Ұлт келешегінің ұстыны өскелең ұрпақ екені белгілі. Білім беру, бағыт-бағдар айқындау, жеке даму көрсеткішін көтеру секілді жүйелі қадамдар жас буынның жетілуі мен толыққанды тұлға болып қалыптасуына жол ашады. Қазіргі сан құбылған  мәдени қақтығыс пен өркениет өзгешелігі де бұл бағытқа ерекше мән беруді талап етуде. Себебі балаға деген қамқорлық, көңіл бөлу бүтін буынның келешегіне әсер етуі ықтимал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялауды ұсынуының мәні де осында жатса керек. 

Расында, мұндай қадам кейбір кенжелеген салаға қайта дем беріп, түрлі жоба мен бағдарламаның ел игілігіне жарауына сеп болмақ. Денсаулық сақтау, білім беру бағытындағы іс-шарадан бөлек, әлеуметтік көмек секілді бастама да өз жемісін берері анық. Себебі аталған бағытта әлі жүзеге аспаған жұмыс, еленбеген олқылық жетерлік. Осыны ескерсе керек, Президент Қазақстан халқына арналған жаңажылдық үндеуінде 2022 жылда атқарылар іс мол екенін және балаларға мән беру екенін жеткізген:

«Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек», – деді Президент.

Алайда Мемлекет басшысы бұл жылды тек ұрандап немесе мереке түрінде атап өту ғана емес, балаларды қорғау мақсатында ең алдымен билік тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты іс-шаралар жасалуы керектігін қадап айтты.

«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды «Балалар жылы» деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін де аталған бағыт бойынша біршама жұмыс атқарылған болатын. Тіпті 2021 жыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялау де үлкен өзгеріс әкелді. Мәселен, өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен «2021 – Балалар әдебиеті жылы» аясында 100 кітап жарыққа шықты. Оған қоса «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға балалар әдебиетінен алты кітап таңдалды. Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар», Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек», Марат Қабанбаевтың «Жиһангез Тити», Толымбек Әбдірайымның «Алабұға аулаған күн», Зира Наурызбаева мен Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу», Мәди Айымбетовтың «Бар болғаны он төрт жас» еңбегі. Тізімнен өткен ғасырдың жауһарларын көрдік. Осы алтаудың арасында тек біреуі ғана Зира Наурызбаева мен Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу» шығармасы қазіргі заман әдебиеті.

Сонымен қатар көптеген балалар шығармасы, ертегі жазылып, қойылымдар қойылды. Бұрын кең танылмаған балалар жазушылары оқырманға кеңінен насихатталып, жаңа таланттардың тынысы ашылды. Түрлі деңгейдегі ақындар мүшәйрасы, шығармалар байқауы ұйымдастырылса, аударма саласында да балалар әдебиеті назардан тыс қалмады. Енді, міне, осындай игілікті іс орын алған «Балалар әдебиеті» жылы «Балалар жылына» жалғасуда.

Елдің болашағы өскелең ұрпақтың санымен емес, сапасымен өлшенері анық. Осы орайда жас буынның білімге құштар, жаңашылдыққа үйір болып өсуін қамтамасыз ету ең маңызды міндеттің санатында. Сондықтан 2022 жылы Президент пәрменінен тың идея, жоғары нәтиже беретін бастамалар тындап, балалардың дамуы өркендеріне сенім мол.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!