Әрбір ата-ана өз баласына жауапкершілікпен қарауға тиіс. Әсіресе балаларды отпен ойнауға әдеттендірмеу керек. Мүмкін болғанынша бір мезгіл өрттің зиянды құбылыс екенін әңгімелеп отырған дұрыс. Өрт оқиғасының көбі балалардың отпен ойнауынан яғни, сіріңке жағып ойнауынан болатыны кездейсоқтық емес. Бұндай өрт оқиғалары өте қауіпті. Ол балалардың қатты жарақат алуына, кей кездерде балалар өліміне әкеп соқтыруы мүмкін.
Осындай қатерлі оқиғалардың алдын алу үшін ата-аналар төмендегідей талаптарды орындау керек:
– балаларды үйде жалғыз қалдыруға, әсіресе үйде балалар бар кезде есікті сыртынан құлыптап кетуге болмайды;
– балаларға жанып жатқан пешке, электр жылытқышқа, керосин лампасына қарауға тыйым салу керек;
– балаларға электр пештерді, телевизор, магнитофондарды қосуға рұқсат етпеу керек;
– балаларға сіріңкемен ойнауға тыйым салу және сіріңкені балалар ала алмайтын жерде сақтау қажет;
Абай болыңыздар! Мұнымен қатар төсекте жатып шылым шегу, бұзылған немесе бақылаусыз электр құралдары, отқа жіті көңіл бөлмеу, т.б. жағдайлар үйден өрт шығуына ықпал етеді. Отты пайдаланғанда сақтық шараларын әр кезде ұмытпаңыздар. Оны қатаң сақтаңыздар. Балаларды бақылаусыз қалдырмаңыздар, уақытылы пешті, түтін жүретін жолдарды, электр сымдарын жөндеуден өткізіңіздер. Өрт – тілсіз жау. Бұл апаттан сақтану үшін әрбір тұрғын үй иесі сақтық шараларына мұқият болу керек.
А.АРАПБАЕВ,
Жалағаш ауданы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!