Ата-бабамыз ежелден ат қоюға ерекше мән берген. Тіпті сәбиге қойылған есім оның келешек тағдырына әсер етеді деген сенім бар. Содан болар, қазақтың салт-санасында жас нәресте туған кезде ата-анасы өзі немесе құрмет тұтатын адамға сәбиінің есімін қойғызады. Есім беру отбасыдағы ырым-наным, болашақ арман-тілекке де тәуелді болуы ықтимал. Сондықтан қазақ әрбір есімнің терең сыры болғанын қалаған. Ал қазір ше? Бүгінгі атаудың мән-маңызы қай деңгейде? Халық арасында қандай есім көп қойылуда? Осы сауалға жауап іздеп көрелік.

Расында, баланың есімін таңдауға айтулы оқиға, танымал тұлға, өсетін ортасының маңызы ерек. Мысалы, ертеде жолын берсін деген мақсатпен көпті көрген қариялар мен абыройлы азаматтардың есімдерін қойған болса, баланың дені сау болсын деп Темірбек, Болатбек, Шымырбай деген есімдерді таңдаған. Ұзақ ғұмыр тілеп, Жүзбай, Жанұзақ, Ұзақбай, Өмірбай деген атауларды таңдаса, мереке күндері дүниеге келген баланың есімін Мейрамкүл, Мейрамбек, Наурыз, Жеңіс деп қою белең алған. Сондай ақ, көптен перзент күткендер Арман, Сағыныш, Аңсар, Қуаныш деген атауларға жақын болса, Кенжебек, Еркеназ, Ақкенже деп кенже балаларын еркелеткен.

Осы орайда ырымдап есім беру дәстүріне ерекше тоқталған жөн секілді. Мысалы, қазақта кейінгі бала ұл бала болсын деген ниетпен жаңа туған қыздарға Ұлбала, Ұлжан, Ұлболсын, Ұлту деген есімдер берілетіні белгілі. Ал Жамал, Зылиха, Иса, Мұхаммед, Омар, Сүлеймен, Хадиша сынды есімдер Ислам дініне сүйеніп, баланың иманды болып өсуін ырымдаған. Сонымен қатар баланы тіл-көзден сақтау ниетімен балаға мағынасы ерсі Жаманбай, Қойшыбай тәрізді елеусіз есімдер қоюға тырысқан. Осындай атау сырт көзден сақтайды деп түйсе керек. Оған қоса баласы шетіней берген шаңырақта жас сәбиге Аман, Есен, Жүрсін, Тұрсын тәрізді есімдер берілетін.

Қазіргі таңда жас жұбайлар сәбидің есімін құлаққа жағымды естіліп, болашақта өзіне ұнайтындай болуын ескереді. Мәселен, жақында Ұлттық статистика бюросы өткен жылы көп қойылған есімдердің тізімін жариялады. Мәліметке сүйенсек, Алихан, Айсұлтан, Нұрислам атаулары ұлдар арасында танымал есімдерді бастап тұр. Бір қызығы, аталған үш есім 2016 жылдан бері жиі қойылып келеді. Өткен жылдың өзінде Қазақстанда 4465 Алихан, 3230 Айсұлтан, 3209 Нұрислам дүниеге келген. Тек сәуір мен мамыр айларында ең көп қойылған ұл есімі Рамазан болған екен. Оған 13 сәуір мен 12 мамыр аралығында болған мұсылмандар үшін қасиетті ай – Рамазан айы себеп болса керек.

Ал өткен жылы қыздар арасында ең танымал болған есімдер – Медина (6026), Айлин (5415), Асылым (5007). Танымал есімдер үздігіне Айша және Раяна есімдері де кіреді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Раяна есімі, әсіресе, наурыз, сәуір, мамыр айларында жиі қойылыпты. Аталған бес есім де кейінгі бес жылда жиі қойыла бастағаны жасырын емес. Айта кетерлігі, Медина есімі 2018 жылдың басында танымал ондыққа кірген болса, сәуірден бастап танымал үштікке енген. Ал 2019 жылдан бастап алғашқы орында көрініп келеді.

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросы Тәуелсіздік күні қарсаңында елімізде Казахстан, Қазақстан және Казакстан есімді 35 адам, Егемен есімді – 6, Елбасы есімді 65 адам тұратынын хабарлаған еді. Оған қоса Тәуелсіздік есімін еншілегін бір бар екені белгілі болған.

Берен ШАҒЫРОВ