Әдемі самал желі соғып тұрған жаздың кеші.Бөлмемнің терезесінен түнгі аспанға қарап, балалық қиялыма ерік беріп, арманға шомып отырмын.Алла бұйырса, биыл мектепті бітіремін…. Алға қойған мақсат пен арман ұшан теңіз…Шіркін, ата-анамның айтқаны келіп, жоғары оқу орнының грантына қолым жетсе ғой…
Бір кезде түнгі аспанның жылт еткен жұлдыздары арасынан сөніп-жанып зымырап өтіп бара жатқан жарық жұлдызды көрдім. Бұл жұлдыз емес-ау, түнгі аспанда жұлдызбен жарысып, ұшып бара жатқан ұшақ екен деп ойладым. Иә, дәл солай. Мен ішімнен осы ұшақтың ішінде менің әкем бар экипажда үлкен ұшақты әуелетіп алып келе жатқан болар деймін. Өйткені, әкем, мен білгелі ұшқыш болып жұмыс істейді.
Жан әкешім кезекті ұшу сапарында болатын. Екі аптаға жуық көрмедім. Қатты сағынғанмын-ау… Әйтеуір аспаннан жылтыңдаған сәулені көрсем, әкемнің экипажы ұшып келе жатыр екен деп қуанамын. «Аман есен жерге қонсыншы, аман сау жерге қонсыншы» деп ішімнен тілек тілеп, қайталай беремін.Осылай қиялыммен сырласып отырғанымда анам бөлмеме кіріп, қасыма отырды да әдеттегідей басымнан сипап, маңдайымнан сүйді: «Қызым, ертең әкең рейстен келеді, ертерек ұйықтап, демал. Таңертеңгісін ерте оятамын… Дастархан әзірлейміз. Әкеңді жақсылап дастархан жайып, дәмді тағамымызбен күтіп алайық» деп анашым күлімсіреп, бетімнен шөп еткізіп сүйді.
Анам құқық қорғау саласында қызмет істейтін. Кәсіби адвокат. Талай қиналған жандардың даулы мәселелерін шешіп, сот ісінде қорғап шыққан болатын. Адал қызметі сол кісілердің алғысымен дәлел. Біразы телефон соғып, ризашылықтарын білдіріп жататын. Маңдайымнан, бетімнен сүйген тәтті лебі мені ұйқыға баурады. «Таңертең ас бөлмедегі ыдыс сыбдырынан тез ояна кеттім. Тұра салысымен ата-анамның бөлмесіне қарай жетіп бардым. Анам ас бөлмеден, «Ұлбосын, ботам, ояндың ба… қәне, жуынып, дастарханға кел. Салат жасауға көмектесші маған. Әкең, жаңа ғана телефон соқты… аэропорттан. Аман есен үйге келе жатыр», – деп анам мәз бола бауырсағының қамырын кесіп әлек. Дереу жуынып алып, ас бөлмеде анамның қасына көмекке келдім. Екеулеп бауырсақ пісірдік. Көкөністерден салат әзірледік.Ертелі қазанда қайнаған ет пісіпті, керемет иіс бүкіл үйге тараған, дастарханымыз толып, үй іші құдды бір той болатын күйге бөленді.
Әкемнің келетін де уақыты да болды, неге кешігіп жатыр екен деп сағатқа қайта-қайта қарап қоямын. Анашым мұнымды байқап жүр. Анама көзім түсіп кетсе болды, маған қарап күліп қояды. Түске таяу есіктің қоңырауы соғылды. Қолымдағы кесе, қасығыммен бірге кіре беріске қарай жүгіре жеттім. Есікті ашып қалғаным сол еді, құшағында қып-қызыл гүл шоғы бар, бір қолына торт коробкасын ұстаған әкем кіріп келді: «Жан жүрегімнің музасы, Ұлбосыным, тәтті қызым, амансың ба, айналдым сол!» деп әкем құлаштай құшағын айқара ашып, мені көтере құшақтады. Анашым да келе қойғаны сол екен, оны да құшақтап екеуінің ортасында мен қысылдым да қалдым. Бәріміз күліп жатырмыз.
Дастархан басында әкемнің әңгімесі тоқтаусыз төгіліп айтылып жатыр. Тағамның әр түрінен бір-бір асап, бір-екі шайнайды да, әңгімесін қайта жалғастырады. Кейбір сөзіне түсінбей қалсам да, мен мәз болып, әкеме қарап, ұйып тыңдап отырмын. Әкемнің шытырман оқиғаларына қызығып кеткенім соншалық, тек шәй іше беріппін, кәдімгідей оның қызық әңгімесіне тойғандаймын. Әйтеуір дастарханнан түк жемеппін. Анам да сол, тек, әкеме қарай бұрылып алып, айтқандарын қоштағандай болып, бірде басын изеп, бірде бірге күледі.Осы көрініске қарап, өзімді нағыз бақыт құшағында сезіндім. Отбасымыздың дәл бүгінгі отырыстағы берекелі күйі еш таусылмасыншы деп тілеп қоямын іштей. Расында да менің отбасым – бақыт ұясы екенін мақтанып айта аламын. Әкеммен ұшақ сапарына шығарда қимай қоштасып қалатынымыз анама, маған қаншалықты тебіреністі болса да, іссапардан келгенде әкемізбен қайта қауышу менің өмірімнің ең әсерлі, ұмытылмас бақытты сәттерінің куәсі болып қала бермек.
Құрбыларыма балалық шағымнан бері осындай керемет таңдарымның болып жатқанын әсте мақтанышпен әңгімелеп айтып жүретінмін. Әлі де айта беремін. Өйткені, енді екі күннен кейін әкешім кезекті сапарынан үйге оралады. Тек, әйтеуір, сапары сәтімен болып, ұшағы аман-есен жерге қонсын деп тілеймін. Әкем аман-сау оралсын!
Ұлбосын ӘБЕНОВА,
№12 І.Қабылов атындағы ІТ мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!