Қызылорда ОПД ЕҚҚ ІҚБ жариялаған сайысықа

Ата-ана өзім көрген қиындықты балам көрмесін, өзім кимегенді балам кисін, өзім жемегенді балам жесін деп, күндіз-түні еңбектеніп, арқа еті арша, борбай еті борша боп, табан ет, маңдай терімен тапқанын баласына арнайды. Жақсыны көрсін, оңы мен солын танысын, қатарынан кем болмасын, оқып адам болсын, мамандық игерсін деп бетінен қақпай қалаға аттандырады. Ата-ана уысынан шыққан жасөспірім «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқтығына» масаттанып, өзін еркіндікте сезініп, талай нәрселерге ұрынып жатқанын есітіп те, көріп те жүрміз.

… Бір ананың жалғыз ұлы болыпты. Жолдасы жол апатынан қайтыс болыпты. Ана жалғыз ұлын қатарынан кем қылмай, жоқшылық көрсетпей өсірген. Баласы да ақылды, тәрбиелі болып ержетіпті. Сабағын жақсы оқып, мектепті үздік бітірген. Үлкен қалаға ЖОО-ға білімімен түскен жігіттің талабын қолдап, анасы да, ұстаздары да зор үмітпен шығарып салады.  Жігіт өзінің білімділігі мен тәрбиелігін көрсетіп, өзі оқыған оқу орнында да жақсы жағынан көрінеді. Алғашқы жылдары тек сабағын оқып, ғылым мен білімнің сырына қаныққан жігіт ұстаздары мен курстастарының арасында үлкен беделге ие болады. Бос уақытында анасына салмақ салмайын деп, достарымен жұмыс жасап, аз-маз ақша да тауып жүреді.

… Сөйтіп, 4 курсқа да жетеді. Әне-міне дипломды маман атанатын күн де алыс емес. Бір күні группалас бір жігіттің туған күнін тойламақ болып, түнгі клубқа жиналады. Сол басқосуда «достары» есірткінің дәмін татқызады. Бара-бара онсыз өмір сүре алмайтын халге жетеді. Жалғыз анасы, оқуы жайына қалады. Жанындағы жанашыр достарынан да алыстай бастайды…

Оқиға болашағынан үміт күткен жалғызының тағдыры қайғымен аяқталған ананың зары, қайғыны көтере алмаған ананың өлімі – бір шаңырақтың ортасына түсуімен аяқталады. Бұл мақаланың да айтары – жас ұрпақты ғасыр дерті – есірткіге бой алдырмаса екен, аулақ болса екен, тіпті соңы немен аяқталатынын түсінсе екен деген ойдан туғаны белгілі. 

Есірткі пайдалану қызығушылықтан басталары анық. Себебі, біздің жастарымыз қызыққыш. Ненің жақсы, ненің жаман екенін айыра алмай, бармақ тістеп жатады.

Есірткі деген тажалдан аулақ болып, дені сау, саламатты ұрпағымызбен мың жасайық!

Дүзімовтер отбасы

Арал ауданы

Қаратерең ауылы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!