Тоғызқұмалақ ойнайтын бар халықтың да айтатыны: «Біздің түркі халқы ұрпақ тәрбиесіне қаншама мән-маңыз береді, мұны бір ғана тоғызқұмалақ ойынынан-ақ көріп, білуге болады».

Қазақ халқы бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды дамытуға әр уақытта ерекше мән берген. Ұлттық салт-дәстүр, ұлттық киімдер және тағы басқа қазақ ұлтына тән құнды дүниелерді бала тәрбиесіне қосып, талай ғасыр бойы дамып, қалыптасқанын көреміз. Осы тұрғыда рухани бай баланы жетілдіріп, оның өзіндік дамуына үлесін қосатын ұлттық ойындар да жетерлік. Бестемше ойыны туралы естіген боларсыздар. Ал енді «осы ойын бала тәрбиесіне, болашағына, ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға қалай әсер етеді?» деген сауалдарға тоқталсақ.

Бестемше – тоғызқұмалақтың жеңіл, жеткіншек балаларға арналған түрі. Ол баланы логикалық ойлауға үйретіп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге бейімдейді. Бестемше ойыны туралы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, филология ғылымының кандидаты, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мақсат Есенбекұлының сұхбатында ойынның шығу тарихы мен ондағы ұлттық құндылықтар жайлы өзіндік пайымдауларымен, құнды пікірілерімен бөлісті. Осы мақаланың жазылуына да сол сұхбаттың әсері болды. Сұхбат басында мынандай жақсы ой айтылды: «Ардагер тоғызқұмалақшы Серікбай Тілеубаев балаларға тоғызқұмалақпен қатар бестемше ойынын ойнатады екен. Сонда былай дейді: мектепке дейінгі балалар үшін тоғызқұмалақ ойнау ауырлау, ал өзге ойындар жеңіл болып келеді. Осы екеуінің тура ортасында жүретіндей ойын іздейді. Сол ойын – бестемше». Бестемше қазір тек біздің елде ғана емес, бүкіл әлемге танымал ұлттық ойындардың біріне айналып отыр. Алғаш 2015 жылы Чехия мемлекетінде халықаралық жарыс та ұйымдастырылды.

Бестемше ойынын тоғызқұмалақ ойынын үйренудің алғашқы сатысы деп таныстырсақ та болады. Ұлттық ойындарымыздың тарихы 4 мыңжылдық кезеңді қамтығанымен, нақты жазба деректерінің болмауынан ойынның хронологиялық кезеңдері бірізді емес. Ауыз әдебиеті үлгілері мен аңыз-әпсаналарда ғана тоғызқұмалақ туралы мәліметтер бар, ал бестемше туралы ақпарат жоқ. Ең алғашқы жазба әдебиет үлгісі ретінде Махмуд Қашғаридің «Диуани луғат-ат турк» шығармасын айтуға болады. Шығарма ХІ ғасырда жазылған. Осы еңбекте бестемше ойынына ұқсас ойын – «көшүрме» деген атпен ұшырайды. Бестемше – тоғызқұмалақ ойындарының шағын түрі, әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойыны.

Ойынның ережелері өте қарапайым түрде құрылған. Біздің көшпенді ата-бабаларымыздың болмысын саралап, пайымдап өздерінің көзқарастарын осы ережелерге сыйдырып бере білген. Бестемше ойынынан біз келесідей ұлттық құндылықтарды байқай аламыз: ойын ережесіне сай жүрген кезде қазанда құмалақ қалдыру, оңға қарай жүру, құмалақ тасын өз жағыңнан алмай, қарсылас жақтан алу. Осы орайда қазандықта тас қалдыру деген біздің халқымызда қара шаңырақта бала қалдыру (көбінесе кенже ұлы) деген ұғыммен сәйкес келеді. Яғни, үйдің үлкені немесе кенжесі сол үйге қарап қалуы керек дейтін ұғыммен астасып жатыр. Халқымызда «оң» ұғымына да байланысты көптеген мағынаны білдіретін жайларға назар аударамыз. Оңынан болсын деу – бұл жақсылықтың белгісі. Наурыз мерекесінде айтылатын тілек – «ұлыс оң болсын!» деу, тамақты оң қолмен жеу, сусынды оң қолмен ішу, бірінші оңнан бастап киіну, баталарда айтылатын оң сапарын берсін, ісің оңынан шешілсін, амал дәптер оң жақтан берілуі, оң қолмен амандасу т.б. көптеген мысалдар келтірсе болады. Ал бұл ойында тоғызқұмалақ ойыны секілді оңнан бастап жүріс жасайды. Дәл осы секілді керемет ереженің бірі «Жеті атаға дейін қыз алыспау», қазақта қыз алысумен байланысты туған ойын ережесі. Ол туыстас адамдардың қызын алмай, басқа өзге рулардан алу да ойынның ережесіне ұқсас. Ойында өзіңнің жағыңнан, өзіңе тиесілі тоғыз (тоғызқұмалақ ойынында) немесе бес отаудан, (бестемшеде) өз отауыңнан құмалақ алмайсың, осы ережесі халқымыздың салт дәстүрімен тікелей байланысты. Осындай қарапайым нәрселерді түсіндіре отырып, бала бойына дарытып, қайта-қайта ойын барысында есіне салу, болашақта бұл құндылықтардың жойылмауына септігін тигізеді. Кез келген ойын ережесі әр халықтың тұрмыс-тіршілігіне сай етіп жасалады. Сол ойындарды ойнау арқылы да өз елінің тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрлерін түсініп, оны құрметтеу мақсаты орындалады.

Бестемше ойыны – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл ойынның басты қасиеті – жеке тұлғаның сана сезімін жетілдіруге, ақыл-ойын кемелдендіруге ерекше күш салады. Ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын халқымыз жасөспірімнің дене күшінің мол болуымен қатар, ақылды болуына да көп мән берген.

Қазіргі кезде бестемше ойынының елімізде және шет елдерде кеңінен таралып, балабақша және мектеп бағдарламаларына енуі ұлттық ойынның бала тәрбиесінде алатын орны мен маңызына байланысты болып отыр. Осы ой өнерінің жасөспірім тәрбиесіне беретін маңызды ерекшеліктері көптеп кездеседі. Атап өтер болсақ, ұлттық құндылықтарымызды бала бойына сіңіру арқылы: баланың ойлау жүйесін дамытады, дербестікке үйретеді, назарын шоғырландыра алады, уақытты тиімді пайдаланады, іс-әрекеттерін жоспарлап үйренеді, есте сақтау қабілеті дамиды, қол (саусақ ұшы) моторикасы дамиды. Бір сөзбен айтар болсақ, баланың жан жақты қалыптасып, белсенді дамуына үлкен септігін тигізері анық.

Бестемше – тек жай ойын ғана емес, ұлттық құндылықтарымыздың бірі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді дана халқымыз. Ал біз осы ойынды мектеп жасына дейінгі балалардан бастап, тоғызқұмалақ ойнай алатын жасқа жеткенше іргетасын қалауымыз қажет. Баланы жан-жақты ететін бұл ойынның түрі алдағы уақытта өз маңызын жоймайды. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оны құрметтей білейік!

Бақытжан АХУНОВ,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары
колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытуш
ысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!