Фото:https://share.google/hTtlXuqSgU9uUY3vG
Қазақ халқының салт-дәстүрі мен наным-сенімдерінде тыйымдар үшін ерекше орын қарастырылған. Әрқайсысының астарында терең тәрбиелік мән мен ұлттық құндылық жатыр. Солардың ішіндегі ең жиі айтылатыны – «бос бесікті тербетпе». Кейінгі кездері қоғамда үлкен өзгерістерді байқауға болады. Кейбір дәстүрлер жаңа бағытқа ұласып жатады. Бірақ бұл ұстаным әлі күнге дейін халық аузынан түскен емес.
Қазақ қоғамында бос бесікті тербету жамандыққа әкеледі деген пайым бар. Ол – тек баланың жататын орны емес, ұрпақтың жалғасуының символы. Бұл туралы этнограф Досымбек Қатранның «бос бесікті тербету баласыз, ұрпақсыз қаласың деген сөз. Себебі бала өмірге келгеннен оны бесікке салып, тербетеді. Бала дүниеге келгеннен кейін ғана бесіктің жабдықтарып алып, оны жаңартып, ат қояды» деген пікірі бар.
Бос бесікті тербету – қасиетті ұстанымды қорлаумен тең. Халық арасында «Бос бесікті тербетсең, ішіне шайтан жатып алады» деген сенім де қылаң береді. Десе де мұндай жағдай орын алмас үшін жасалатын рәсімдер туралы этнограф Болат Бопайұлы да пікірін білдірген.
– «Тал бесіктен – жер бесікке» деген сөз бар. Халқымызда бос бесікті тербетпейді, бейуақытта оны далаға қоймайды, бесікті арша, адыраспанмен аластағаннан кейін ғана баланы салады. Сәбиге жын-жыбыр, көрінбейтін қара күштер жоламасын деп бесіктің басына қайшы, пышақ, қамшы жастап та қояды. Ал бала есейгенде бесікті далаға тастамаған, – деген ол.
Бос бесікті тербетпеу туралы тыйым халқымыздың сан ғасырлық тәжірибесінен туған пайым. Бұл дәстүр бізді киеліні қастерлеуге, болашаққа сеніммен қарауға және ұрпақ қамын ойлауға бағыттайды. Технология дамыған заманда бұл ескі наным-сенім болып көрінуі мүмкін, бірақ оның астарында жатқан «ұрпағың аман, бесігің балалы болсын» деген игі тілек ешқашан мәнін жоймайды.
Мейір НИЕТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!