Маңызды әрі қызықты іс-шараға бардық. Шынымен, бүгінге дейін қатысқан жиындардың ішіндегі ең салмақтысы да осы болар.

Себебі бұл іс-шарада балалардың неше күн жаттаған тақпағын ұмытып қалса да, намысқа тырысқан сәтін, тәрбиеші үйреткен биді жаңылмай қайталағанын көрдік, күлкісін естідік. Мұнымен қоса баласының бірінші рет өнер көрсеткенін мақтанышпен тамашалап отырған ананың жүзіндегі қуаныш, жауапкершілікті сезінген тәрбиеші-апайлардың қолдауы «Алтын сақа» балабақшасында наурыз мерекесіне орай өткен ертеңгіліктің салмағын көбейтті.

Іc-шараның ашылу салтанатында балабақша меңгерушісі Шырынкүл Тұрманова сөз сөйлеп, ата-аналарды, мамандар мен балаларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Әрі қарай тақпақ айтып, қара жорға билеген балалардың өнері ертеңгілікке ерекше көрік бергендей. Балалар хор да орындап, ән де шырқады. Ал мейрамның маңызы мен ерекшелігін түсіндіру үшін сахнаға шыққан әжелер наурыз көже жайлы айтып берді. Балалар қыз қуу, қол күрес, арқан тарту секілді ойындарды да ойнады. Мерекелік бағдарлама «қамажай» биімен жалғасып, тұсау кесу рәсімі өтті. Бала да, ата-ана да мәз-мейрам.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!