Sber Govtech мәселесі

«ҚР Цифрлық даму министрі тікелей эфирде тұрды да “Біздің Цифрлық Қазақстан жасамақ ойымыз тығырыққа тірелді. Қазіргі таңда біздің мемлекеттің цифрлық басқарылуы 400-дей жүйеден құралған. Олардың барлығын жобамен 30-40 ІТ компания басқарады. Мәліметтер қоры бір-бірімен қабыспайды. Шашылып жатыр. Бұдан әрі бұлай жалғасуы мүмкін емес” деді.

Ең қызығы, дәл осы әңгімені біз бұған дейін әр жерде сұқбат бергенде айтып жүргенімізде ешқайсысы мойындамаған болатын. Түсінгенім, оны мойындау үшін ҚР Президенті Қ.Тоқаев мырза тапсырма беру қажет бопты. Анализ жасау қажет бопты… Ешқандай анализсіз көз алдыңда құлап жатқан сайт пен бір-бірімен араласып, былығып жатқан мәліметтер қорын бәрі көріп отыр ғой.

Министр Мусиннің позициясымен келісуге болады. Мойында тапсырма тұр. Президент те мәселені жеке қадағалауына алған сыңайлы. Цифрлық трансформация жасалуы керек. Мақтаулы Егов тігісінен қақ айрылып, 1-2 млн актив сессия болса, халықтық достан есінен танып құлайын деп шатынап тұр. Қайтпек керек? Әрине, “Система шіріп кеткен! Түбегейлі ауыстыру керек” деп айқайлаған сантехник секілді, қазіргі тұрған еговты ары қарай жамап-жасқай бергенше және мемлекеттік басқарудың әртүрлі деңгейіндегі 400-ден астам ақпараттық жүйенің барлығын бұдан әрі арқалап жүре бергенше, түбегейлі жаңа парадигмадағы модельге көшкісі келеді. Құптарлық па? Иә! Әңгіменің қызық жері осыдан кеп шығады. Себебі, қазақстандық ІТ қауымдастық жаздан бері дүрлігіп жатырмыз. Өйткені біздің үкімет теріскей көршіміздің Sber GovTech атты технологиясына құда түсіп, құлағына сырға сап қайтыпты. Ол аздай, бұл жобаның әрмен қарай іске асуы үшін мемлекетаралық меморандумға қол қойып, біздің Президент пен ресейлік басшы онлайн бата берді. Осы жерге келгенде, біз аң-таң болдық та қалдық. “Көке, цифрлық бодандық қой мынау?” деп.

Сөйтсек, осы уақытқа дейін бұл мәселе жөнінде там-тұмдап қана ақпарат беріп келген ҚР Цифрлық даму министрлігі бүгінгі эфирде Бағдат Мусин кейпінде арнайы түрде мәлімдеме жасап, “Біздің цифрлық егемендігіміз орнында. Ешкім ешкімге ешқандай ақпаратты бергелі жатқан жоқ. Мәселен, сіз 1C Бухгалтерия секілді бағдарламаны қолдансаңыз, оны қолданған сәттегі өзіңіздің қаржылық мәліметіңіз өзіңізде болады ғой? Бұл да дәл сондай” деп жауап берді.

Әділін айту керек, бұл жолы министр дұрыс сөйледі. Иә, біз қандай елдің қандай цифрлық өнімін қолдансақ та оның ішінде басқаратын өз мәліметіміз өзімізде болады. Ешкім қотарып алмайды. “Ал серверге Sber-дің мамандары кіре алмайды. Тіпті кіре қалған жағдайда мемлекеттік техникалық сервис (ҰҚК) мамандарының қатаң бақылауында болады” деді.

Осы жерде эмоцияның барлығын жиып қойып, “Біз ақпараттық қауіпсіздіктен айрылатын болдық қой?” деген әңгімеге таза ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан жауап берсек. Ақпараттық қауіпсіздік яғни information security дегеніміздің толыққанды сақталуы үшін алтын ереже бар. Ол − confidentiality (құпиялық), integrity (тұтастық) және availability (қол жетімділік) [CIA] деген үштік одақтың аман болуы. Әгәрәки осылардың біріне нұқсан келсе, онда ақпараттық қауіпсіздікке сызат түсті дегенді білдіреді.

Ал енді осы Sber-дің технологиясын қолданғаннан әлгі CIA арқылы біздің ақпараттық қауіпсіздікке келетін қандай зиян бар? Бағдат Мусин министр ретінде құпиялылық жағына да, тұтастық жағына да және қол жетімділік тұрғысынан да еш нұқсан жоқтығын және мүмкін еместігін айтты. Адам сөзіне сену-сенбеу әркімнің өз шаруасы, бірақ аргумент ретінде өз басым қабылдадым.

Шу қайдан шықты және неге шықты?

Бұл туралы ең алғаш Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы ІТ комитет төрағасы Болат Башеев мырза дабыл қаққан болатын. Кейін бір топ қазақстандық ІТ мамандармен көрші елдің технологияларына көз жеткізіп қайтты. Біздің елдегі өзге де ІТ компаниялардың басшылары және Қазақстандық ІТ компаниялар қауымдастығы тарапынан ҚР Президенті Қ.Тоқаев мырзаға ашық хат жолдады.

Тезистеп айтсақ, мемлекеттің цифрлық егемендігін өзге елдің қолына бермеуді және Egov-ты трансформациялауды шетелдік компанияларға тапсырмауды сұраған. Сөйтіп 8 пунктен тұратын өз уәждерін тізіп берді:

1. БҰҰ рейтингі бойынша біздің елдің электронды үкіметі 29-орында, ал Ресей 36-шы орында. Біздің егов әлемдегі ең үздік электронды үкіметтің 15%-ына жатады.

2. Sber Govtech «ГосТех» платформасына көшу арқылы біз сонша жыл атқарған цифрлық интеграциялардың барлығынан айырылып, 2006 жылғы кейпімізге қайта келуіміз мүмкін деді.

Бұл екі сұраққа да Бағдат Мусиннің жауабы: “Иә, солай. Бірақ біз мақтанайық-мақтанбайық eGov ескірді және 400-дің үстіндегі ақпараттық жүйені асыраудан бюджет шаршады” деді.

3. Sber Govtech ұсынысын қарайтын болсақ, оның ішінде қағаздан цифрға өтуге көмектесетін реинжиниринг жөнінде ештеңе жоқ. Ал реинжинирингсіз цифровизация жасау бос сөз.

Бұған тікелей жауап ести қоймадым, бірақ Б.Мусин мен оның ведомствосы таратып жатқан барлық ақпаратта “реинжиниринг” болады деп жатыр. Сену-сенбеу әркімнің шаруасы.

4. Заңнамалар мен нормативтік актілер сияқты елдің ішіндегі құжаттар ақпараттық жүйені үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Ал Sber платформасын сатып алуға $300 млн АҚШ теңгесі және халықаралық тәжірибе бойынша есептесек, жыл сайынғы ұстап тұруы үшін $60 млн АҚШ теңгесі жұмсалады.

5. Sber ұсынған платформа Open Source және тегін технологиялар негізінде жасалған. Ал ондай технологияларды қазіргі еговкз жасаушы қазақстандық ІТ компаниялар онсыз да қолданып жүр. Сәйкесінше, бағаның сонша қымбаттығы алаңдатады.

Бұл екі сұраққа Б.Мусиннің жауабы “Ол ақша онсыз да кетіп жатыр. Уақыт та кетіп жатыр. Тіпті одан артық болмаса, кем емес. Сондай-ақ жағдай жыл сайын күрделеніп egov сүйенетін 400-дің үстіндегі жүйе өліп қалуға айналды” деген мағынада шықты.

6. Sber платформасын таңдасақ, еліміздегі 15 000 астам отандық бағдарламашы жұмыссыз қалуы ықтимал. Сондай-ақ, шетелге кетіп қалуы мүмкін. Бұл қаржылық та, адами капитал жағынан шығынға әкеледі.

ҚР Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин бұған: “Келіспеймін. Себебі, біз Сбермен бірігіп жасайтын платформалық модель AppStore немесе Play Market сияқты болады. Ол жерде қандай да бір мемлекеттік структураның қыр-сырын білетін адам өзі ойластырған бизнес-процестер негізінде КЕЗ-КЕЛГЕН ІТ маман, КЕЗ-КЕЛГЕН бағдарламашы өз модулін жасап ұсына алады. Керісінше, біз тек алпауыт ІТ компанияларға ғана емес, өзі ғана жүрген әрбір ІТ студентке дейін мүмкіндік ашып жатырмыз” деді.

7. Ақпараттық қауіпсіздік. Шетелдік ІТ архитекторлар мен бағдарламашылар және олардың өнімін әкелу біздің елдің Egov-ын дамытуда тәуелділікке әкеліп қоймай, сонымен бірге мәліметтер қорына шетелдіктердің қолы жететін болады. Қандай да бір кикілжің туындаса, олар жүйені өшіріп тастай алады.

Цифрлық министр бұған алаңдамауды және мәліметтер қорына ешкімнің қолы жетпейтінін, физикалық тұрғыда оған ешкім кірмейтінін, кірсе де ҰҚК қадағалауында болатынын айтты.

8. Біздің Egov-ты жетілдіру үшін отандық ІТ-мамандардың кәсіби білігі де, тәжірибесі де толығымен жеткілікті. Шетелдік орындаушыны әкелу Yellow Pages қағидаларын бұзады. Sber технологиясын алудың еш қажеті жоқ, себебі, мемлекетпен жеке әріптестік жасай отырып біздің ІТ-компаниялар осы уақытқа дейін апробациядан өткен, уақыт пен ақша жағынан арзанға түсетін жүйе жасауға болады. Sber-ге беретін $300 млн ақшаны бізге $20 млннан 15 жыл бойы беріп отырсаңыздар, өзіміз де әлемдік деңгейдегі жүйе жасап шығар едік.

Бұған министрдің осыған дейінгі жазбалары мен видеоларында және бүгінгі эфирдегі сөздерінен белгілі болғаны: “Жасайтын болсаңыздар қайда қалдыңыздар?” болып шыққан сияқты. Ал ҚР Цифрлық даму вице-министрі Асқар Жамбакин бұған Информбюроға берген сұхбатында: “Еліміздің ІТ мамандары бұл істі 3-тен 5 жылға дейінгі мерзімде істейді. Бұл қазіргі жағдайда тым баяу, бізге платформа қазір керек” деген мағынада жауап берді.

Тимур БЕКТҰРДЫҢ

«facebook» парақшасынан

Министрдің жауабы

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин “қазақстандықтардың барлық жеке дерегі Ресейге қолжетімді болады” деген ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл туралы ол facebook парақшасында жазды.

– Біріншіден, ЕGov.kz порталы тек қана Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді. “Қазақстандықтардың барлық деректері Ресей Федерациясына қолжетімді болады” деген түсінік қисынсыз, –  деді ол. Министрдің сөзінше, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы шетелдік құрылымдарда жұмыс істейтін көптеген мекемелер бар. –  Десе де олардың бәрі біздің мәліметтерді ала алады деген сөз емес. Электрондық үкіметке келетін болсақ, бұл жер­де біреу біреуге ақпарат береді деген сұрақ туындамауы да керек.  ЕGov.kz — бұл барлық мемлекеттік базалармен қосылған “витрина” ғана. Бұл базаларға немесе жүйелерге ешкім ешқашан қол жеткізе алмайды. Өткен айда басталған талдау қазақстандық мемлекеттік секторда 400 ақпараттық жүйе бар екенін көрсетті. Бұл мемлекеттік жылжымайтын мүлік базасы сияқты ірі базалардан бастап, олимпиада жүлдегерлері тіркелген шағын базаларға дейін. Ағымдағы кезеңде біздің міндетіміз – әртүрлі технологияларда жазылған, кейде бағдарламашы этикасы мен ескірген құжаттамасыз жүздеген жүйелердің орнына, барлық деректер бірыңғай платформада реттелген және түсінікті болатын ондаған жүйелерге өту. Қазір eGov-ты миллиондаған ескі құрылғылармен салыстыруға болады, олардың орнына біз сапалы заманауи технологиямен жабдықталған платформаны орнатқымыз келеді, –  деп жазды Бағдат Мусин.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!