Шаймерден Шегебаев – қазақ халқының тарихында есімі алтын әріптермен жазылған, ерен еңбегімен елге танылған ұлағатты ұстаз, ардақты азамат. Ол 1908 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты Қарашұқыр жерінде, орта шаруа отбасында дүние есігін ашты.
Жасынан білімге құштар Шаймерден 9 жасынан 13 жасына дейін Алдашбай ахунның тәлімін алып, араб, парсы, шағатай, славян тілдерін еркін меңгерді. Оның білімге деген ерекше құштарлығы сол кезеңдегі ауыл жастарына үлгі болды. 13 жасында өзі білім алған ауылында мектеп ашып, бес жыл бойы шәкірттеріне дәріс берді. Тіпті Омар Шораяқтың ұлы Шайқыға да ұстаздық етіп, білім нұрын таратты.
1933-1936 жылдары ауылсоветте хатшы қызметін атқарып, ел ісіне араласты. 1942 жылы әкесінің қайтыс болуына байланысты бауырларымен қоштасып, майданға аттанды. Інісі сол майдан даласында қаза тапты. Ал Шаймерденнің өзі 1943 жылдың наурыз айында оң жақ жауырыннан жарақат алып, екінші топ мүгедегі болып елге оралды.
Соғыста Украина майданының 87-атқыштар дивизиясында барлаушы ретінде екі рет жараланып, ерлігімен көзге түсті. Черново селосындағы ерлігі үшін «За отвагу» медалімен, Харьков қаласын азат етудегі батылдығы үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.
Соғыстан кейін Ленин атындағы ауылда диханшылықпен айналысып, күріш өсіруде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұл еңбегі үшін «Күріш өсірушілердің шебері» атағын иеленіп, тәжірибесін жастар мен диқандарға тарату мақсатында «Шаймерден атындағы мектеп» құрылды. Оның еселі еңбегі Ленин және Октябрь революциясы ордендерімен, «Еңбек ардагері» медалімен бағаланды.

Пахтааралдағы ауылшаруашылық оқу орнын тәмамдап, агроном мамандығын алып, 1959 жылға дейін бас агроном қызметін атқарды. Өмірінің соңына дейін күріш звеносының жетекшісі болды. 1945-46 жылдары Карл Маркс (қазіргі Алдашбай Ахун ауылы) колхозының төрағасы болып, шаруашылықты өркендетті.
1966 жылы 6 қазанда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Оның есімі Қазақ ССР құрметті «Алтын кітабына» жазылды. Еңбегі ВДНХ-ның алтын, күміс, қола медальдарымен де бағаланды. Өмірінің кейбір кезеңдерінде саяси қуғын-сүргінге ұшырап, қиындықтарды да бастан кешті.
Шаймерден Шегебаевтың қаламынан туған «Өмір – ұзақ жол» атты өлеңдер мен толғаулар жинағы халыққа рухани азық болды. Ол «Төрт дәруіш», «Мың бір түн» ертегілерін қазақ тіліне аударып, жазба мәдениетіне зор үлес қосты.
1999 жылы аудандық комиссияның шешімімен Шаймерден Шегебаевқа «Ғасырдың ұстаз-диқаны» құрметті атағы берілді. 2010 жылы Алдашбай Ахун ауылындағы бас көшеге оның есімі берілді.
Шаймерден Шегебаев – елінің мәңгі жадында сақталар, өмірі өнеге, еңбегі үлгі болған ұлы тұлға. Оның халыққа көрсеткен адал қызметі мен білім-ғылымға сіңірген еңбегі кейінгі ұрпақ үшін мәңгі мақтаныш болып қала бермек.
Ақнұр ЖӘНІБЕКҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!