фото: ашық дереккөзден

Қазіргі дәуір – ақпарат ғасыры. Ақпарат ағынының көптігі сонша, кейбір отбасыларда отбасы институтының дәнегі қалмағандай. Денелері бір дастарқан басында отырса да, санасы мен жаны телефон құрығына ілінген. Әлеуметтік желілер, сайттар, жұлдыздар өмірі, сары басылымдар, телеграмарналар, жүздеген хабарламалар біздің жан жолдасымызға айналды. Америкалық танымал сайт Backlinko 2025 жылдың 30 шілдесінде кезекті мақаласын жариялады. Мақалада: «16 мен 64 жас аралығындағы пайдаланушылар күніне шамамен 6 сағат 38 минут, аптасына 46 сағат 26 минут уақытын экран алдында өткізеді» – деп жазылған. Бұл дерек кейбір адамдардың оянуына себеп болуы мүмкін.

Қазіргі таңда ақпарат айдынында жағымды жаңалық пен құйтұрқы қауесет қатар жүзіп жүр. Контент тұтынушылардың қарасы көп болған сайын, контент өндірушілердің де саны арта түседі. Бірақ бәрінің ниеті бірдей емес. Бірі әлеуметтік желіні пайда көзіне айналдырып, ойын-сауық контентін ұсынса, енді бірі мәнсіз дүниеден мәнді, мағыналы контент жасауға тырысады. Ал үшінші топтың миссиясы мүлде бөлек. Бүгінгі жазба ойын-сауық немесе мағыналы контент жайында емес. Ендеше, үшінші өндірушілер кімдер?

Үшінші топқа – жалған ақпарат таратып, қоғамды манипуляциялауды мақсат ететін контент өндірушілер жатады. «Factcheck.kz» сайтының мәліметінше, елімізде әр күні әлеуметтік желілерде жүздеген фейк ақпарат тарайды. Фейк жаңалықтардың, манипуляцияның, жалған ақпараттың көбеюі шындықты бұрмалайды. Ал жалған ақпаратқа сенушілер көбейген сайын шындық көмескілене түседі. Шындықтың даусы бәсеңдеп, жалғанның үні биіктеген қоғамда адам санасы адасуға бейім келеді. Қоғам саналы азаматтардан құралуы үшін медиасауаттылық қажет.

Медиасауаттылық дегеніміз не?

Медиасауаттылық – ақпарат тасқынында адаспай, шындықты таба алу қабілеті. Бұл адамның ақпарат әлемінде көзі ашық, санасы сергек болуын қамтамасыз ететін маңызды дағды. Ол бізді кез келген жаңалыққа бірден сенбей, оның астарын, мақсатын, пайдасы мен зиянын түсінуге үйретеді. Медиасауатты адам жалған ақпараттың жетегінде кетпей, әр мәліметке сын көзбен қарап, шындықты өзі таба алады. Бұл қабілет адамның ойын қалыптастырып қана қоймай, оны алдау мен манипуляциядан қорғайды. Сонымен қатар медиасауаттылық – өз пікіріңді мәдениетті жеткізу және ақпаратты жауапкершілікпен бөлісу деген сөз.Ақпарат тасқыны көбейген бүгінгі қоғамда медиасауаттылық – адастырмайтын шамшырақ іспетті.

Медиасауатты болу үшін не істеу керек? Бірге тарқатайық. Ең алдымен ақпарат көзін тексеру. Instagram желісінде тұтынушы көп болғандықтан, онда контент те көп. Күнделікті көріп жатқан материалдың кім жариялағаны өте маңызды. Парақша ресми ме, әлде жалған (фейк) ба – ажырата білу керек. Сенімді болжам бойынша Instagram желісіндегі парақшалардың 10-15%-ы
фейк парақша.

Содан кейін фактчек жасау. Өзіңізді қызықтыратын деректі тек бір дереккөзден оқу жеткіліксіз. БАҚ немесе ресми сайттардан салыстырып көру қажет. Мысалы, қазақстандық FACTCHECK.KZ сайтында жалған ақпараттарды тексеруге болады. Сонда ғана шынайы ақпаратқа қол жеткізе аласыз.

Жалған ақпарат белгілерін тану. Ашулы, сенсация туғызатын тақырыптар, эмоцияға әсер ететін мәтіндер көбіне фейк болады. Осындай хабарламалар аз уақыт ішінде көп қаралым жинау үшін жасалады. Мәселен, барлығына таныс жазбалар: «Осы дәріні ішсең 1 айда арықтайсың», «1 аптада 5 кг тастайсың», «Лимон + сода = арықтау».Мұндай «ғажайып нәтижелердің» барлығы дерлік — 100% фейк! Денсаулыққа зиян келтірмес үшін жалған ақпарат белгілерін тани білу өте маңызды.

Медиасауаттылық – қазіргі уақытта аса өзекті әрі әлі терең зерттеліп үлгермеген тақырып. Бір білеріңіз: әлеуметтік желідегі контент өндірушілердің басым бөлігі сіздің пайдаңызды ойламайды. Экрандағы жылтыр, мінсіз, ғажайып өмір шынайы өмірде болмайды. Кейде реалистік көзқарас ұстану – өзіңе зиян келтірмей, пайдалы шешім қабылдауға көмектеседі.Миымызды улап жатқан ақпараттың рас-өтірігін ажырата білу – білімділіктің белгісі.

«Сыр жұлдыздары шығармашылық және инновация» академиясының
«Жас журналист» үйірмесінің оқушысы
Ақмаржан Амангелді

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!