Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, салалық мекеме басшылары және селекторлық байланыс арқылы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қатысты. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды: 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстық бюджеттің игерілуі және әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, салық салу базасын кеңейту мәселесі мен 2021-2022 жылдардағы жылу маусымына дайындық барысы.

Бірінші мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова мен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай баяндама жасады.

2021 жылдың 1 шілдесіне облыс бюджет түсімдері 105,2 % орындалды. Шығындар жоспары 99,8 % игерілген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 7,7 млрд.теңгеге өсіп, 127,6% құрады. Қызылорда қаласы мен аудандар 1 жартыжылдықта барлық бюджеттегі қаражатты 99,9-100% игерді. Алайда, бұл тізімге Арал ауданы кірмейді. Себебі, бюджет игеру көрсеткіші 99,7% құрады.

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсім қамтамасыз етілген. Өнеркәсіп өндірісінде 344,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 0,5% құрады. Ауыл, орман және балық шаруашылығында 28,5 млрд. теңгенің жалпы өнімі өндіріліп, өсім 2,8% құрады. Ал, инвестициялар көлемі 13,6%, атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 34% артты. Сондай-ақ, 297,6 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, өсім 5,3% көрсетті. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да 6,1% артып, 49 808 бірлікті құрады. Мұнымен қоса, бөлшек саудада көлемі 145,2 млрд. теңгенің тауары сатылып, 1% өсім қалыптасты.

Жалпы, 2021 жылдың қорытындысымен Жалпы өңірлік өнім көлемінің өсімін 101,5% деңгейге жеткізу жоспары тұр.

Облыс әкімі қаржының игерілуі мен әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берді.

«2021 қаржы жылы ай сайын қаржыландырудың жиынтық жоспарына сәйкес жоспарланған қаржыларды толық игеру, оның ішінде республикалық бюджет қаражатын 100 пайызға игеру қажет. 2021 жылға жоспарланған барлық конкурстық процедураларды мерзімінде аяқтап, келісім шарттарды тіркеуді қамтамасыз етіңіздер. Үстіміздегі жылдың 7 айының қорытындысымен бюджет қаражатын игеруде төмен көрсеткіштер орын алған жағдайда жауапты лауазымды тұлғаларға тәртіптік шара көрілетіндігін ескертемін. Мұнымен қоса, Арал ауданының Жақсықылыш кентінді дене шынықтыру кешенінің құрылысын және Жаңақорған кентіндегі тұрғын үйлерге су құбырын жеткізудің сервистік желісін іске қосуды тапсырамын. Стратегиялық құжаттардың да сапалы орындалуы тұрақты бақылауда болу қажет. Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары, Қызылорда облысының әкімінің 2021 жылға арналған Іс-қимыл жоспары және 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарын 2021 жылға межелеген барлық іс-шаралардың және нысаналы индикаторлардың орындалуын қамтамасыз ету міндеттеледі», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Салық салу базасын кеңейту мәселесіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов тізбектеді.

Ағымдағы 2021 қаржы жылын нәтижелі аяқтау үшін мемлекеттік кірістер департаментпен 31 033 салық төлеуші қамтылған 30 бағытта «мақсатты топ» құрылып, салықтық және кедендік әкімшілендіру жұмыстары атқарылуда. 2021 жылдың 1 жартыжылдығына жергілікті бюджеттің болжамы 135 % орындалып, жергілікті бюджетке 35,9 млрд. теңге қаржы түсті.

Мұнай бағасының құлдырауы, жұмыскерлер санының қысқаруы салық базасының тұрақтылығына теріс әсерін тигізуде. Осы орайда, қолда бар резервтерді пайдалану арқылы тұрақты салық салу базасын ұлғайту міндеті тұр.

Аймақ басшысы салық салу базасын кеңейту мақсатында бірқатар міндеттемелерді атап өтті. Атап айтақ, тозығы жеткен, жарамсыз көліктерді есептен шағаруды қамтамасыз етуді, мемлекеттік қабылдаудан өткен жол құрылысы, газ құбырлары, су құбырлары және электр желілері және олардың меншік иелерін нақтылап, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына және мемлекеттік кірістер департаментіне ұсынуды жүктеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қаржыға және оның қайтарымына бақылау жасауды және 1 ай мерзімде кәсіпкерлік субъектілеріндегі жұмысшылардың саны, олардың мүлкі және өндіріс көлемін анықтау бойынша тиісті мемлекеттік уәкілетті органдардың қатысуымен жұмысшы тобы құруды тапсырды. Сондай-ақ, мүлік салығы базасын ұлғайту мақсатында жаңадан тұрғызылған үйлерді анықтап, ескі бағалау құнымен қалған үйлер бойынша қайта бағалау жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті.

«Бір ай мерзімде көлеңкелі егіс көлемін анықтап, оларды салықтандыру мақсатында іс-шара жоспарын әзірлеп, бекітуге ұсыныс енгізіңіздер», – деді Г.Әбдіқалықова.

Айта кету керек, жоғарда аталған тапсырмалардың орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешевке жүктелді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жаңабаев баяндады.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнында 2 қазандық, 5 күштік трансформатор, 17 АБМҚ және 4,1 км жылу жүйелеріне, «Қызылорда Оңтүстік жылу орталығы» филиалының 7 қазандығына, «Қазалы-Теміржолжылу» филиалының 4 бу қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстары 78% орындалған. «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ осы жылы 602 км электр желілері мен 79 дана әр түрлі кернеулі қосалқы стансаларға күрделі жөндеу, 487 км электр желісі мен 61 дана әр түрлі кернеулі қосалқы стансаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары қаралып, 55% орындалды. «КазТрансГазАймақ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалы – алдағы жылу беру маусымына дайындық жүргізу үшін 50 дана ГРП мен 208 дана ШРП-ға ағымдағы жөндеу жұмыстарын 80% орындады. Ал, «Қызылорда Су жүйесі» МКК 1,5 шақырым ауыз су және кәріз жүйелеріне, ауыз су қысымын көтеру станциясының 4 дана насос жабдықтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары 69% орындаған.

Әлеуметтік сала нысандарына алдағы жылу беру маусымында 33 мың тонна қатты және 25 мың тонна сұйық отын, ал тұрғындарға 140 мың тонна қатты отын қажет. Облыс бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 811 көпқабатты тұрғын үй бар, бүгінгі күні олардың 12% жылу беру маусымына дайын. Қалғандарында бекітілген кестеге сәйкес жұмыстар жүруде.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жоспарланған жөндеу жұмыстарын бекітілген кестеге сай аяқтауды және ағымдағы жылдың 1 қазанына дайындық паспорттарын алуды, әлеуметтік нысандар мен тұрғындарға қажетті қажетті отын қорын жасақтауды жүктеді. Тұрғындарға қажетті көмір отынына бағаның өсуін, ортадағы делдалдықты болдырмау мақсатында, көмір жеткізуші кәсіпкерлермен тікелей келісім шартқа отыру бойынша жұмыстарды үйлестіріп, газ желісі жүргізілген кенттер мен елді мекендердегі білім беру және денсаулық ұйымдарының қазандықтарын газға алмастыру бойынша шаралар қабылдауды жүктеді. Көпқабатты тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізу және барлық көп қабатты тұрғын үйлердің жылу беру маусымына дайындығын ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін аяқтау қажет екенін айтып, жұмыс барысына күнделікті мониторинг жүргізуді және облыстық штабтың күн тәртібіне енгізуді тапсырды. Тапсырмалардың орындалуын бақылауды орынбасары Серік Сүлейменовке жүктеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!