Ғарышкерлер күнінде газет пен ғаламтордың «Гагарин бірінші ғарышкер болмаған» шулап қоя беретіні бар. Ғарышқа Гагаринге дейін ұшып, сол кеңістікте қаза тапқандар туралы көптен бері айтылып жатыр. Кеңестік ғарышкерліктің құрбандары туралы миф қайдан пайда болды?
Венериан фантомы
Тұңғыш рет Кеңес Одағын Гагаринге дейін ұшқан ғарышкерлердің өліміне АҚШ және басқа да алпауыт мемлекеттер айыптады. Бұл туралы сол кездегі ғарышкерлер жасағының басшысы Николай Каманиннің күнделігінде 1961 жылғы 12 ақпанда жазылған жазба бар:
“4 ақпанда Венераға зымыран ұшырылғаннан кейін Батыс шулап сала берді. Тіпті итальяндықтар радиотолқын арқылы орыс тілінде көмек сұрап жатқандарды естіген-міс. Мұның бәрі мүлдем негізсіз ойдан шығарылған нәрселер. Шын мәнінде, біз ғарышкердің жерге аман-есен қонуына барынша жұмыс істеп жатырмыз….”
1961 жылдың 4 ақпанындағы бұл ұшу сәтсіз аяқталды, бірақ бортта ешқандай адам болмады. Бұл Венераға зерттеу аппаратын жіберуге жасалған алғашқы әрекет болатын. «Молния» зымыран тасығышы оны ғарышқа шығарды, алайда ақаудан аппарат жер маңындағы орбитада қалды. Кеңес үкіметі әдет бойынша сәтсіздікті ресми түрде мойындаған жоқ, есесіне бүкіл әлемге берген ақпаратында зымыранның сәтті ұшырылғанын және ғылыми-техникалық міндеттердің орындалғаны туралы алақайлай жариялап жатты.
Мифтің пайда болуы
Дегенмен батыстық журналистерге оралайық. «Қызыл ғарыш құрбандарына» арналған алғашқы хабар италиялықтардан шықты. 1959 жылдың желтоқсанында «Континенталь» агенттігі КСРО 1957 жылдан бастап ғарышқа баллистикалық зымырандар ұшырып келе жатқанын жария етті. Агенттік содан бері Алексей Ледовский, Сергей Шиборин, Андрей Митков пен Мария Громова ұшу кезінде қаза тапқанын айдай әлемге таратып жатты.
Осы саладағы салмақты ғалымдардың бірі, неміс инженері Герман Оберт 1958 жылдың басында Капустин Яр полигонында ұшқыштың өлімімен аяқталған жағдай туралы естігенін айтты. Бірақ Оберт «ғарыштық апат» туралы басқалардың сөзінен білетінін және мәліметтердің шынайылығына күмәнмен қарайтынын қосып қоюды ұмытқан жоқ.
Ал “Континенталь” сенсациялық ақпаратты бірінен кейін бірін таратып жатты. Итальяндық тілшілер Сібірдің “Спутникград” мифтік ғарыш айлағында жарылған “ай кемесі” туралы, біресе екі кеңестік ұшқыштың құпия ұшуы туралы деректерді бере бастады. Бірақ олардың ешқайсысы расталмағандықтан көп кешікпей-ақ жұрт “Континенталь” хабарларына күмәнмен қарай бастады.
1959 жылдың қазан айында «Огонёк» журналында авиациялық техниканы сынаушылар туралы мақала жарияланды. Олардың арасында Алексей Белоконев, Иван Качур, Алексей Грачёвтың аттары аталды. «Вечерняя Москва» газеті Геннадий Михайлов пен Геннадий Заводовский туралы жазды. Материалдарды қайта басып шығарған Associated Press журналисі бұл мақалалардағы суреттерде болашақ кеңес ғарышкерлері бейнеленген деп пайымдады. Кейіннен олардың аты-жөні Кеңес Одағы телеграф агенттігінің ғарыштық хабарламаларында пайда болмағандықтан батыс басылымдары бұл бесеуін сәтсіз ұшу кезінде қаза тапты деген байлам жасап қойды.
Оның үстіне журналистердің қиялға ерік бергені соншалықты әрбір ұшқыштың өлімі жайлы түрлі нұсқалар ойлап тапты. Осылайша батыстағы БАҚ өкілдері 1960 жылы 15 мамырда алғашқы спутник кеме 1 KП ұшқышы Геннадий Заводовский болғанын мәлімдеді. Олардың ойынша кеме ғарыш кеңістігінің орбита бағдарлау жүйесінде жарылып, ұшқыш қаза тапқан-мыс.
Ал батыс журналистерінің ойынан құрастырылған ғарышкер Качур 1960 жылы 27 қыркүйекте сол кездегі КСРО басшысы Никита Хрущевтің Нью-Йоркке сапары кезінде орбиталық ұшуға тиіс болған спутник кемесінде өлім құшты. Айтуларынша, кеңес көшбасшысының өзімен бірге ғарыш кемесінің үлгісін ала келген. Егер ұшу сәтті өтсе, оны батыс журналистеріне мақтанып салтанатты түрде көрсетуге тиіс болатын.
Мойындау керек, Кеңес одағы өздері американдық журналистерге 27 қыркүйекте “керемет дүние” болатынын айтып, әлдебір айтулы оқиғаны күтудің атмосферасын өздері жасады. Барлау қызметі ғарыш аппараттарын бақылау кемелері Атлант және Тынық мұхиттарында позиция иеленгенін хабарлады. Сол кезеңде АҚШ-қа қашып кеткен кеңес теңізшісі ғарыштық ұшыру дайындалып жатқанын растады. Бірақ 1960 жылы 13 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясында мінез шығарып, мінбер тоқпақтаған Никита Хрущев Америкадан Одаққа қайтқан болатын. Оның бұл қылығын кеңестік ғарыштық бағдарламасының апатқа ұшырауымен байланыстырған батыс баспасөзі бүкіл әлемді дүрліктіріп жатты.
Көп жылдар өткен соң сол күндерге шын мәнінде ұшыру жоспарланғаны белгілі болды. Бірақ ғарышқа адам емес Марсты зерттейтін алғашқы аппарат 1M «аттануы» тиіс еді. Алайда 10 және 14 қазанда ұшырылған екі бірдей аппаратты жер маңындағы орбитаға жіберу әрекеті сәтсіз болып, бұл тек қағаз жүзіндегі бағдарлама болып қалды.
Келесі «ғарыштық жарыстың құрбаны», ұшқыш Грачев, батыстық БАҚ-тың айтуынша, 1961 жылы 15 қыркүйекте қаза тапқан. Оның өлімі «Континенталь» агенттігінің әлемге таратқан сыбысы болатын. Агенттік 1961 жылдың қыркүйек айында «Восток-3» ғарыш кемесінде екі кеңестік ғарышкер ұшырылғанын жарыса жазды. Бұл КОКП-ның XXII съезіне орай ойластырылған шара болды, бірақ ол кеме де діттеген жеріне жетпей қаңғып кетті десті шетелдіктер.
Ғарышкер Ильюшин
Сенсация қуғандардың тағы бір құрбаны танымал авиаконструктордың ұлы Владимир Сергеевич Ильюшин болды. Олардың дерегінше, жұмбақ кеңістікке Гагаринге дейін жол салғанның бірі болған Ильюшин апатқа ұшырап, Қытай аумағына қонды деп есептеді. Оған бұл сапары жайлы айтуға тыйым салынған дегендер болды. Бұл тек қауесет еді. Ильюшин 2010 жылға дейін өмір сүріп, генерал-майор шеніне дейін жетті.
Ғарыштағы дауыстар
Венериан станциясының 1961 жылы 4 ақпанда сәтсіз іске қосылуы жаңа есту толқынын тудырды. Сол кезде алғаш рет Италияның Турин қаласының түбінде әуесқой радиостанциясын құрастырған Ашилле және Джованни Юдика-Кордилья деген ағайынды жігіттер ғарыш кеңістігінен естіген радиохабарлары туралы айтып әлемді тағы бір шулатқан. Олар адам жүрегінің соғысын және өліп бара жатқан Кеңес ғарышкерінің үздіксіз тынысын басып алды деп мәлімделді. Батыс БАҚ өкілдері бұл дыбыстың иесі орбитада қаза тапқан мифтік ғарышкер Михайлов екеніне сенімді болды. Ағайынды жігіттер 1965 жылы италиялық газетке ғарыштан жеткен “үш қызық” трансляция туралы айтып, ойдан шығарған әңгімелерін шұбырта берді.
Олардың айтуынша, алғашқы радиохабар 1960 жылы 28 қарашада болған. 1961 жылы 16 мамырда олар орыс ғарышкер әйелінің сөзін эфирден естіп жазып алған. Үшінші радиотерапия кезінде 1962 жылы 15 мамырда ғарышта қаза тапқан үш орыс ұшқышының (екі ер адам мен әйел адам) келіссөздері таспаға түскен. Аудио жазба анық болмаса да орыс тілін ажыратуға болатын еді. Жазбада орысша сөйлеген әйелдің “Жағдай нашарлады… Неге жауап бермейсіз? Әлем біз туралы ешқашан біле алмайды… “ дегені жазылған еді.
Бұл жазбалардың әсерлі екені рас. Әлем жұртшылығын таңқалдыру үшін италиялық газет қаза тапқандардың есімін атайды. Бұл тізімдегі алғашқы «құрбан» ұшқыш Алексей Грачев болды. Ғарышкер әйелдің аты Людмила екенін, оның жанында Алексей Белоконев болды деп жарыса жаза бастады.
Сол жылы италияндық газеттің “сенсациялық” ақпаратын американдық Reader ‘s Digest журналы қайта басып шығарды. Төрт жылдан кейін патологоанатом Сэм Стонебрейкер жазған “Ғарышкердің аутопсиясы” кітабы жарық көрді. Онда автор GEMINI әуекемесімен ғарышқа ұшып ғарышта қайтыс болған ғарышкерлердің киімімен және денелерінің кейбір бөлшектеріне зерттеу жүргізгені туралы жазған.
Миф және шындық
Кеңес ғарышкерлері Гагарин ұшқанға дейін де, одан кейін де қайтыс болған жағдайлар кездескені рас. Мысалы, Валентин Бондаренко атты ғарышкер ғарышқа ұшпай-ақ 1961 жылы сынақтық ұшу кезінде қаза тапты. Владимир Комаров 1967 жылы 24 сәуірде «Союз-1» кемесін жерге қондыру кезінде болған апаттан көз жұмды, Георгий Волков, Владислав Волков және Виктор Пацаев 1971 жылы 30 маусымда «Союз-11» кемесінің жарылысы кезінде жан қиды. Бірақ кеңестік ғарышкерлік тарихында батыс баспасөзі жазғандай құпия өлімдер ешқашан болған емес.
Ерхан Ақын
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!