Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова KAZENERGY әйелдер энергетикалық клубының халықаралық V форумы аясында «Әйелдер энергия саласында: теңдік және табыс» тақырыбындағы пленарлық сессияға қатысты.
Сессия жұмысына офлайн режимде және Zoom платформасы арқылы онлайн-форматта қатысқан ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов, KAZENERGY қауымдастығының Бас директоры Кенжебек Ибрашев, Еуропалық Қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Хусейн Озхан, KAZMORTRANSFLOT UK Ltd қаржылық директоры Айзада Аққайсиев форум жұмысына сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат істері жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова,TotalEnergies Kazakhstan компаниясының басшысы Алем Фрига-Ной, Тембекиле Мандела Қорының Бас директоры Ндилека Мандела, Қазақстандағы БҰҰ-Әйелдер құрылымының ресми өкілі Мария Доценко және German Energy Agency халықаралық коммуникациялар жөніндегі аға сарапшысы Каролин Кролик баяндама жасады.
Жиында гендерлік теңдік, әйелдерді еңбек нарығында қолдау және әйелдер көшбасшылығы мен нетворкингті дамыту, пандемия жағдайында орын алған проблемалар мен олармен күресу жолдарын ұсыну мәселелері қозғалды.
Аймақ басшысы ел Президентінің әйелдер үлесін 30%-ға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасы өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылатынын жеткізді.
«Қазіргі қоғамда әйелдің ролі ерекше екені белгілі. Олар кез келген салада табысты еңбек етіп, ел дамуына зор үлес қосып келеді. Облыстағы әйелдер мемлекеттік қолдаудың арқасында бизнеспен айналысып, экономиканың дамуына белсенді атсалысуда. Жұмыс істеп тұрған 56 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 25 мыңнан астамын (45%) әйелдер құрды. Жыл басынан бері бизнесті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 14,1 млрд. теңге, оның ішінде 8,3 млрд. теңге (59,5%) әйелдерге берілді. Ана мен баланы жан-жақты қолдау бағытында жұмыс жалғасуда. Бизнес-идеяларды іске асыру үшін 518 көпбалалы отбасы 302,2 млн. теңге сомасында қайтарымсыз гранттар алды», – деді облыс әкімі.
Гүлшара Әбдіқалықова экономикадағы әйелдер санын арттыру мәселелері тұрақты бақылауда екенін және конференциялар мен форумдардың жұмысына қатысу арқылы басқа өңірлердің озық тәжірибесін тиімді игерілетінін жеткізді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы кәсіпкер әйелдерді қолдау, көпбалалы отбасыларға көмек көрсету секілді жұмыстарды тізбектеп, түрлі салаларда нәзікжандылардың әлеуетін жан-жақты дамыту бойынша бірқатар ұсыныс айтты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!