Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауыр атлетикадан Әлем кубогінің жеңімпаздары Рахат Бекболаев пен Айсамал Сансызбаеваны қабылдады.

Аймақ басшысы пандемия кезеңіне қарамастан Сыр спортшылары онлайн жарыста да бақ сынап, аймақ абыройын асырып жүргенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, спорттағы жарқын жетістіктер мен толайым табыстардың артуына жаттықтырушылардың еңбегі зор екенін тілге тиек етті.

– Қазіргі уақытта коронавирус пандемиясы кезеңіндегі уақытша шектеулерге қарамастан облыс спортшылары республикалық, халықаралық онлайн жарыстарға қатысып, белсенділіктерін көрсетуде. Соның бір дәлелі – 11-18 қараша аралығында Перудің Лима қаласында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында өткен онлайн Әлем кубогында жерлестеріміз Рахат Бекболаев үшінші мәрте Әлем рекордын жаңартса, Айсамал Сансызбаева қыздар арасында Кубоктың «Үздік спортшысы» атанып, жеңістің биік тұғырынан көрінді.Әрине, жеңіс еңбексіз келмейді. Спортшыларымыздың үздіксіз жаттығып, жарысқа жауаптылықпен қарап, білікті жаттықтырушылар Арман Абдраев мен Нұржан Смахановтың дайындық процесін дұрыс ұйымдастыруының нәтижесінде осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз,-деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Лима қаласындағы байрақты бәсекеге 61 елден 399 спортшы қатысқан. Дүниежүзілік жарыста Қазақстанның намысын 7 спортшы қорғады, оның 4-уі- қызылордалықтар.Жыл басынан бері Сыр спортшылары ҚР чемпионаттары мен кубоктарында 293 медаль жеңіп алса, Азия чемпионаттарында 23 медальға қол жеткізді. Мұнан бөлек, аймақ спортшылары, боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен балуан Дәулет Ниязбеков Токио Олимпиадасына 2 лицензия алды. Ал, Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Сыр спортшылары еркін күрестен жалпы командалық есепте І орынды жеңіп алды.Қабылдау барысында облыс әкімі қос спортшы Рахат Бекболаев пен Айсамал Сансызбаевамен пікірлесіп, алдағы жоспарларын тыңдады. Спорттағы әрбір жетістіктері мен кезекті жеңістерін ерекше атай отырып, Әлем кубогінің жеңімпаздарына ноутбук табыстады. Айта кетейік, Айсамал Сансызбаева 2003 жылы 7 тамызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданы Бидайкөл ауылында дүниеге келген. Қазіргі таңда мектеп-интернат-колледждің 1-курсында оқиды. Ауыр атлетикадан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы. Рахат Бекболаев 2004 жылы 14 қаңтарда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық заң жəне техникалық колледжінің студенті. Ауыр атлетикадан ҚР спорт шебері. Жастар арасында ҚР құрама команда мүшесі. Жасөспірімдер арасында Əлем чемпионы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!