Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық қарттар күнімен құттықтады.
Біз – қартын қазынам деп білген халықпыз.
Замана алға жылжып, дүние өзгергенімен «Үлкенге – құрмет, кішіден – ізет» деген қалпымызды сақтап келеміз.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылы 1 қазанды Халықаралық қарттар күні деп арнайы бекіткені белгілі.
Өткенімізді өшірмей, болашағымызға батыл қадам жасау үшін де өскелең ұрпаққа өнеге боларлық істерімізді жеткізіп, елдің берекелі бірлігі мен тату тірлігі жолында аянбай еңбек еткен ардагерлерді ардақтап, құрмет көрсетудің мәні зор.
Осы ретте, Тәуелсіздігіне 30 жыл болған еліміздің бастауында тұрған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге Сыр еліндегі аға-апаларымыз да мемлекетіміздің, Сыр өңірінің аяғынан тік тұрып, өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқанын айтуымыз қажет.
Кезінде еселі еңбек етіп, ел мерейін өсірген, ізгілікті ісімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік қасиеттерімен елге танылған Сыр еліндегі ардақты аға-апаларымыз зейнеткерлікке шықса да, қоғамға қажетті істерге араласып келеді.
Бүгінде облысымызда 76 мыңнан астам зейнет жасындағы ардагерлеріміз бар. Олардың әлеуметтік мәселелерін біз әрдайым назарымыздан тыс қалдырмаймыз. Осы мақсатта Қызылорда облысында аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір» іс-шаралар жоспарын қабылдадық. Жоспарға сәйкес егде жастағы азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталған шаралар жүргізілуде.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы Жолдауында айтылған сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау, ұлтты ұйыстырудағы іргелі істерде қазыналы қарттарымыздың алар орны бар.
Жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды жастардың бойына сіңіріп, насихаттауда, өңірдің болашағына әсер ететін әрбір маңызды мәселеде ардагерлеріміз үлгі-өнеге көрсетіп, алдымызда ақылшымыз болары анық.
Ардақты ағаларым, аяулы апаларым!
Сіздерге тек қана зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға құт-береке, амандық тілеймін!
Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!