Қазір еңбектеген баладан бастап еңкейген қарттың да қолданатыны – бағалы смартфон. Бағасын тілге тиек етпесек те, келтіріп жатқан пайдасы мен зияны бірдей.
Интернет, түрлі мессенджерлер, ойын сайттары, ақпараттық сайттар барлығы ұялы телефонмен тығыз байланысты. Барлығы дерлік қажетіңе жарап, жұмысымызды аз да болсын жеңілдетуде. Десек те сол сымсыз байланыс құралына жіпсіз байланып отыруымыз күннен-күнге үдей түсуде. Жасөспірімдер тұрмақ естияр кісі де жалған ақпаратқа алданып жатыр. Нәтижесінде қаржылай қанау мен психологиялық соққы алғандар кездеседі. Қызмет бабымен болған, таныс-туғанмен болған байланыстан бөлек қорқыту, үркіту мақсатындағы жайттар бар екенін байқаймыз. Бұл – кибербуллинг.
Кибербуллинг ‒ адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Онымен кез келген адам ұшырасуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақындарына тіс жармай шабуылшының айтқанынан шықпайды. Жаңа технологиялар мен әлеуметтік желілердің қарқынды даму нәтижесінен пайда болған кибербуллинг қазір де жиі кездесетін құбылыс. Ең сорақысы, оның салдарынан жәбірленуші жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсауға дейін баруы мүмкін. 2018 жылғы Ұлттық Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының Қазақстандық оқушылар арасында жүргізген сауалнама дерегіне сүйенсек, ҚР-дағы әрбір бесінші оқушы қорлаудың құрбаны болады. 11-15 жас аралығындағылардың шамамен 17 пайызы мектепте айына бір немесе одан да көп рет қорқытып, 20 пайызға жуығы қудалауға қатысқаны белгілі болған. Көбінесе бұл мінез-құлық 11 және 13 жастағы ер балалар арасында жиі кездеседі.
Жалпы, буллинг физикалық агрессияны ғана емес, психологиялық қысымды, әңгіме таратуды, қорқытуды, қорлауды да білдіреді. Сөз басында айта кеткеніміздей, еңбектеген баладан бастап қолына телефон ұсынамыз. Әбден үйренісіп, тәуелділік тудырғаннан кейін ғана қателікті кеш байқайтынымыз бар. Заман талабына, қоғам адымына ілесуге ұялы телефон бірден-бір себеп. Дегенмен, бармақ тістеп қалмас бұрын балақайымызды қадағалап тұруды ұмытпағанымыз абзал.
Лунара ОРЫНБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!