3 тамыз – Көлік жүргізушілер күні

Адам көп елей бермейтін, бірақ қоғамның тыныс-тіршілігі дәл осы қызметке тәуелді болып тұрған бір мамандық бар. Ол – көлік жүргізушісі. Адамдармен, оның ішінде балалармен тікелей байланыста жұмыс істейтін осындай мамандардың еңбегі туралы көп айтыла бермейді. Ал сол қарапайым көрінетін жұмыстың артында үлкен жауапкершілік, төзімділік пен мейірім қатар жүретіні екінің біріне ғана аян.

Бүгін біз сол елене бермейтін, бірақ аса қадірлі қызмет иесінің бірі, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының көлік жүргізушісі – Талғат Сарибаев жайлы айтпақпыз.

Әке орнына әке болған жан

Талғат балалар үйінде көлік жүргізушісі болып 2011 жылдан бері жұмыс істейді. 14 жыл ішінде бұл жер оған тек жұмыс орны ғана емес, өмір мектебіне айналды. Ал балалар үшін ол тек жүргізуші емес, жанашыр жан, қамқор аға, кейде әке орнына әке болды.

Ол алғаш рет балалар үйінің ауласына кіргенде көлік жүргізушісінің міндеті – балаларды белгілі бір жерге жеткізу деп ойлаған. Бірақ көп ұзамай, бұл жұмыстың жүгі темір рөлден де ауыр екенін сезінді. Себебі сенің көлігіңе отырған әр баланың тағдыры бөлек, жан дүниесі жаралы, алайда үмітін үзбеген бүлдіршін. Оларды жай ғана діттеген жерге жеткізіп қана қоймай, қауіпсіздікті, мейірімді, сабырды, қамқорлықты да бірге алып жүреді. Ал шын мәнінде мұндай сенімнің салмағы зор.

Талғат үшін көлік жүргізу – тек темірді тізгіндеу емес. Бұл – қауіптің алдын алу, адам өміріне жауапкершілікпен қарай білу. «Ұзақ жолда да, қысқа сапарда да сенім жүгі бірдей. Әсіресе бала отырса, әрбір бұрылыс пен тежегіш екі есе ойлануды талап етеді», дейді кейіпкер.

Шындығында балаларды тасуға арналған көліктің жүргізушісі болу – басқа саладағы жүргізушілермен салыстырғанда бірнеше есе қиын әрі екі есе жауапкершілікті талап етеді. Ал Талғат соны жүрекпен ұғынған жан.

«Бұл саладағы ең үлкен сабақ – әр баланың жанын естіп үйрену» дейді кейіпкеріміз. Сырымен бөліскен әрбір бүлдіршіннің оған деген сенімі он төрт жыл бойы атқарған еңбектің шынайы бағасы еді. Мұндай сәттерде Талғат тек қызметін атқарып қана қоймай, талай жаралы жүрекке жұбаныш бола алғанын сезінген. Айтуынша, үлкен өмірге қадам басқан тәрбиеленушілермен арасындағы жылулық пен шынайы байланыс бүгінге дейін сақталып келеді.

Кәсіпке шынайылықпен қарау – нағыз адамдық

Қоғамда әртүрлі мамандық бар. Бірі көпшілік алдында жарқырап көрінсе, бірі тасада жүріп, үнсіз еңбек етеді. Көлік жүргізушісі туралы көп айтылмайтыны рас. Бірақ дәл осы көрінбейтін еңбек иелерінің маңызы зор екенін естен шығармайық. Талғат жастарға бір ғана кеңес береді: «Қай жұмысты атқарсаң да, оған шын көңілмен, махаббатпен кіріс. Сонда ол саған абырой болып қайтады». Бұл – көп сөйлемейтін, бірақ жасаған ісімен үлкен тәрбие беріп жүрген азаматтың сөзі.

3 тамыз – Көлік жүргізушілер күні қарсаңында дәл осындай жандардың еңбегіне бас иіп, алғыс айту парызымыз. Өйткені олар тек көлік басқарып қана қоймай, жолдағы жауапкершілікті мойынына алып, балаларға әкелік мейірім танытып, қоғамда көрінбейтін тіреу болып жүрген маман иелері.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!