Жастардың талғамы бөлек. Әсіресе, жаздың күндері жеңіл киімге қазақы нақышта немесе өзге үлгіде болсын, ою-өрнек салдырып жатады. Тіпті, соңғы уақытта жейдесінің алдына атын не руын жаздыратындар жетерлік. Күнқағар бас киіміне де солай. Патриоттық сөздерді де оқып қаласыз мұндайда.

Біз бұны сөге жамандамаймыз. Еркін қоғамда олар қалай, қандай үлгіде киінеді, өз еркінде. Бастысы, ашық-шашықтан аулақ жүргенін мақұл көреміз ғой.
Айтпағымыз ол емес. Арал ауданының тұрғыны Дастанға осы тектес тапсырыстар жиі түседі. Бірақ, киімге емес. Ол көп уақыттан бері өз шеберханасында көлік ішіндегі орындық тысын жаңартып, қажетті төсеніштерді дайындап жүр. Жоспарын нақты құрған ол мемлекеттік бағдарламаға сүйеніп, жобасын қорғапты. Осылайша талапты жігіттің айы оңынан туып, қайтарымсыз 555 мың теңге грант ұтқан.
– Бұл кәсіпті өз бетімше үйрендім. Жақын інім бар. Ол көне жиһаздарды, яғни диван мен орындықтарды қайта жаңартатын. Соның қасында жүріп, қызығушылығым оянды. 2019 жылы үй ішінен авто тігін цехын ашып, көліктің ескірген салоны мен орындықтарын әдемі мата немесе былғарымен қаптап тігуді бастадық. Қазір екінің бірі көлік тізгіндеген. Тіпті бір үйде екі шетелдік маркадағы жеңіл машина бар екенін өзіңіз де білесіз. Бұл үрдіс баратын автожолы жап-жақсы ауылдарға да жетті. Ең алғашқы өнімді таңғы сағат алтыға дейін қиындықпен тіккенім есімде. Кейін қолымыз әбден дағдыланды. Қазір көлік айдаушылардың сұранысы ерекше. Бірі атын жаздырып, келесісі ұлттық ою-өрнек таңбаланғанын қалайды. Бәрінің көңілін тауып, сапа жағына ерекше мән беріп, жұмыс істеудеміз, – дейді Дастан Бисенов.
Оның еңбекқорлығы мұнымен тоқтамаған. Сүйікті кәсібін кеңейтіп, автомобильдерге химиялық тазалау да жүргізеді. Осылайша көлік ішін көркемдеп, табыс тауып жүр. Әзірге бұл жігітке аудан бойынша бәсекелес жоқ. Содан болар, кірісі де жаман емес. Өзімен қоса бес тұрғынды жұмыспен қамтыған.
– Грант қаржысы кәсіп бастауыма көп көмегін берді. Екі арнайы тігін құралын алдырдым. Тапсырыс жетерлік. Адам баласының жауы – жалқаулық. Бір кездері әртүрлі жұмыс істеп, біршама істің басын шалдық. Ең соңында сүйікті ісіме оралдым. Осы шаруамды әлі де жандандыра бермекпін. Жақын арада жеке ғимарат алып, бұдан бөлек, көлік сыртын бояу, әрлеу жұмыстарын да бастамақпын, – дейді аралдық кәсіпкер жігіт.
«Кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама өзін осы салаға арнағандарға көп көмек. Әрі бәсекелестікті де күшейтеді, ізденісіңді арттырады». Шағын бизнеспен шаруасын дөңгелеткен Дастан осылай дейді. Ал біздің ойымызша, кәсіпкерлігі дамыған елде жұмыспен қамтылатын халық саны артады. Жұмыс көзі табылып тұрса, ел жағдайы жақсы болары тіпті анық емес пе?
Айта кетсек, Арал­дағы бюджет кірісінің бірден-бір көзі – кәсіпкерлік. Бір ғана мысал, бүгінде Арал ауданында 6062 шағын және орта кәсіпкерлік жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері мемлекеттік бағдарламалар мен қаржы институттары арқылы 398,5 млн теңгеге 49 жоба несиелендірілген. Бұдан бөлек, 449 млн теңгеден астам қаражатқа 48 жоба іске аспақ. Ал «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасымен 1 млн 380 мың теңге қайтарымсыз гранты 30 адамға берілген.

Ержан ҚОЖАС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!