Соңғы жылдары елімізге шетелдерден келетін көліктердің саны едәуір артқан.  Былтыр елімізге 744,6 млн долларға 33,9 мың жеңіл автокөлік импортталған. Әкелінген автокөліктер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,3%, бағасы 20,2% өскен. Сырттан келген көліктердің басым бөлігі Ресей, Армения және Грузияға тиесілі. Дегенмен бүгінде еліміздегі көліктердің тозығы жетсе де, шекарадан жылы жаңа көліктерді кіргізу қиынға соғуда. Мұны Auto-rai көлік қызметінің өкілі Айдос Жүнісов мәлімдеді.

– Айдос, Auto-rai көлік қызме­ті тапсырыспен елге жаңа тұл­парларды тасымалдайтыны бел­гілі. Бүгінде қай елден көлік та­сы­малдап жатырсыздар?

– Елімізге Армения, Грузия, Ре­сей, Қырғызстан секілді 3-4 елден ғана көліктер тасымалданып жа­тыр. Қазір Грузиядан Қазақстанға жылы жаңа, тартымды дизайнмен toyota-ның соңғы үлгілерін әкеліп жүрміз. Өйткені toyota-ға сұра­ныс өте көп. Армения мен Ресей­ден де бір кездері алып келдік. Бірақ бір кедергісі, аталған екі мем­лекеттің автокөліктерін заң аясында қазақ­стандық нөмірлерге рә­сімдей ал­май­мыз.

– Бірнеше мемлекетте болға­ны­ңызды білеміз. Қазақстан кө­­лік сатудан әлемдегі қымбат елдер қатарына жататыны қан­ша­лықты рас?

– Оныңыз рас. Еліміз көлік баға­сы бойынша алдыңғы қатарда. Бірнеше мемлекетте болдық. Бір ғана мысал, Грузияда көлік ба­ғасы Қазақстанға қарағанда 50 тіпті 70 пайызға арзан. Қалтаға қонымды болған соң, ол жақтағы халықтың дені жаңа көліктерді тіз­гіндейді. Еліміздегідей тозығы жет­кен автокөліктер Грузияда  жоқ­тың қасы. Біздің елде не се­беп­ті тұлпардың бағасы қым­бат екенін түсіндіріп кетейін. Мы­салы, ша­ма­мен келтірейін. Kia Morning маркалы көліктің 2018 жылғы, бар-жоғы 11000 ша­қы­рым «шапқан» шағын тұлпарды 5000$ алдық (біздің бағамен 2 110 000 тг), жөнелту құны 1700$ (717 000 теңге), жиыны Алма­тыға 8500$ (3 587 000 тг) келіп тоқ­тайды. Қызықтың бәрі елге кел­ген соң басталады. Майда-шүйде шығындары есте қал­май­ды, бастыларына тоқта­лайын. Кел­ген бойда 710 000 тг кедендік алым үшін брокерге бе­ре­міз, ол көлікті рәсімдеп береді. Euro 5 стан­дартына сәйкес ке­ле­тінін дә­лел­дейтін сәйкестік сер­ти­фи­катын алу қажет. Оған жаңы­лыс­пасам, 200 000 тг шығындалу қа­жет. Енді автоцонға барып, нө­­мір алу үшін «утильсбор» тө­леу керек. Қозғалтқыш көлемі 1 литрден аспайтын жап-жаңа кө­лі­­гім үшін 438 000 тг «утили­за­ция­лық алым» төлеуге мәжбүр болдым. Одан кейін көлік тіркеу­ге кірісу қажет. Жаңа көлікке қосым­ша 71000 теңге төлеп, нөмір мен техпаспортқа мемлекеттік алым (12000 тг) тағы төлейсіз. Сон­да 2 110 000 теңгеге келген кіш­кентай көлікті Қазақстанда рәсім­деу үшін тағы қосымша 1 477 000 тг төлейсіз. Оның 797 000 тең­гесі кеден, қаржы министрлігі се­кілді мемлекеттік органдарға төлен­ген қаражат болса, қалған 680 000 теңгесі мемлекет қолдан лобби жасап отырған жеке компания­лардың есебіне кететін қаражат. Қарапайым тілмен айтатын бол­сақ, елімізге кіргізу үшін құжат рә­сім­деуге бір көліктің бағасы кетеді.

– Утилизациялық алымның өзге елдердегі бағасы қандай? Жалпы біздің елде бұл жинақ­тың белгіленген сомасы бар ма?

– Көлік сатумен айналысқандық­тан, көбіне Еуропадағы мемлекет­тердің жүйесін қараймын. Мысалы, Нидерландыда – 45 еуро (22 680 теңге), Жапонияда – 100-200 дол­лар ( 42 200- 84 400 теңге аралығы), Ұлыбританияда – 80 еуро ( 40 320 теңге), Германияда – 100 еуро ( 50 400 теңге). Біздің елде 400 000 – 5 500 000 теңге дейін барады. Көліктің кубы көбейген сайын тө­ленетін жарнасы да соған сай ұл­ғая береді.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!