Сурет ЖИ арқылы жасалған

«Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген сөздің қадірін түсінген халықпыз ғой. «Алыстағы ағайыннан, жақындағы көршің артық» демекші, басыңа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі,  жәрдем беруге жүгіретін, қайғы мен қуанышыңды бірінші болып бөлісетін жанашыр – көршің. Бірақ соңғы уақытта осы бір «көрші» деген қауыммен араласу азайып барады. Қатар тұрған екі үйдің бір-біріне бас сұғуы қиындады. Бұрын түскі асқа наны табылмаса табасының жартысын бөліп беретін жұрт неге мұндай күйге түсті? Қойы қоралас, ағайыны аралас дәуірдің жәймен жылыстап жатқаны ма? Жағдай сұрасқанға уақыт жетпей ме, әлде пейіл тапшы ма?

Тақырып туралы қалам тербегенде ең бірінші үш ғасыр бұрын Мөңке бидің айтқан сөзі ойға оралды. «Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді». Қалай, ә? Бүгінгі жағдайға қарап бидің тура бізге қаратып айтқанына таң қаласың. Көршілер арасындағы сыйластық, татулық, ізеттілік қалада азайды деп жүргенбіз… Қазір бұл жағдай ауылға да жетті. Түбегейлі солай болып кетті демеспіз. Бірақ барды бар деуіміз қажет.

 Нарық заманына ілесеміз деп ұлттық құндылықтарымыздан айырылып бара жатырмыз ба? Адам пейілі өзгерді ме, әлде қоғамның талабы өзгерді ме, білмеймін, әйтеуір іргелес отырған отбасының тұрмысы мен тіршілігіне араласу былай тұрсын, аман-саулығын білу де салтымыздан ажырап бара жатқандай.

Меніңше, заман да, қоғам да өз орнында. Күнкөріс қамы деп жүріп, көрші-қолаңмен қатынаспай, жақынымызды жат еткен өзімізден кінә бар секілді. Қоңсы тұрып, ыдыс- аяқ, құрал-сайман, керек-жарақ ауыспайтын, балалары бірге ойнамайтын жағдайлар бар. Бұл бай мен кедей, мансап пен беделдің тартысына ұқсайды. Келісесіз бе?

Ұлтымызда «Жақсы көрші –төрің, жаман көрші – көрің», «Жақсы болсаң көршіңмен, кем болмайсың еңшіңнен», «Отты шұқысаң – өшіресің, көршіні шұқысаң – көшіресің» деген мақал мәйегі көршінің қадір-қасиетін аңғартады. Рухани құндылығымызға терең бойласақ, көршінің ақысын жемеу, қадірін білу, сыйлап-құрметтеудің тамаша үлгісін байқайсыз. Шындығында басыңа қиындық келгенде ең алдымен көмекке құдайы көршің келетіні рас. Қолтығыңнан демеп, қуаныш-қайғыңды тең бөлісетін жандарды періште демей көріңіз. Мұны Жаратқан Ием қасиетті хадисінде ақ қанатты періштеге балап, жәрдемші ретінде жібергенін айтады. Әрі арғы өмірде «Бұл кісі қандай болып еді?» деп көршіңнен жауап сұралады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің арқалық бөренесін қоюына тыйым салмасын», – деп үкім етіпті. Ал қазір жарты метр жер үшін көршімен дауласып, қадір-қасиетін кетіріп жүрген жандар қаншама десеңізші?!

Көршінің қиямет күнде сұралатын ақысын түсінген жандар көршінің разылығын алуға бекінген. Көпке тәлім болсын деп, болған бір оқиғамен бөлісейін. Бір ауылда Күлайхан деген үлкен апа болды. Балалары қызметпен қалаға көшіп, қарашаңырақта бір өзі қалды. Өле-өлгенше отын өшірмей, ауылда тұрды. Осы апаға көршісі Бағлан деген жас жігіт қарайласып, отын-суын қамдап тұрды. Апа өмірден озған соң «Осы кейуанаға неге сонша қарайластың, балаларынан артық қарадың ғой. Сыры неде?» деп сұрадым. Ол: «Бұл кісі анаммен сырлас еді. Бір-бірінің балаларын бағып, емізіп, адалынан ас жегізді. Анам өмірден озарында осы апаны аманаттады. Менің перзенттік парызым ол апаның бізге жасаған жақсылықтарының қасында түк емес» деді көргенді жас жігіт.

Бес күн жалғанға кім келіп, кім кетпеді десеңізші? Ғибратты ғұмыр кешудің үлгісін көрсетіп,

ұрпаққа тәлім-тәрбие беру өзіміздің құзырымызда. Жақын адамдарымыз бен басымызға іс түскенде ғана емес, қадірімізді арттырып, барымызды бағалау үшін көрісіп тұрған абзал. Әйтпесе, «Жаман көрші көңіліңді қалдырады, жақсы көрші жұлдызыңды жандырады» деген емес пе?

Расында бірлік-ынтымаққа құрылған қарапайым қалыптан танбай, қанға сінген бұрынғы дәстүрімізден ажырамағанға не жетсін?! «Көршіні адам таңдамайды, құдай қосады» дейді. Көрші-қолаңды туысынан да жақын қабылдайтын текті халықтың ұрпағы екенімізді абзал іспен, ізгі амалмен дәлелдеуді ұмыт қалдырмасақ игі.

Құрметті оқырман, айтыңызшы, сіз, көршіңізбен қалайсыз?

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!