ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин Президенттің конституциялық реформаға қатысты республикалық референдум өткізу туралы бастамасының маңызды тұстарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиянда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулер жобасын республикалық референдумға шығаруды ұсынды.
Соңғы рет референдум механизмі 1995 жылы қазіргі Конституцияны қабылдаған кезде қолданылған еді. Конституцияға енгізілген алдыңғы төрт түзетудің бәрі Парламентте дауысқа салу арқылы өткенін айту керек.
Бұл жолғы конституциялық реформа алғаш рет халықтың тікелей дауыс беруі арқылы өткелі отыр. Яғни, жалпыұлттық сипаты бар», – деп жазды ол Telegram каналында.
Ерлан Қариннің пайымынша, алда өтетін конституциялық реформа билік тармақтарының арасындағы қарым-қатынас теңгерімін оңтайландырып, халықтың елді басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
Сол арқылы азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын күшейтеді.
«Бұл мемлекеттік модельді жүйелі трансформациялайды. Сондықтан референдум ескі модельден біржола кетіп, саяси жүйені қайта жүктеу үшін қажет», – деп жазды Мемлекеттік хатшы.
Бұған дейін Ерлан Қарин елдегі конституциялық реформаның 5 негізгі бағытын атаған болатын.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!