Меніңше, мәңгілік ел дегеніміз – өзінің ұлттық қадір-қасиеті сақталған, рәміздеріне халқы тік тұрып құрмет көрсететін, азаматтардың барлық мәселесі заң аясында шешілетін, адамдар сол елде арманына жететініне шынайы сенетін мемлекет. Мен осы тұрғыда Қазақстанымды – Қазақ елімді көбірек ойлаймын.
Бұл елді бізге дейін, яғни мектепті күні кеше бітіріп, жаңа өмірге талпынған, жоғары оқу орнына түссем деген арманы бар бүгінгі буынның болашағы үшін аз тер төгілген жоқ. Енді батыр ата Бауыржан Момышұлы айтқанындай, «ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып, бірігіп, ел үшін қызмет ететін» алдыңғы буын аға толқынның сындарлы ісін жаңа толқын – жас буын жалғастыруға шын жүректен ықыласты болу керек. Сонда ғана ел болып, еңсе тіктеген тарих көшінде жүзіміз жарқын болары даусыз.
Осы бүгінгі басымызға бақ болып қонған Тәуелсіздік деген, өз алдымызға ел болу деген аяулы ұғымды аялай сөз етіп, тарих толқынында батыр бабаларымыз, ұлт зиялыларымыз, алаштың арда қайраткер ұлдары өтті өмірден. Біз, жастар, осыны ешқашан естен шығармауымыз керек. Біздің арман-тілегіміз, мақсаттарымыз ел мүддесімен астасып жату керек. Ел ішіндегі адамдарға қалай жанымыз ашыса, сырттағы қазақтардың да қамын солай ойлау керек. Қазақ деген мемлекеттің қуатын жүрегі ел деп соққан әрбір адам сезінуге тиіс. Сонда ғана біздің мәңгілік ел деген ұғымымыз шын мәнінде өміршең болады. Мәңгілікке ұмтылған, ғасырлармен бірге жасауды өмірлік бағдар еткен ел мұратына сәуле түсіре алатынымызға сенемін.
Аида НӘРЗІЛДӘ,
Қызылорда қаласы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!