Аздығы мектеп оқушыларының тәрбиесіне әсерін тигізеді ме деп аландаушылық танытатынымыз шындық. Неге ер жігіт мұғалім болғысы келмейді?
Бұл ретте ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» деген сөзі ойға оралады. Себебі ұл бала үшін әкенің орны қандай болса, ер мұғалімдердің де маңызы сондай. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тәмсілге сүйенген қазақ ұл баланың әкеге, қыз баланың анаға қарап бой түзегенін құп көреді. Үйде әкеге қарап өскен бала мектепте ер адамнан тәлім алса құба-құп емес пе?! Бірақ бұл тілек әзірге орындалмай тұр. Ал ер мұғалімдердің аздығынан бүгінгі қоғамда «қыз мінезді» жігіттер көбейіп бара жатқан тәрізді.
Әке тәрбиесін көрген жігіттердің бойында қайсарлық бірден байқалады. Ал анасының ғана тәрбиесінде болған баладан сенімсіздік, тәуекелге бара қоймайтын қасиеттерді аңғаруға болады. Осыдан мектептерде ер мұғалімдер көп болғанын қалайсың. Статистикаға көз жүгіртсек, елдегі мектептердегі ер мұғалімдердің саны 20 пайызға жетер-жетпес қана. Олардың өзі дене шынықтыру мен алғашқы әскери дайындық сабақтары мен еңбек пәндерінен ғана дәріс береді екен. Мұның өзі күніне бекітілген 40 минуттан әріге аспайды.
Қай ер-азамат күні-түні қағаз толтырып, жоспар құрып отырғанды қалайды дейсіз? Тепсе темір үзуге шамасы жететін жігіттер қағазға шұқшиып отырғаннан түзде ауыр жұмыс істегенді құп көреді. Бұл үшін азаматтарды айыптауға қақымыз жоқ. Одан бөлек мұғалімдерге жүктелген қоғамдық жұмыстар да жетіп-артылады. Мәселен, сенбілік те, мерекелік концерт те, сайлау да, ресми шаралар да мұғалімдердің қатысуынсыз өтпейді. Мұндай кезде кешегі Қабанбай мен Бөгенбайдың ұрпақтары – қазақ азаматтарының жұмсағанға жүгіріп жүре бермейтіні тағы да ақиқат.
Бүгінде мұғалімдердің жалақысы ай сайын көбеюде. Десе де жүктемесі көп мамандыққа қызығушылар қатарында жігіт аз. Мамандық ауыстырғалы жатырмын дегенді естуін естиміз ғой, алайда сол дене шынықтыру пәнінен арыға аспайды. Физика, математика, химия, биология, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ер мұғалімдер жоқтың қасы. Оған оқырмандарымыз мынадай ой қосып, пікір бөлісті.
Алмат Бекберген, студент:
– Мұғалімдердің жалақысы көтерілді деген ақпараттарды жиі оқып жүрмін. Сондықтан да жалақысы көп жұмысқа баруды дұрыс деп санадым. Құжаттарды өткізіп оқуға түстім, дегенмен де дене шынықтыру мамандығын тандадым. Жігіт болған соң жанымызға жақыны сол болды. Спортпен айналысып, футболдан жарыстарға қатысып жүрмін ғой. Болашақта оқытушы боламын деп дайындалып, спортқа қатысты тың дүниелерден хабардар болып, өзімді жаттықтырып келемін. Мақсат – оқушыларымды жарыстарға көп қатыстыру, олардың болашақта өз-өзін қорғауына септігімді тигізу.
Иә, жігіттердің тұлға болып қалыптасуына, өз-өзін қорғауды үйретуге алдымен әке содан соң мұғалімнің берері көп. Мұны ескерген ата-ана ер мұғалімдерді іздеп жүріп табыстайды. Оларға баланың бүгінімен қоса болашағы да маңызды. Сондай-ақ мектептерде белең алатын ұрыс-төбелестің алдын алу үшін де таптырмас құрал. Мектептердегі бұзақылықтың алдын алу үшін жасалған жұмыстардың аздық ететіні анық. Бұған күні кеше сол жағалаудағы көпірден секірген 8-ші сынып оқушысының іс-әрекеті дәлел.
Айнаш Әли, ата-ана:
– Мектеп баламызға білім беріп қана қоймай, оны үлкен өмірге дайындайды. Болашақта бір саланың білікті маманы болуға бағыт-бағдар береді. Тәрбиесін қадағалайды, ешкіммен ерегіспеуін, бұзақылыққа ұрлыққа бармауын тікелей бақылайды. Біз мұғалімдерге баламыздың сабағын ғана емес, тәрбиесін де табыстай салдық. Азаннан-кешке дейін жұмыста болатын ата-ананың балаға қарауға уақытының жетпесі анық. Өзім бастапқыда баламды ер мұғалімнің тәрбиесіне бергім келді. Іздеп жүріп таппадым. Мұғалімдердің аз екенін бұрыннан білетінмін. Жақында оған көзім анық жетті. Мектеп үшін ер мұғалімдер мен психологтар қажетті кадр.
Ер мұғалімдердің жетіспеуі 60-70-ші жылдары Түркия мемлекетінде де байқалған екен. Түріктің қоғам белсенділері «ер ұстаздың аздығынан ер балаларымыз ұсақталып кеті. Жібектей сызылып, қыз мінездес болып барады. Ал қыздарымыз еркекшоралыққа бой алдырды. Намыссыздық, сөзге тұрмау, екі сөйлеу, сатқындық кең етек жайып барады” деп мәселе көтерді. Түркия билігі тарапынан арнайы бағдарлама қабылданып, ерлерді мектепке тарту мәселесі алдыңғы кезекке қойылды. Мектеп ұстаздарының тең жартысы ер мұғалімдерден жасақталып, екі-үш жыл ішінде теңсіздікті реттеген екен. Мұны мамандар білмей отырған жоқ. Психологтар “бұл беталысымыз ұлтымыздың ертеңі үшін қауіпті» деп айтқалы біраз уақыттың жүзі болды.
Ержеңіс Әбдиев, №3 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– Ер мұғалімнің аздығының себебі, бұған дейінгі мұғалімнің мәртебесінің төмен болуы. Айлығының аздығы. Бұдан екі жыл бұрынғыны есептесек, мұғалімнің айлығы орташа жалақыдан әлдеқайда төмен болды. Сондықтан да ер азаматтар отбасының асыраушысы ретінде айлығы жоғары қызметтерге орналасуға тырысты. Көбісі мектеп бітірген соң осы мамандыққа қол созады. Өйткені жалақы аз болады деп есептеді. Мұғалімдікті оқып алған соң бір-екі жыл мектепте жұмыс істеп, отбасын асырау керек, қарыздарын жабу керек деген мақсатпен қара жұмысқа жегіліп, базар жағалап, құрылысқа кетіп қалғаны бар. Олар табысы аз болғандықтан кетті. Осы көрсеткіш жыл сайын жалғасып отырғандықтан осы кезге дейінгі әйел мұғалімдердің көбейіп, ер мұғалімдердің азаюына алып келді. Соңғы жылды есептесек, қазір мектепке ер мұғалімдердің аз процентпен болса да пайыздық үлесі көбейіп келеді. Дегенмен жалақының жылдан-жылға еселеніп көбеюі бәрі бір де ер азаматтардың мектепке оралуына бірден-бір тиімді тәсіл. Бізде мектеп бітіргені тұрған 11 сынып оқушыларының мұғалім болуына ықпал жасап жатырмыз. Басты критерий жалақының жоғары болатындығын сенімді түрде мұғалімдер айтып, ата-аналар ескереді. Балаларда мұғалім болуға талпынады. Қазір мектеп бітіруші түлектеріміздің ішінде ер балалар баршылық. Бұл 4-5 жылда мектепке жаңа толқын көптеп келуіне септігін тигізеді деп айта аламын.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!